Алла Тағала бұл өмірді сынақ ретінде жаратқан. Сондықтан да өмір ішіне өлімді, адамдар арасына әулие құлдарын, дұғаның қабыл болатын сәтін жұма күнінің белгілі бір уақытына жасырған. Осы ретпен рамазан айының қай түні Қадір түні екенін де ашық білдірмеген.
Қадір түнінің нақты қай түн екенін тек Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ғана білген. Алайда, әр істі белгілі бір хикметпен жарататын Алла Тағала пайғамбарымызға (с.ғ.с.) оны ұмыттырған.
Әбу Хұрайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.): «Түсімде Қадір түні маған білдірілді. Бірақ жақындарымның біреуі мені оятқанда, жаңағы уақытты сол мезет ұмытып қалдым. Оны рамазанның соңғы он күнінің ішінен іздеңдер»,[1] – деген.
Ибн Аузағи (р.а.) және Суфян ибн Ұяйнаның (р.а.) риуаятында: «Ант етемін, мен Қадір түні Рамазан айының жиырма жетісі екенін білемін, өйткені Расулуллаһ (с.ғ.с.) біздерге сол түні ұйықтамауды бұйырған» [2], – делінген.
Икримадан жеткен хадисте Ибн Аббас былай дейді: «Омар (р.а.) сахабаларды жанына шақырып Қадір түні жайлы сұрайды. Барлығы қадір түні рамазан айының соңғы он күнінде екендігін айтады. Сонда Ибн Аббас Омарға:
– Мен қадір түні қай түн екендігін білемін, – деді. Омар (р.а.) қай түн екенін сұрады. Ибн Аббас:
– Соңғы он күннің жетеуі өткенде (27-і) немесе жетеуі қалғанда (23-і), – дейді. Омар:
– Сен мұны қайдан білдің? – деді. Ибн Аббас:
– Алла Тағала аспанды жеті қабат етіп жаратты, жерді де жеті қабат жаратты, жеті күнді жаратты, ғасыр жетіде айналады, адам жетіден жаратылды, жеті нәрсені жейді, жеті ағзасымен сәжде етеді. Тауап жасау жеті, тас лақтыру жеті. Содан білдім, – дейді. Сонда Омар:
– Сен біз білмегенді білген екенсің, – дейді.
Жалпы алғанда, бұл хадистер рамазан айының соңғы он күнінде, оның ішінде тақ санды күндерде, тіпті айдың жиырма жетісінде делінген. Бұл да пенденің Алланың разылығына жеткізетін істерді істеуге, түндерді іздеуге қызықтырады. Алайда, мұсылманның тек осы күні ғана сауапты істерді істеп басқа күндерді босқа өткізу жеткілікті деуге болмайды. Сол үшін де бұл түнді жасырып қойған. Сондықтан мұсылман барлық күндерін осы қадір түні секілді біліп, маңызды санап, дұға-тілекпен, құлшылықпен өткізсе, қадір түніне де дөп басуы мүмкін. Ата-бабаларымыз «әр келгенді Қыдыр біл, әр түніңді Қадір біл» дегеніне сай рамазанның барлық түнін ғибадатпен өткізсек, қадір түнін өткізіп алмас едік.
[1] Муслим, Сиам, «лаулатул қадр» 1992
[2] Муслим, Ахмад, Абу Дауд и Тирмизи
материал «Ораза кітапшасы» кітабынан алынды,
ummet.kz