25
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Рамазан айында мисуак қолданудың абзалдығы

Рамазан айында мисуак қолданудың абзалдығы

Ораза

Қасиетті Рамазан айы басталысымен мұсылмандардың, оның ішінде дінге жаңадан бет бұрған жандарда жиі туындайтын сұрақтардың бірі – ораза уақытында тіс пастасын қолдану. Оразаның негізгі шарттарының бірі, таң атқанна күн ұясына қонғанға дейін ас пен судан тыйылу, сол арқылы асқазанды түрлі жолдар арқылы ішке енетін нәрселерден бос ұстау болып табылады.

Сол себепті, асқазанға түскен кез келген нәрсе оразаны бұзатындықтан, бұл мәселеде шариғат аса сақтықпен қарайды. Сондықтан нақты оразаны бұзбаса да, бұзу ықтималдылығы жоғары болуы әрі оның дәмі ауыз қуысында ұзақ  сақталу себебінен ислам ғұламалары тіс пастасын қолдануға қатысты «мәкруһ» деген үкім берген. Себебі, Рамазанда себепсіз бір күн оразаның сауабынан қағылу  өте өкінішті жағдай! Өйткені, әрбір жақсы амалға оннан жеті жүз есеге дейін сауап бар болса, оразаның сауабы одан да үлкен әрі таңғажайып. Ол жайында мәшһүр құдси хадисте Алла Субхана уа Тағала айтады: «Адамның баласының барлық амалдары өзі үшін, тек оразадан басқа. Ақиқатында, ол Мен үшін, әрі Мен Өзім оның сыйын беремін». (Бухари 10/310, Муслим 1151)

Алла Елшісі (с.ғ.с) біз үшін үлгі боларлық, әрі біз еліктеуге ең лайықты жан. Сол үшін де, пайғамбарымызды тану, Алла Елшісінің (с.ғ.с) өмірбаянын оқып үйрену, Оның атқарған іс-амалдарын жүзеге асыру мен Ол әкелген дінге еруде үлкен әжір-сауаптар мен ізгілікке бастар тамаша өнегелер бар. Егер Алла Елшісінің (с.ғ.с) өміріне көз жүгірсек, Рамазан айында жасаған мына амалына куә боламыз: Аамир ибн Рабиа (Алла оған разы болсын) айтады: «Пайғамбардың (с.ғ.с) ораза бола тұра мисуәк қолданғанын қанша мәрте көргенімді санай алмаспын». (Бухари, 3/31)

Демек, ауыз қуысын жағымсыз иістен сақтау үшін бізге мисуакты қолдануымызға әбден болады екен.

Біріншіден, мисуакпен тіс тазалау оразаны бұзбайды, екіншіден, мисуак қолдану пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннеті. Егер біз бұл амалдың пайғамбардың сүннеті екенін жадымызда ұстап мисуак қолданар болсақ, онда біз үшін зор сауаптар бар. Әрі имам Суюти келтірген хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с) айтады: «Мисуак қолданыңдар, өйткені мисуак ауыз тазалығы мен Жаратушының разылығына себеп болады.» (әл-Жәмиғус-сағир, 4832)

Келесі хадисте, Алла Елшісі (с.ғ.с) мисуак қолдану Адам атадан (ғалайһис-сәләм) бастап бүкіл пайғамбарлардың сүннеті болғанын айтады: «Төрт нәрсе пайғамбарлардың сүннетінен: қарапайымдылық, әтір себіну, үйлену және мисуак қолдану». (Тирмизи, Неке,1) Ал, мына хадистен мисуак қолданудың маңыздылығы қаншалықты екенін ұғынуға болады: «Үмбетііме ауыр болады-ау деп қорықпағанымда, оларға әр намаздан бұрын тістерін мисуакпен тазалауды бұйыратын едім.» (Бухари, Жұма,8)

Егер мисуак қолдануда игілік болмағанында, Алла Елшісі (с.ғ.с) бұған осыншалықты мән бермес еді. Алайда, үмметінің хәліне өзінен бетер алаңдайтын пайғамбарымыз (с.ғ.с) жанашырлығы себепті оны біздің мойнымыздан түсірді. Төмендегі хадисте, Алла Елшісі (с.ғ.с) мисуак қолданып, кейін оқылған намаздың артықшылығы жайлы баяндайды: «Мисуак қолданып кейін оқыған намаз, мисуак қолданбай оқылған намаздан жетпіс есе артық.» Бұл хадисті  Жәбир, Абдулла ибн Аббас, Айша анамыздың (радиаллаһу әнһум) жеткізгендігі Әбу Нуаимнің «Китабус-сиуак» еңбегінде келеді. Имам Мунзири және имам Хайсами (рахимахумуллаһ) бұл риуаяттардың дәрежесін «жақсы» деп бағалаған. (Тарғиб, 1/167-168)

Сондай-ақ, Хафиз ибн Хажар Әсқалани (рахимахуллаһ) өзінің «Мунаббиһат» кітабында мисуак қолданудың он түрлі пайдасы жайлы айтылған хадисті келтіреді: «Сендер мисуакты қолданыңдар, онда он түрлі пайда бар: ауызды тазартады; Раббыны разы етеді; шайтанды ашуландырады; Рахман мен қорғаушы періштелер жақсы көреді; қызыл иекті қатайтады; сілекейді тоқтатады; ауыздың иісін жақсартады; запыранды сөндіреді, көздің көруін жақсртады, ауыздың сасық иісін кетіреді және бұл – менің сүннетімнен». Бұл хадистерден мисуак қолданудың қаншалықты абзал екенін, сондай-ақ, медицина саласында жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде мисуактың жиырмаға жуық денсаулыққа пайдалы тұсы анықталғанын ескерсек, біз үшін Алла Елшісінің (с.ғ.с) бұл сүннетінде қаншама жақсылық барына куә боламыз. Қорытындылай келгенде, «тіс пастасын қолдансам оразам бұзыла ма бұзылмай ма» деп күмәнға ілінген бауырларға мисуак қолдануға кеңес береміз. Бұл денсаулыққа пайдалылық тұрғысынан да, сауап жағынан да ең керемет ұсыныс болады.

материал «Ораза энциклопедиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: