26
Бейсенбі,
Ақпан

һижри

«Сабырлықтың жартысы ораза ұстаудан тұрады»

«Сабырлықтың жартысы ораза ұстаудан тұрады»

Ораза

Оразамен аштыққа, шөлге т.б. түрлі ауыртпашылықтарға шыдай алған адам тосын жағдаяттарға тап болғанда сағы сына қоймайды. Ораза қиындықтарға шыдауға әбден шыңдалған, нәпсісіне ие бола алатын, ақиқатты өмірлік ұстаным деп біліп, одан таймайтын сегіз қырлы, бір сырлы әмбебап адамдарды тәрбиелеуде үлкен рөл ойнайды.

Рамазан – әр жылы қайта оралып, мұсылман адамға өз-өзіне жаңадан тәрбие беруге мүмкіндік беретін, мұсылман пенденің сабырлығы бойынша емтихан тапсыратын ай. Оразаға ниет еткен жамағат ала таңнан ақшам уақытына дейін сабырлық жасайды. Ораза болғаны үшін кешке дейін ішіп жемейді. Сондай-ақ, ашу-ызаға  бой алдырмай,  жұмсақтық танытады. Тұла бойын харамнан, тілін жаман сөзден, көзін сұқтанудан сақтайды. Өйткені:

«Сабыр еткендерге Алланың қайтарар сыйы қисапсыз» («Зумар» сүресi, 10-аят).

Бағана бір сөзімізде айтқандай, Пайғамбарымыз ﷺ «Сабырлықтың жартысы ораза ұстаудан тұрады», – деп өсиет қалдырған. Бұл өсиет даналық бұлағындай болған біздің ауыз әдебиетімізде қалай өрілді екен, соған мән берсек.

Асан қайғы бабамыз тағы бір жырында:

...Ашу – дұшпан, артынан

Түсіп кетсең қайтесің

Түбі жоқ терең қуысқа?!» – десе, 

Абай атамыз:

«Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос», – дейді.

Рамазан айында ораза арқылы төзiмдiлiк, шыдамдылық, сабырлылық, жанашырлық, тақуалық секiлдi iзгi қасиеттердi өн бойымызға  жинауға тырысамыз. Рамазан – қайырымдылық, мейрiмдiлiк, ізгі амалдардың еселене жасалатын уағы. Сол арқылы сауабымыз артып, күнәларымыз кешiрiледі.

Алла Тағала жасаған ғибадаттарымыз бен тақуалығымызға орай  жұмақ нығметтерiн сыйға тартады. Бұл жайында хадис шәріпте былай делінеді: «Адамдарды жәннатқа кіргізетін нәрсе – тақуалық пен көркем мінез». Ал, осы шынайы тақуалықты адам баласы Рамазан айында сезінеді. Ал, ондай кісі  жәннатқа лайық. Осы хадисте баяндалғандай, жұмаққа лайықты адамның келесі қасиеті ол – көркем мінез. Көркем мінез нәпсіні тізгіндеуден, тақуалықтан туындайды. Өзін-өзі басқаруы күшті, нәпсісі тәрбиеленген адамның мінез-құлқы да тамаша. Ондай адам сабырлы, мейірімді, жомарт келеді. Басқаға хасат (қызғаныш) қылмайды, күндес болмайды, зұлымдық, жамандық жасамайды. Ораза ұстаған адам нәпсісін басқара білуі, мінез-құлқын көркемдеу және тілін жаман сөздерден тыю арқылы оның бойы күнә-кемшіліктерден тазарып, Алланың рахметі мен мағфиратына бөленіп, жәннатқа лайықты ізгі жанға айналады.

Ораза – ішіп-жеу және шаһуаттан тыйылу арқылы орындалатын құлшылық. Ал, тамақ мен жыныстық сезім адамзатты азғыратын, жолдан тайдыратын нәпсі нөкерлері десек болады. Нәпсі – адамның ішкі жан-дүниесі, рухына азық болатын нәрселерден гөрі тәнге азық болар нәрселерге үгіттейді. Оразаның тағы бір пайдасы осы нәпсінің екі нөкерін тізгіндеуіне септігін тигізеді.

Нәпсісін тізгіндеп, өз-өзін басқара білген адамды тақуа дейді. Пенде оразаның арқасында нәпсісін толықтай ауыздықтап, өзі де Ұлы Жаратушының алдында шынайы мойынсұнған құлға айналмақ. Ораза тұтқан кез-келген жан өзінің ораза ұстамаған бұрынғы бейғам күндеріне қарағанда тазалықты, пәктікті сезінеді. Яғни, ешнәрсеге, тіпті бір жұтым суға да қол соза алмауы барлық нәрсенің Иесі бар екенін, өзінің әлсіз құл екенін түсінеді. Осыдан барып ол өзінің барынша әлсіздігі мен мұқтаждығын сезініп, Алланың рақымдылығына қарай бет түзейді. Сондықтан, нәпсісін тежеп жасалған тарыдай ғибадат ықылассыз орындалған таудай құлшылықтан артық.   Баяғы өткен данышпандардың бірі: «Нәпсісін ақылына тізгіндеп бере алған адам мақсатына жетеді. Ал, ақылын нәпсісіне тұтқын етіп берген кісі жолда қалады», – деген екен. 

материал «Ораза» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: