19
Жұма,
Сәуір

һижри

Қажылыққа барушы мен оралушы кісіге қатысты әдептер

Қажылыққа барушы мен оралушы кісіге қатысты әдептер

Қажылық

Қажылыққа барушы кісіге қатысты әдептер

1. Кеңесу. Қажылыққа барушы кісі білімді, сенімді діндар кісіден насихат сұрап, ақылдасуы мустахап.

2. Истихара намазын оқуы мустахап.

3.Тастай алмай жүрген күнәлі істерді тастап, Аллаға таза тәуба келтіруі.

4.Біреуге зұлымдық жасаған болса, барып кешірімін алуы. Біреуге қарыздар болса, барып қарызын қайтаруы. Тапсырылған аманаттар болса, иелеріне толық қайтаруы.

5. Ата-анасын және жұбайын разы етіп қалдыруы.

6. Қажылыққа қажетті қаражаттың адал жолмен табылған болуы.

7. Қолдан келсе, жол азығы мен мал шалуына жететін, сондай-ақ пақырларға беретін садақаны көтерітіндей көп қаражат алуы.

8. Сауда кезінде тайталаспауы.

9. Арада түсініспеушілік тумас үшін, бірнешеу болып барған кісілер жол азықтары мен қаражаттарын ортаға қоспауы.

10. Көліктің жақсы болуы. Жан қинап жаяу немесе жүгіріп бару – сүннеттен емес, өйткені Алланың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) қажылық пен уамраға түйесіне мініп барған.

11. Қажылықтың қалай атқарылатынын білу. Үкімдерін білмей атқарылған кез келген құлшылық дұрыстығын жоғалтады. Істен бұрын білімнің маңыздылығын сілтеп Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: («Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен».

12. Қасына жақсылыққа ұмтылып, жамандықтан алшақ тұратын серік алуы. Бұл пайғамбарымыздың (саллаллаһу алайһи уа саллам) мына хадисіне байланысты: «Бір салт жолаушы – шайтан. Сондай-ақ екі салт жолаушы – екі шайтан. Ал үш салт жолаушы – керуен». Саны үшке толған немесе одан асқан жолаушылар араларынан ең абзал біреуін әмір етулері қажет. Әбу Һурайра, Алла Тағала оған разы болсын, Алланың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты: «Егер үшеу болса, араларынан біреуін әмір етсін».

13. Өзін толығымен ықыласты құлшылыққа арнау. Тыйым салынбаса да, қажылықты аяқтамайынша саудамен мүлде шұғылданбағаны ұнамды. Өйткені сауда оның ойы мен жүрегін таза ықыластан алдандырады. Алла Тағала Құран Кәрімде айтады: «Әй, иман келтіргендер, малдарың да, балаларың да Алланы еске алудан алдандырып жүрмесін! Кім бұлай істесе, олар – зиянға ұшраушылар».

14. Сапарға бейсенбі күні және ертемен шығу. Каъб ибн Мәлик, Алла Тағала оған разы болсын, былай деді: «Алланың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) кейбір сапарында болмаса, жолға көбінесе бейсенбі күні шығатын». Сахр ал-Ғамади, Аллаһ тағала оған разы болсын, Алланың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:  «Аллам, үмметіме берекені таң сәрілерде бер».

15. Үйден шығарда екі рәкат сапар намазын оқу және мына дұғаны жасау: «Аллам, Саған қарай бет алдым және Сенімен қорғанамын. Аллам, мені мұңайтқан нәрсеге қарсы және білмеген нәрсеме қарсы маған жеткілікті болшы. Аллам, мені тақуалықпен қамдандыршы және күнәмді кешірші». Бұл дұға Анастан, Алла Тағала оған разы болсын, жеткен.

16. Оны сапарға отбасының, көршілерінің, туыстарының және достарының шығарып салуы мустахап. Сүннет бойынша олардың әрқайсысы оны сапарға былай деп шығарып салады: «Дініңді, аманатыңды және ісіңнің нәтижелерін Аллаға тапсырамын. Алла сені тақуалықпен қамдасын және күнәңді кешірсін, сондай-ақ қайда болсаңда да жақсылыққа жолығуыңды жеңілдетсін».

17. Үйден шығарда мына дұға тілеуі: «Алланың атымен. Аллаға тәуекел еттім. Алладан басқа күш те, қуат та жоқ».

18. Көлікке (ұшаққа, пойызға, кемеге) мінгенде: «Бисмиллаһи»-деп мінеді. Көлік қозғалғанда: «Мынаны бізге бағындырған Алла кемшілік сипаттардан пәк! Біз бұған жақындай алмайтынбыз. Сондай-ақ Оған ораламыз» - дейді. Сосын үш мәрте «Әл-хамду лилләһи» және үш мәрте «Аллаһу әкбар» - дейді. Сосын: «Сен пәксің, Аллам, расында, мен өзіме әділетсіздік жасадым. Мені кешіре гөрші. Расында, күнәләрді Сенен басқа ешкім кешірмейді» - дейді. Сосын: «Аллам! Осы сапарымызда Сенен игілік пен тақуалық, сондай-ақ Өзің жақсы көретін және разы болатын амалдан сұраймыз. Аллам, бізге сапарымызды жеңілдет және алыстығын қысқарта гөр. Сен – сапар кезінде серіксің және артта қалған отбасы мен мал-мүлікке өкілсің. Аллам, тауқыметті сапар мен мұңды өзгерістен, сондай-ақ отбасының, мал-мүліктің, бала-шағаның жаман оқиғаға тап болуынан Саған сиынамыз» - дейді.

19. Сапарға түнде шығу. Анас, Алла Тағала оған разы болсын, Алланың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты: «Жолға түнде шығуларың қажет. Өйткені түн жолды кеседі».

20. Жолда кездесетін ермек түрлерінен, өте дәмді тамақтардан және ойын-күлкілерден өзінөзі тежеп, төзімділік таныту. Ибн Омар, Алла Тағала оған разы болсын, былай деді: Бір кісі пайғамбарға (саллаллаһу алайһи уа саллам) келіп: «Қажылық дегеніміз не?» - деп сұрады. Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) оған: «Қажылық дегеніміз – жағымсыз иісті ұйпалақтанған шаш» - деді.

21. Адамдарға жылы сөз сөйлеп, көркем мінез көрсетуі. Алланың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді: «Кім қажылықты атқаруында әдепсіз сөз айтпаса және күнә істемесе, анасынан туған күндегідей күнәләрінан тазарып шығады».

22. Биікке көтерілгенде тәкбір айту және төмен түскенде таспих айту. Жәбир, Алла Тағала оған разы болсын, былай деді: «Біз биікке көтерілгенімізде: «Аллаһу әкбар»-деп, ал төмен түскенімізде: «Субханаллаһи» – деп айтатынбыз». Тәкбір, таспих және басқа мақтау сөздер дауыс көтерілмей айтылауы сүннет. Әбу Муса Ал-Ашъари, Алла Тағала оған разы болсын, былай деді: Алланың елшісімен (саллаллаһу алайһи уа саллам) бірге шыққан бір жорығымызда биікке көтерілгенімізде «Лә иләһа иллалла» мен «Аллаһу әкбар»-ді қатты дауыспен айтқан едік. Біраз уақыттан соң пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) бізге: «Әй, адамдар, өздеріңді аясаңдаршы! Расында, сендер саңырау және жоқ болған біреуге жалбарынып жатқан жоқсыңдар ғой. Әрине, Ол сендермен бірге. Және Ол – естуші әрі жақын».

23. Көздеген жері көрінген уақытта мына дұғаны жасайды: «Аллам! Мен Сенен мына жердің жақсылығын, әрі тұрғындарының жақсылығын да, әрі ондағы жақсы нәрсені сұраймын. Сондай-ақ оның жамандығынан, әрі тұрғындарының жамандығынан, әрі ондағы жаман нәрседен Саған сиынамын».

24. Қайсыбір жерге немесе үйге тоқтаса мына дұғаны айтады: «Алланың жаратқан нәрселерінің жамандығынан Оның мүлтіксіз кемел сөздерімен қорғанамын». Мүслім жеткізген хадистің негізінде аялдап тоқтаған үйге осы дұғаны оқып кірген кісіге ол жерден кеткенінше ешнәрсе зиян тигізе алмайды.

25. Түн кіргенде Аллаға жалбарыну. Ибн Омар, Алла Тағала оған разы болсын, былай деді: Алланың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) сапарда болғанында түн кірсе, былай дейтін:  «Әй, жер! Сенің де Раббың, менің де Раббым – Алла. Сенің жамандығыңнан, ішіңдегі жамандығыңнан, ішіңде жаратылған нәрселердің жамандығынан, арқаңда жорғалап жүрген нәрселердің жамандығынан Аллаһқа сиынамын. Арыстан мен «Қара» лақапты кісілерден, жыланнан, шаяннан, жерді паналаған жыннан, туушы мен туылғаннан Аллаға сиынамын».

26. Қауіп төнгенде Аллаға жалбарыну. Әбу Мұса ал-Ашъари, Алла Тағала оған разы болсын, былай деді: Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) бір қауымнан қауіп сезгенде былай дейтін: «Аллаһым, олардың алқымдарына Сені тосамыз және жамандықтарынан Саған сиынамыз».

27. Кемеге мінген кісі мына дұғаны айтады: «Жүзуі де, аялдауы да Алланың атымен. Расында, Раббым – тым кешірімді әрі аса мейірімді».

28. Жалпы сапар бойы көп дұға жасау. Өйткені жолаушының дұғасы жауапсыз қалмайды. Әбу Һурайра, Алла Тағала оған разы болсын, Алланың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты: «Үш дұға жауапсыз қалмайды және мұнда күмән жоқ: жәбір көрушінің дұғасы, жолаушының дұғасы, әке-шешенің баласына қарғыс дұғасы».

29. Жол бойы нда және аялдаған жерлерінде дәрет пен намазға сақтық қылу.

 

Қажылық сапарынан оралумен байланысты әдептер

1. Ибн Омар, Алла Тағала оған разы болсын, былай деді: Алланың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) шайқастан, қажылықтан немесе умрадан оралғанда қайсыбір төбеге көтерілсе, үш мәрте тәкбір айтып, сосын былай дейтін: «Бір Алладан басқа тәңір жоқ! Оның серігі жоқ! Билік те Оған тән, мақтау да Оған тән! Оның әр нәрсеге құдіреті жетеді. Раббымызға оралушымыз, тәубаға келушіміз, құлшылық етушіміз, сәжде жасаушымыз және мақтау айтушымыз. Уәдесін орындады және құлына жәрдем берді. Сондай-ақ кәпірлердің топтарын Бір Өзі талқандады».

2. Ауылына жақындағанда отбасыларының үстілеріне қапылыста түспеу үшін, келе жатқандығы туралы оларға хабар білдіруші кісі жіберу.

3. Ауылы көрінгенде мына дұғаны айтуы: «Аллам! Мен Сенен мына жердің жақсылығын, әрі тұрғындарының жақсылығын да, әрі ондағы жақсы нәрсені сұраймын. Сондай-ақ оның жамандығынан, әрі тұрғындарының жамандығынан, әрі ондағы жаман нәрседен Саған сиынамын», «Аллам, мұнда бізге тұрақты тұрақ және жақсы ризық бер».

4. Ауылына келгенде отбасының есігін түн ортасында емес, таңғы немесе кешкі уақыттарда қағу. Анас, Алла Тағала оған разы болсын, былай деді: «Алланың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) отбасына түнгі уақытта кірмейтін. Ол оларға таңғы немесе кешкі уақыттарда кіретін».

5. Ауылына кіргенде, ең алдымен, мешітке барып екі рәкат намаз оқу. Сосын үйіне кіргенде тағы екі рәкат намаз оқу сүннет.

6. Қажылықтан оралған кісіге мына дұғаны айту: «Алла қажылығыңды қабыл етсін, күнәңді кешірсін және жұмсаған қаражатыңның орнын толтырсын». Ибн Омар мен Әбу Һурайрадан, Алла Тағала оларға разы болсын, Алланың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді: «Аллам, қажыға кешірім жаса және қажы үшін кешірім сұраған кісіге де кешірім жаса».

7. Үйге кіріп, отбасымен көріскенде Ибн Аббастан жеткен хабар бойынша мына сөздерді айту сүннет: «Раббымызға оралып, толық тәубаге келдік. Күнә қалдырмас толық тәубаға келдік».

8. Қажылықтан оралғандағы мінез-құлқы мен жүріс тұрысы бұрынғы қалпына қарағанда жақсы жаққа өзгеруі. Өйткені жақсы жаққа өзгеріп, жақсылығының арта беруі қажылығының қабыл болу белгілерінің бірі саналады.

материал «Құлшылықтар фиқһы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: