Қасиетті Рамазан – пендені рухани тазартып, Жаратушыға жақындататын тәрбие мектебі. Шынайы ораза – бүкіл дене мүшелерімен жасалатын, нәпсіні тізгіндеп, рухты азықтандыратын ұлы құлшылық. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ескерткендей, құр аш жүрумен шектелмей, оразамыз кемел әрі қабыл болуы үшін мына маңызды амалға назар аударуымыз қажет.
Дене мүшелерінің оразасы. Бұл оразаның мәні – аяқ-қолымызды және басқа да дене мүшелерімізді харам нәрселерден тыю. Сондай-ақ ауызашар уақытында күмәнді тағамдардан тыйылудың да маңызы аса зор. Ораза уақытында күні бойы рұқсат етілген адал тағамнан тыйылып, ауызашар кезінде күмәнді, харам тағамдарды жеумен оразаның ешқандай мағынасы қалмайды. Бұлай ауыз ашқан жан – бір үй тұрғызамын деп, бүкіл қаланы қиратқан адаммен тең.
Харам тағам дінді бұзатын – «у», ал халал тағамдар – дәрі секілді. Дәріні көп мөлшерде қолдану зиянды, ал мұны реттеуші сөзсіз – ораза.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай деген: «Қаншама ораза ұстаушылар бар, олардың оразасынан алар еш үлесі жоқ, тек аштық пен шөлдеу ғана», – деген. Кейбір ғалымдар бұл хадиске төмендегідей түсіндірме берген: күні бойы ораза ұстап, аузын харам тамақпен ашатындар; халал тамақтан бас тартып, ғайбат айту арқылы харам ет жейтіндер; өздері ораза болса да, дене мүшелерін күнәлі істерден тыймайтын адамдар.
дереккөз: muftyat.kz