27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Бағалы дүниеден садақа берудің сауабы

Бағалы дүниеден садақа берудің сауабы

Зекет

«Жақсы көрген дүниелеріңнен (яғни, бір бөлігін болса да) Алла жолында жұмсамайынша, ізгілікке қол жеткізе алмайсыңдар» («Әли Имран» сүресі, 92-аят).

«Уа, иман еткендер! Тапқан табыстарыңның және біздің сендер үшін жерден шығарған өнімдердің жақсысынан садақа беріңдер. Ал (өздеріңе берілсе жақтырмай алатын) қадірі шамалы нәрсені Алла жолында беруші болмаңдар» («Бақара» сүресі, 267-аят).

ِӘнәс (р.а.): «Ансарлардың Мәдинадағы құрма бақшаларының басым бөлігі Әбу Талханың (р.а.) еншісінде еді. Оның ең сүйікті дүниесі Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мешітіне қарама-қарсы орналасқан Бәйруха атты құрма бағы болатын. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сол бақшаға жиі барып, балдай тәтті суынан ішіп тұратын еді», – деді.

Әнәс (р.а.) әңгімесін жалғастырып: «Құранның «Жақсы көрген дүниелеріңнен Алла жолында жұмсамайынша, ізгілікке жете алмайсыңдар» – деген аяты түскенде, Әбу Талха Алла елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) келіп: «Уа, расулаллаһ! Алла тағала сізге «Жақсы көрген дүниелеріңнен Алла жолында жұмсамайынша, ізгілікке жете алмайсыңдар» – деген аятты түсірді.

Менің ең жақсы көретін дүнием – Бәйруха. Енді оны Алла тағаланың разылығы үшін садақа етіп беремін. Алла тағаланың құзырында оның жақсылығын көруді, әрі мен үшін сауап қоры болуын тілеймін. Уа, Алланың елшісі! Сіз соны қабыл алып, Алланың қалауы бойынша пайдаланыңыз», – деді. Сонда Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған: «Бәрекелді, жарайсың! Мол табыс әкелетін дүние, міне, осы», – деп екі қайтара айтып, «Сенің айтқаныңды естідім (яғни, шынайы ықыласыңды көрдім). Алайда оны жақын туыстарыңа бөліп бергенің дұрыс болады деп ойлаймын», – деді. Сонда Әбу Талха (р.а.): «Уа, Алланың елшісі! Ендеше, айтқаныңыз болсын, солай істейін», – деді де, бақшаны ет жақындары «Әли Имран» сүресі, 92-аят мен немере аға-інілеріне үлестіріп берді», – деп айтты (Бұхари, зәкәт 44; Муслим, зәкәт 42).

материал «Хадистер жинағы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: