Әбу Қатада әл-Ансаридан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте бір адам Алла Елшісінен (с.ғ.с) оның оразасы туралы сұрағанда, Алла Елшісі қатты ашуланады.
Сол кезде Омар ибн Хаттаб Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ашуын көрген кезде: "Раббымыз Аллаға, дініміз Исламға, пайғамбарымыз Мұхаммадке разымыз. Алла мен Оның Елшісінің ашуынан пана тілейміз", – деп айтады.
Омар бұл сөздерді Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ашуы басылғанға дейін қайталайды. Сөйтіп, Омар: "Уа, Алланың Елшісі, өмір бойы үздіксіз ораза ұстаған адамның оразасы қалай болады?", - деп сұрайды.
Сонда Алла Елшісі: "Ол ораза ұстамады да, ауыз ашпады" - деп жауап береді. Кейін Пайғамбарымыздан екі күн ораза ұстап, бір күн ауыз ашу туралы сұрайды.
Пайғамбар(с.ғ.с): "Бұған кімнің шамасы жетеді?", - дейді. Содан соң Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) күнара ораза ұстау туралы сұрайды. Алла Елшісі: "Бұл - Дәуіт Пайғамбардың оразасы", - дейді.
Содан Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) бір күн ораза ұстап, екі күн ауыз ашып жүру туралы сұрайды. Сонда Пайғамбар: "Бұған шамам келеді деп ойлаймын", – дейді.
Кейін Алла Елшісі (с.ғ.с) былай дейді: "Әр айдың үш күні, Рамазан айы мен келесі Рамазан айының арасы, осы оразалар - бір жылдық ораза. Арафа күні ораза ұстауға келер болса, Алла Тағала бұл ораза арқылы келер және өткен бір жылдық күнәларды кешіреді деп үміттенемін. Ашура күнгі ораза болса, Алла Тағала бұл ораза арқылы өткен бір жылдық күнәларды кешіреді деп үміттенемін".
материал «Оразаның пайдалары» кітабынан алынды,
ummet.kz