Пітір садақасы берілетін уәжіп уақыт – айт күнінің таңғы уақыты.
Пітір садақасын алдын ала төлеу, мейлі рамазан айы кіргенде болсын, мейлі айт күнінен бұрын болсын, мәкрүһ емес. Ибн Омар (Алла Тағала оған разы болсын): «Сахабалар пітір садақасын Ораза айтынан бір не екі күн бұрын беретін», - деген. Алайда айт күнінен кешіктіріп беру – мәкрүһ. Ибн Аббас (Алла Тағала оған разы болсын): «Алланың елшісі (с.ғ.с) пітір садақасын мұсылманның оразада айтып қойған бос сөзінен және жаман сөзінен тазарту, сондай-ақ міскіндерге азық болуы үшін парыз етті. Кім оны намаздан бұрын төлесе, онда ол – пітір садақасы. Ал кім намаздан кейін төлесе, онда ол – жай садақалардың бірі», - деп айтқан.
Дегенмен пітір садақасының айт күнінен кешігуімен оның уәжіптілігі мұсылманның мойнынан түсе қоймайды. Ол оны кешіктірсе де беруі қажет.Әйтпесе мойнында қарыз болып қала береді. Пітір садақасы айт күнінің таңынан бастап, айт намазына жеткізбей берілуі мустахаб.
материал «Ораза энциклопедиясы» кітабынан алынды,
ummet.kz