Ғұламалар тарауық намазында әр үш түн сайын Құран хатым ететін. Кейбіреулері жетісіне бір рет, ал кейбірі он күнде бір Құранды толығымен тәмамдап отырған.
Ораза кезінде Құранды хатым ету мәселесіне келер болсақ, Расулулла (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Ораза мен Құран Қиямет күні пендеге шапағат етеді. Ораза: «Уа, Раббым! Мен оны күндіз ішіп-жеуден тыйдым. Менің шапағатымды қабыл ет», - десе, Құран: «Уа, Раббым! Мен оны түнде ұйқысынан айырдым. Менің шапағатымды қабыл ет», - дейді. Кейін олардың шапағаты қабыл етіледі»,-деген.
Осы айтылғанға сай Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) бен сахабалардың (родиял-лаһу ғанһум) түні бойы көз ілмей Құран оқып, таң атыратын әдеттері болған («Фадаил-аъмәл»).
Осы жерде Құран хатымы жайында айтсақ орынды болады. Құранды бастан-аяқ оқып шығуды «хатым» деп айтады. Хазреті Осман (родиял лаһу ғанһу) «кейде үтір уәжіп намаздың бір рәкәғатында Құранды хатым ететін» деген сөз бар. Сол тәрізді Абдуллаһ ибн Зубайр да (родиял лаһу ғанһу) Құранды бір түнде хатым ететін. Саъид ибн Жүбәйр (родиял лаһу ғанһу) Қағбаның ішінде оқыған екі рәкәғат намазында Құранды хатым еткен болатын. Сәбит Бунәни және Әбу Харра (рохматул лаһи ғаләйһума) бір түн, бір күнде Құранды хатым ететін («Фадаил-аъмәл»).
Әбу Шейх Һунай (рохматул лаһи ғаләйһи) айтады: «Мен бір түні Құранды екі рет хатым еттім. Үшіншісінде Құранның он парасын оқыдым. Егер қаласам үшінші рет хатым етер едім»,-деген («Фадаил-аъмәл»).
Солих ибн Кәйсан (рохматул лаһи ғаләйһи) қажылық сапарына шығып, жолда көп жағдайда бір түнде Құранды екі рет хатым ететін.
Мансур ибн Зазан (рохматул-лаһи ғаләйһи) зұха намазында тұрып Құранды бір мәрте хатым ететін. Екінші хатымды бесін мен аср намаздарының арасында ететін. Кейін түні бойы нәфіл намаз оқитын. Оның көп жылайтыны соншалық, тіпті, сәлдесінің ұшы суланып кететін («Фадаил-аъмәл»).
Мухаммад ибн Насыр (рохматул лаһи ғаләйһи) «Қиямүл-ләйл» еңбегінде жазғанындай ізгі адамдардың көпшілігі жоғарыда айтылғандай амал ететін («Фадаил-аъмәл»).
Имам Шафиғи (рохматул лаһи ғаләйһи) Рамазан айынан тыс уақытта Құранды күніне бір рет хатым етсе, Рамазан уақытында күніне Құранды екі рет хатым ететін. Әс`уад (рохматул-лаһи ғаләйһи), Солих ибн Кәйсан (рохма тул-лаһи ғаләйһи), Саъид ибн Жүбәйр (рохматул лаһи ғаләйһи) т.б. әдеті осылай еді («Фадаил-аъмәл»).
Рамазаннан тыс уақытта да Құранды күніне екі-үш рет хатым ететіндер де баршылық болатын. Мәселен, Омардың (родиял лаһу ғанһу) халифалық дәуірінде Мысырды иелену жорығына қатысқан әрі Муғауияның халифалық дәуірінде қассастың әмірі етіп тағайындалған атақты табиғиндердің бірі Суләйм ибн Ъатр (рохматул лаһи ғаләйһи) Құранды күніне үш мәрте хатым етуді әдетке айналдырған («Ихия улумид-дин»).
Имам Науауидің (рохматул лаһи ғаләйһи) «Китәбүл-Әзкәр» атты еңбегінде «Құранды хатым ету» бабында тәулігіне Құранды ең көп хатым еткен Ибн Әл-Кәтиб (рохматул лаһи ғаләйһи) жайында жазылған. Оның күніне Құранды сегіз рет хатым ететін әдеті болатын («Китәбүл-Әзкәр»).
Имам Ахмад: «Құран хатым ету санының шектеуі жоқ. Барлығы Құранды оқитын адамның әрекетіне байланысты», - десе, тарихшылар: «Имам Ағзам (рохматул лаһи ғаләйһи) Рамазан айында Құранды алпыс бір мәрте хатым ететін. Бір мәрте күндіз, бір мәрте түнде және бір мәрте Рамазан бойы оқылатын тарауих намазында», - деген («Ихия улумид-дин»).
Имам Әбу Ханифа (рохматул лаһи ғаләйһи): «Жылына екі рет хатым ету – Құранның ақысы», - деген («Фадаил-аъмәл»).
материал «Ораза: әдебі мен міндеттері» кітабынан алынды,
ummet.kz