21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Қажылық кімдерге және қашан парыз?

Қажылық

Белгілі бір адамға қажылық ғибадатының парыз болуы үшін төмендегі шарттар орындалуы керек:

 

  1. Мұсылман болу. Мұсылман еместерге қажылық парыз емес. Сондықтан мұсылман емес адам қажылық ғибадатын орындап болғаннан кейін Ислам дініне кірсе, шамасы жеткен жағдайда қайтадан қажылық жасайды.
  2. Ақыл – есі дұрыс және балиғат жасына жету. Балиғат жасына жетпеген балалар мен ақыл-есі дұрыс еместерге қажылық парыз емес. Бұл екеуі қажылықты атқарса, сосын бала балиғат жасына жетсе, ақыл есі кем адам жазылса, қажылықты шамалары жеткен жағдайда қайта орындаулары парыз. Жас баланың балиғат жасына дейінгі жасаған қажылығы – нәпіл қажылық саналады.
  3. Азат болу. Қажылық ұзақ уақыт атқарылып, ұзақ сапарды талап ететіндіктен тұтқындарға, түрмедегілерге, құлдарға қажылық ғибадаты парыз емес. Өйткені, тұтқындарда ондай мүмкіншілік жоқ.
  4. Уақыт. Арафат тауында арнайы белгіленген тұру уақыты мен зиярат тауабы уақытына өмірі жетпеген адам үшін қажылық парыз емес.
  5. Қажылық ғибадатын орындауға шамасының жетуі:

 а) Денсаулығы болуы Денсаулығы нашар, алып жүретін адамы жоқ соқыр, ақсақ, сал сияқты ауруларға ұшырағандарға және көлікке өздігінен міне алмайтын қарт кісілерге қажылық парыз емес.

 ә) Қажетті қаражаты болуы Қажыға барып-келу қаржысын, жолда, қажылықта жейтін азығына және әйел бала-шағасының, жалпы қарауына міндетті адамдардың қажылықтан қайтып оралғанға дейінгі қаражатын көтере алатын адамға қажылық парыз.

б) Баратын жолдың сенімді болуы Қажылыққа барудың парыз болуы үшін жол сенімді болуы керек. Баратын жолда соғыс немесе басқа да қатерлі жағдайлар туындаса, қажылыққа бару парыз емес.

 Әйелдерге байланысты арнайы шарттар:

  1. Қажылыққа баратын әйелмен бірге күйеуі немесе махрам (үйлене алмайтын жақын туысы) туыстарынан біреуі болуы керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадис шәрифінде бұйырған: «Әйел адам өзімен бірге махрамы болмаса, үш күннен артық сапар шеге алмайды» (Шәукани). Бұл Ханафи мәзһабында. Шафиғи мәзһабында әйел адамның жанында сенімді бірнеше тақуа әйелдер болса, махрамсыз қажылық жасай алады.
  2. Ғиддетті болмауы (әйел адамның күйеуінен ажырағаннан кейін немесе күйеуі қайтыс болғаннан кейін күтетін белгілі уақыт). Қажылыққа баратын әйел күйеуінен талақ немесе күйеуінің қайтыс болуына байланысты шариғаттың белгілеген ғиддет мерзімінде болмауы керек. Өйткені, Аллаһ Тағала мына аятта ғиддет мерзіміндегі әйелдердің үйден шығуларына тыйым салған: «Талақ қылған әйелдеріңді үйден шығармаңдар, олар да шықпасын» (Талақ 1). Қажылықты басқа уақытта өтеуге болады. Ал ғиддет белгілі уақытқа арналған. Сал ауруына душар болған, денсаулығы нашар қарт, мүгедек адам, жол көрсететін көмекшісі жоқ соқыр адамдар, жанында бірге баратын махрамы жоқ әйелдер, шетелге шығудан мемлекет тарапынан тыйылған, баратын жолында қатерге ұшырауы мүмкін адамдар қажылыққа өздерінің орнына басқа біреуді көздерінің тірісінде жіберуіне немесе өзі дүниеден қайтқаннан кейін өкіл ретінде барып-келулерін талап етулеріне болады.

(Материал «Ислам ғылымхалы» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: