23
Сейсенбі,
Сәуір

һижри

Зекеттің пайдасы мен хикметі

Зекет

1.Зекет берудегі басты мақсат–өзіне берілген толайым нығметті пенденің сезінуі және оған шүкір етуі. Бұл дүниеде Алла Тағаланың әр құлына сынақ ретінде берер ырыздығы әр түрлі. Мәселен, біреулер төрт дүниесі түгел балқып-шалқып өмір сүрсе, енді біреулер кедейлік тауқыметінен бас көтере алмай жатады. Шындығында, бақыттың кілті байлықта болмағаны сияқты, кедейлік те бақытсыздыққа себеп емес.

Алла Тағала әр пендесіне лайықты ризық-несібесін берген. Айталық, кей адамбайыса Құдайын ұмытып, астамсып кетер ме еді. Енді біреуге кедейлерге қарассын деп дәулет беріледі. Анығында екеуі де сынақ. Зекет беруші өзіне берілген байлыққа шүкіршілік білдіру керектігімен қоса, әрбір шамасы жеткен мұсылманға зекеттің парыз екенін жақсы білуі тиіс. Олай болса малымыздың зекетін беру арқылы мұсылмандық парызды орындап, Алланың:

لَئِن شَكَرْتُمْ لَأَزِيدَنَّكُمْ

«Шүкірлік етсеңдер, (нығметімді) арттырамын,»[1] деген аятына сай шүкір қылып, малымыздың құтты да берекелі болуын қамтамасыз етеміз.

2. Зекет – әр түрлі апаттан, пәле-жаладан, ауру-сырқаудан және кедей-кембағалдардың байлыққа деген іштарлығы мен қызғанышынан сақтайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

حصنوا أموالكم بالزكاة، وداووا مرضاكم بالصدقة، وأعدوا للبلاء الدعاء

«Мал-мүліктеріңізді зекет берумен қорғаңдар, науқастарыңды садақа берумен емдеңдер, бәле-жалаға дұға жасаумен дайын болыңдар,»[2]–деген.

Зекет мүміндер арасында өзара сүйіспеншілік пен бауырмалдықты күшейтеді. Исламның алғашқы дәуірлерінде аттылы бай адам жаяу кедей жүргіншіге: «Алланың нұры жаусын!»–деп бірінші болып сәлем беретін болған. Бұл жылы сөзді естіген кедей: «Саған да Алланың сәлемі болсын!»–деп байға жауап қайтарады екен. Ал байдың сәлемімен бірге зекетін де алған кедей байдың дүниесін қызғануы былай тұрсын, қайта оның тілеуін тілері анық.

3. Зекет–жағдайы нашар кедейлердің тұрмысын оңдауына, өмірден түңілмей ары қарай тіршілік етуіне жәрдемдесуді қамтамасыз ететін ғибадат. Ол сондай-ақ, қоғамда міскіндікті жойып, қайыршылыққа жол бермеудің амалы. Бір хадисте бұл туралы:

ان الله جعل في اموال الاغنياء بالقدر الذي يسع فقراءهم و لن يجهد الفقراء اذا جاعوا او عروا الا بما يصنع اغنياؤهم ألا و ان الله محاسبهم على ذلك فمعاقبهم فمعذبهم عذابا شديدا

  «Расында, Алла мұсылман байлардың малынан, кебағалдарына жетерлік мөлшерін парыз еткен. Әлбетте, кембағалдардың аш-жалаңаш қалуы байлардың сараңдығынан. Хабарыңыз болсын! Алла оларды (байларды) қатаң сынаққа тартып, қатты азаптайды»[3]–делінген.

4. Зекет–мүминді өзімшілдік пен сараңдықтан, дүниеқоңыздықтан айықтырып, қолы ашық жомарттыққа, кішіпейілдікке тәрбиелейді. Өйткені адам баласының жаратылысында байлыққа деген қомағайлық пен қанағатсыздық, байлықтың буына мастанып, тәкәппарлану сияқты жағымсыз әдеттер бар. Зекет–осы тәрізді рухани кеселдерден бірден-бір емі.

Ислам діні зекетпен қатар әл-ауқаты жооғары адамдарды қоғамның басқа да барлық саласына ат салысып, ондағы қиындықтарға қол ұшын беріп, көмектесуге үндейді. Сондай-ақ, дінімізде зекеттен басқа да пітір садақасы, құрбан шалу, нәпіл садақалар сияқты көптеген ізгі амалдар бар. Бұл–сауапқұмар дандар үшін керемет мүмкіндік.

5. Зекет қоғамның бірлігін, тұтастығын сақтайды. Пайғамбарымыз (с.а.с): «Зекет–исламның көпірі,»[4]–дейді. Анығында, байдың баюына кедейдің де тигізер тікелей немесе жанама үлесі жоқ емес. Адамның қоғамнан тыс, жеке-дара байып кетуі мүмкін емес. Ал берген зекетіміз өзіміз өмір сүріп жатқан қоғамның қажетті кем-тетігін толықтырады.

6. Зекет–адамды жүректілікке, табандылыққа баулиды. Ол сондай-ақ байлықтың артуына да себеп. Өйткені шайтан адам көңіліне: «Егер зекет берсең, өзің аш-жалаңаш қалып, қиналасың,»–деп қорқыныш салады. Алла Тағала бұл шындық жайында:

الشَّيْطَانُ يَعِدُكُمُ الْفَقْرَ وَ يَأْمُرُكُم بِالْفَحْشَاءِ ۖ  وَاللَّهُ يَعِدُكُم مَّغْفِرَةً مِّنْهُ وَفَضْلًا

«Шайтан кедейлікпен қорқытып, сендерге жаманшылық жасауды бұйырады. Ал Алла сендерге өз тарапынан кешірім мен кеңшілігін уәде етеді...»[5]–дейді. Ал Пайғамбарымыз (с.а.с) тағы бір хадисінде:

ما نقص مال من صدقة

«Садақасы берілген малдан ешнәрсе азайған емес,»[6]–деп, зекет берудің кедейлікке жол ашпайтынын білдірген.

 

 

[1] Ибраһим 7

[2] Табарани«әл-Муғжамул-кабир 8/464»

[3] Табарани

[4] Хайсами «Мажмаъуз-зауаид»

[5] Бақара 268

[6] Муслим «Сахих 2588»

Бөлісу: