26
Жұма,
Сәуір

һижри

Қажылық сөзінің мағынасы және қасиетті Қағбаның салынуы

Қажылық

Қажылық Хаж (араб тілінде) – құрмет тұтылған қасиетті жерді зиярат ету мағынасын білдіреді.

 

Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – қажылық айлары деп аталатын арнайы уақытта Сауд арабиядағы Мекке қаласының жанындағы Арафат тауында ғибадат ниетімен бір мезет тұру, сосын Қағбаны тауап ету және қажылықтың арнайы басқа амалдарын орындау арқылы атқарылатын ғибадат.

Қағбаның салынуы

 Қағба – жер бетінде тұрғызылған тұңғыш құлшылық орны. Адам атаның жер бетіне түскеннен кейінгі ең алғашқы ісі періштелердің көмегімен осы Қағбаны тұрғызу болған. Сан дәуірлер артта қалып, уақыт аққан өзендей жылжыған сайын бұзылып, көнерген жерлері талай рет жөнделіп отырған. Қағба жер бетін Нұх топан суы басқанға дейін ғибадатхана міндетін атқарып келген еді. Алайда, жер бетін басқан топан судан кейін, өкінішке қарай, бұл қасиетті құлшылық орнының ең болмаса қираған ізі де білінбей, адамзатқа беймәлім күйде қала берді. Бірақ, жер шарының кіндігі іспетті болған жер бетіндегі алғашқы ғибадат орнын Алла Тағала кейінгі мұсылман құлдарына беймәлім қалдырмады. Бұл қасиетті құлшылық орнын мұсылмандарға құбыла етіп, қайта өңдеу ісін Ибраһим пайғамбар мен баласы Исмайылға табыстады. Ибраһим (а.с.) мен ұлы Исмайылдың қазіргі таңдағы қасиетті Қағбаны қайта тұрғызулары былай еді. Исмайыл (а.с.) зәмзәм суының маңайында өсіп тұрған ағаштың астын көлеңкелеп, оқ жонып отырған-ды. Бір мезет сонадайдан өзіне қарай келе жатқан әкесі Ибраһимді (а.с.) байқаған ол дереу атып тұрып, алдынан қуана жүгіріп шықты. Көптен көріспей, сағынысқан әке мен баланың құшақтары айқаса кетті. Баласының шашынан сипап, маңдайынан иіскеп, мауқын басқан әке мен әке мейіріміне шөлдеген бала арасында артынша төмендегідей әңгіме ізін тапты.

– Балам, Алла Тағала маған үлкен міндет жүктеп отыр.

– Әке, ол қандай міндет? Алла Тағала жүктеген міндетті тезірек атқарғаныңыз жөн болар.

– Бірақ, оған сенің көмегің керек, балам.

 – Әке, мен қашан да өзіңізге қолғабыс етуге әзірмін. Ондай абыройлы істен маған да үлес тигені Алланың маған оң қарағаны шығар, – деді Исмайыл іштегі қуанышын жасыра алмай. Әке де баласынан осы жауапты күткендей:

– Ендеше, дәл мына тұстан Алланың әмірін орындап, құлшылық орнын салайық, – деді қазіргі таңдағы күллі әлемдегі мұсылмандардың ғибадат орны саналатын қасиетті Қағбаның орнын көрсетіп. Осылайша, Алла Тағаланың өздеріне белгілеп көрсеткен жерінен Қағбаның қайта салынуын бастап та кетті. Исмайыл тас тасып, әкесі Ибраһим (а.с.) қасиетті үйдің қабырғасын қалай бастады. Жұмыс оңға басып, құрылыс биіктеген сайын Ибраһим (а.с) үшін тас қалау қиынға соқты. Екеуі өзара ойласып, Исмайыл әкесінің аяғының астына текпешек, саты тәріздес ұзынша, биік тас әкеліп қойды. Ибраһимнің (а.с.) аяғының ізі түскен бұл тас қазіргі кезде «Мақаму Ибраһим» деп аталып, қажылықта сол тұста арнайы намаз оқылып, ерекше зиярат етілуде. Мұсылмандар үшін жер бетінде Қағбадан да қасиетті екінші бір орын жоқ. Өйткені бұл киелі ғибадат үйі Ұлы Жаратушымыздың әмір етіп Жебірейілдің (а.с.) жобасын көрсетуі арқылы салынған. Қағбаның төрт қабырғасы қаланып, кезек бүгінгі «Хажарул-Әсуәд» деп аталатын қасиетті қара тас тұрған бұрышқа жеткенде, Ибраһим (а.с.) ұлы Исмайылға тауаптың басталатын орнын білдіретін белгі ретінде бір тас әкелуін тапсырды. Исмайыл әкесінің тапсырмасын орындау үшін тас іздеп тауға кеткенде, Жебірейіл періште Ибраһимге (а.с.) жұмақтан тас алып келіп, Қағбаның бұрышына сол тасты қою керектігін жеткізеді. Риуаяттар бойынша, бұл қасиетті тас әуелде қардай әппақ болған екен. Бірақ кейіннен уақыт өте келе адамдардың күнәһар қолдары тие-тие қара тасқа айналыпты. Қасиетті қара тасты Қағбаның бұрышына орналастырумен Қағбаның құрылысы толық аяқталып, Ибраһим (а.с.) мен ұлы Исмайыл Раббыларына қол жайып былайша дұға жасап, тілек тіледі: «Раббымыз! Бізден (бұл істеген ісімізді) қабыл ал! Сен (тілегімізді) естуші және білушісің. Ей, Раббымыз, екеумізді де өзіңе ғана бойұсынушы қыл, ұрпақтарымыздан да өзіңе ғана бойұсынушы үммет жасай гөр, әрі бізге қажылық амалдарымызды көрсетіп, тәубемізді қабыл ал! Әлбетте, Сен тәубемізді қабыл алушы және мейірім етушісің. Ей, Раббымыз ұрпағымыздың ішінен оларға аяттарыңды оқитын, Кітабыңды және тағылымдарыңды үйрететін, оларды (шірктен) тазалайтын елші жібере гөр. Күмәнсіз, сен шексіз құдірет иесі Ғазизсің, әр істі орынды істейтін, еш нәрсені босқа істемейтін Хакимсің» (Бақара 139).

 Қағба – мұсылманшылықтағы таухид сенімінің рәмізі мен нышаны. Қағба – күллі мұсылман баласының қияметке дейін намаздарында және жалпы барлық қайырлы істерінде жүздерін бұратын және умра- қажылықта басқосар бірден бір киелі орындары. Осы бір киелі де қасиетті мекенде мұсылмандардың мүбәрак ауыздарынан шыққан «Ләббәйка Аллаһумма Ләббәйк!» тәлбиясы тау-тасты жаңғыртып, жеті қабат көкке толқыған күйі самғап, көтеріліп жатады. Қасиетті Қағбаның атмосферасы мүлдем ерекше. Оны көрген көзге ыстық жас үйіріліп, оны сезген жүрек басқа бір ерекше сезімге булығып, ар-ождан адамдықтың биігіне қарай серпіліп, бір мезет болсын мына пәни дүниені ұмытады.

Ummet.kz

Бөлісу: