Пайғамбарымыз (с.а.у) құрбан шалатын кезде екі қошқар сатып алатын. Оның біреуін өзінің және отбасының атынан шалса, екіншісін үмметінің атынан шалатын болған[1].
Осы және өзге аяттардың астарына қарай Ханафи мәзхабы ғұламалары, кісі оқыған намазының, ұстаған оразасының, берген садақасының, жасаған зікірінің т.б. сауабын өзгеге (өліге де, тіріге де) бағыштай алады[2] деген тұжырымға барған.
Ендеше, ұстаған оразаңыздың сауабын анаңызға да тие берсін деп ниет етсеңіз (тілмен айту шарт емес), Алланың қалауымен сауабы анаңызға да жазылар деген үміттеміз.
Бірақ, сауапқа ортақ етуіңіз - анаңыздың мойнындағы ораза ұстау парызын түсірмейді. Сондықтан егер анаңыз сау-саламатты болса (Алла аналарымызды сау-саламатты етсін), ол кісі өзіне парыз болған Рамазан оразасын ұстауы тиіс.
Осы орайда мына хадисті келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз, Даруқутнидің хадистер жинағында келтірілген риуаятта, бір кісі Пайғамбарымызға келіп: «Уа Алла елшісі! Менің ата-анамның көзі тірісінде оларға жақсылығымды аяған емеспін. Олар о дүниелік болған жағдайда, қалай пайдамды тигізсем болады, ол екеуіне?», - деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.а.у) былай деп жауап берді: «Ол кездегі оларға жасаған жақсылығың – өзіңмен қоса оларға да (сауабын) арнап намаз оқуың, өзіңмен қоса оларға да (сауабын) арнап ораза ұстауың»[3].
[1] Ибн Мәжә: әл-Әдзахи - №3122 хадис.
[2] Бахрур Раих: әл-Хаж ъанил ғайр – 3/105 бет.; Хидая: әл-Хадж ъанил ғайр; Хашияту Ибн Ъабидин: әл-Хадж ъанил ғайр – 4/10 бет.
[3] Нилуь Әутар: Бәбу Усули Сәуәби...
материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,
ummet.kz