06
Дүйсенбі,
Мамыр

һижри

Рамазанда Құранға деген құлшынысымызды қалай арттырамыз?

Рамазанда Құранға деген құлшынысымызды қалай арттырамыз?

Ораза

Алла Тағала жүрегімізге иман бергеннен кейін, тура жолына салғаннан кейін біз үшін ең қатты қуанатын жалпы екі нәрсе бар.

Біріншісі – Алла Тағаланың бізді тура жолға салғаны. Міне, бұған жететін қуаныш жоқ. Егер қандай да бір дүниәуи нәрселермен Алла Тағала сізді сынап жатқан болса, ол нәрселер көңіліңізді түсірмесін. Өйткені ол Алла Тағаланың сынағы. Алла Тағаланың сізді тура жолға салуы – ең керемет қуаныш. Екінші қуаныш Алла Тағала «Жүніс» сүресінің 57-аятында: «Әй адамдар! Сендерге Раббыларың тарапынан бір үгіт, жүректегілерге бір шипа, сенушілер үшін тура жол және рахмет (түрінде Құран) келді», – деп сүйіншіленеді. Құранды көкіректегі нәрселерді емдейтін шипа екенін айтып тұр. Мысалы, біреуіміздің көкірегімізде күмәндар бар еді, Құран оқуымыз арқылы күмәндар жойылады. Ал біреуіміздің жүрегімізде уайымдар бар еді, осы Құранды оқыған кезімізде уайымдар сейіледі. Біреуіміздің жүрегімізде мұң бар еді, Алла Тағаланың осы қасиетті Құранын оқуымыз арқылы жүректегі мұң тарқады, онын орнына тыныштық келді.

Жалпы, осы қасиетті айда Құранға деген құлшынысымыз артуы үшін, Құранмен байланысымыз нығаюы үшін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бірнеше хадистеріне тоқталайық. Абдулла ибн Әмрудан (Алла разы болсын) жеткен хадисінде Алла елшісі (с.ғ.с): «Ораза мен Құран қиямет күні құлға шапағат етеді», – деп айтқан. Сол күні ораза былай деп айтады: «Раббым, мен оны күндіз тағамынан және құмарлықтарынан тыйған едім, сол үшін бұл құлыңа шапағат қылуыма рұқсат етші!» Сондай-ақ Құран да: «Мен оны түнде ұйқысынан тыйған едім, оған шапағат етуіме рұқсат етші!» – деп айтады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Екеуіне шапағат етуіне рұқсат етіледі де, шапағаттары қабыл болады», – деген.

Осы айда ораза мен Құран арасында тығыз байланыс тұр. Күндізіміз ораза болса, қияметте шапағат қылады екен. Ал түннің бір бөлігін Құранға арнаған болсақ, Құран да біз үшін шапағат қылады екен. Айша анамыздан (Алла разы болсын) жеткен риуаятта Алла елшісі (с.ғ.с) былай дейді: «Жердің тұрғындарына аспандағы жұлдыздар қалай жарқырап, жылтырап көрінген болса, дәл сол секілді аспанның тұрғындарына да жердің бетінде, ішінде Құран оқылып жатқан үй де солай жұлдыздар секілді жарқырап көрінеді», – дейді. Егер біз өзіміздің үйімізді періштелерге қарай жарқыраған бір жұлдыз сияқты көрінуін қаласақ, онда бұл нәрсені Құран оқу арқылы іске асырсақ болады екен. Рамазан айында Құранды толық хатым қылып оқуды жоспарлау керекпіз. Бұрынғы салиқалы құлдардың айтуы бойынша: «Жалпы, осындай Құран толық оқылғаннан кейін, хатым қылғаннан кейін қандай нәрсесін Раббысынан сұраса, дұғаларына жауап беріледі», – деген. Осы айдың ішінде біз Құранды басынан аяғына дейін оқуды жоспарлайық. Осы арқылы Алла Тағалаға қасиетті Құран үшін шүкір етейік.

материал «Рамазан – рухани тәрбие мектебі» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: