21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Қажылық парыздары және қажылық түрлері

Қажылық

Қажылық ғибадатының да өзге ғибадаттар сияқты орындалуы міндетті болған парыздары бар, олар:

 

  1. Ихрам

Ихрам дегеніміз – қажылық, умра немесе екеуін бірге жасау ниетімен, басқа уақытта істеуіне рұқсат кейбір іс-әрекеттерді қажылық, умра уақытында өзіне харам қылуы. Ихрамға қажылық түрлерінің қайсысын орындайтын болса, соны жүрегімен ниет етіп, тәлбия айту арқылы кіреді. Бірақ ниетті тілмен айту – мұстахап. Ихрамға кірудің шарттарының бірі ғана болып табылатын «рида» және «изар» деп аталатын екі бөліктен тұратын сүлгі немесе оған ұқсас тігісі жоқ мата халық арасында «ихрам» деп аталғанымен, Ихрам мағынасын толық қамтымайды. Орындайтын қажылық түрін ниет етпей, тәлбия дұғасын айтпай, тек қана үстіне ақ, тігіссіз мата оранумен ихрамға кірген болып саналмайды. Өйткені ниет пен «тәлбия» дұғасы ихрамның шарттарынан.

  1. Арафатта тұру

Арафа күні түс ауғаннан кейін құрбан айттың бірінші күні таң намаздың уақытына дейін, Арафат тауында бір мезет болса да тұру – қажылықтың негізгі парызының біреуі. Сондықтан кімде-кім Арафатта бір мезет болса да тұрмаса, қажылық ғибадатын орындамаған болады. Келесі жылы қайтадан орындау керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Қажылық дегеніміз – арафат, кімде-кім арафатқа үлгерсе, қажылыққа үлгерген болады», – деп, Арафат- та тұрусыз қажылық ғибадатының қабыл етілмейтінін ескерткен. Арафат тауының «Уранә» сайынан басқа барлық жерінде тұруға болады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Арафаттың барлық жері уақфа орны», – дейді.

  1. Тауап ету

Тауап – араб тілінде зиярат ету, бір нәрсені айналу сияқты мағыналарды білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – Қасиетті Қағбаны жеті рет ғибадат ниетімен айналу. Тауап Алла Тағаланың аршының айналасында тауап ететін періштелер тәріздес Алла Тағалаға деген сүйіспеншілікпен, тағзыммен жасалатын ғибадат. Пайғамбарымыз (с.а.у.) тауаптың намаз тәріздес ғибадат екенін білдіреді: «Байтулланың (қасиетті қағба) айналасында тауап жасау – намаз оқу сияқты. Ерекшелігі тауапта сөйлеуге болады, бірақ тауап жасап жүріп кім сөйлесе, қайырлы сөз сөйлесін» (Тирмизи).

 Қажылық түрлері:

  1. Ифрад қажылығы

 Миқатта ихрамға кірер кезде тек қана қажылық ғибадатының атқарылуы ниет етілсе, бұл қажылық түріне «ифрад» қажылығы делінеді. Ифрад қажылығында умрасыз тек қана қажылық ғибадаты жасалады. Ақаба жәмрасына (Үлкен шайтан тас) тас лақтырып болғаннан кейін қаласа құрбан шалады. Өйткені ифрад қажысын орындағандарға құрбан шалу уәжіп емес. Сосын шашын алғызып немесе қысқартқызып ихрамнан шығады.

  1. Тәматтуғ қажылығы

 Қажылық айларында умра үшін ихрамға кіріп, умраны бітірген соң, сол жылғы Зилхижжа айының сегізінші күні немесе одан да бұрын қажылық үшін қайтадан ихрамға кіру арқылы жасалатын қажылық түріне «тәматтуғ қажылығы» дейді. Тәматтуғ қажылығында умра және қажылық үшін бөлек-бөлек ихрамға кіреді. Бұл қажылықтың тәматтуғ қажылығы болып саналуы үшін умра мен қажылықтың қажылық айларында сол жылда жасалуы шарт. Тәматтуғ қажылығында умра мен қажылықты бірге орындағандықтан шүкір құрбанын шалу – уәжіп. Қазақстандықтар көбінесе тәматтуғ қажылығын орындайды.

  1. Қиран қажылығы

Миқатта қажылық пен умраны бірге ниет етіп, бір ихраммен істелетін қажылыққа – «қиран» қажылығы делінеді. Умрасын тәмамдағаннан кейін ихрамнан шықпай қажылық амалдарын да сол ихраммен аяқтайды. Қиран қажылығында умра мен қажылықты бірге орындағаны үшін шүкір құрбанын шалу – уәжіп.

(Материал «Ислам ғылымхалы» кітабынан алынды)

Ummet.kz

 

Бөлісу: