25
Сейсенбі, Қыркүйек

һижри

Құрбандық шалу туралы не білу керек?

Құрбандық шалу туралы не білу керек?

Бес парыз
Шрифт

Біздердің Раббымыз Алла Тағала, Оның еш бір теңдесі жоқ, Ол барлық нәрселерден пәк.

Осындай теңдесі жоқ болған Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:

قال الله تبارك و تعالى فى كتابه الكريم   أعوذ با لله من الشيطان الرجيم بسم الله الرحمن الرحيم : < فصل لربك و انحر> .  

Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал!

Бұл аятта Алла Тағала Пайғамбарға және біздерге намаз оқуға және құрбан шалуға бұйрады. Алла Тағаланың әмірін орындау ниетімен шамасы келген мұсылмандар құрбан шалады.

Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» - деп бұйырған. Осы хадистен құрбан шалудың қаншалықты маңызды екенін түсінуге болады.

Құрбан (араб тілінде) - «жақындау» деген мағынаны береді. Ал, шариғатта Алла Тағаланың ризашылығына жақындау ниетімен құрбан айт күндері шалынатын малдың аты.

Құрбан шалу һижраның 2-жылында міндет болды.

Құрбан шалған мұсылманның, ақыретте жүзі жарық болып, мол сауапқа ие болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл ақиқатты былай деп түсіндіреді: «Адам баласы құрбан айт күні (құрбан шалу) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар».

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) басқа хадистерінде Алла Тағала ризалығы үшін шалынған құрбанның әрбір қылшығы үшін сауап бар екенін былай деп сүйіншілейді: «Сахабалар Расулімізге (с.ғ.с.) – Уа, Алланың Елшісі, құрбандық деген не? – деп сұрақ қойды.

– Құрбандық - сендердің Ибраһим (а.с.) бабаларыңның сүннеті - деді.  

– Одан бізге қандай сауап бар?                      

- Әрбір тал қылшығы үшін сауап бар.

- Қойдың жүнінен ше?

- Қойдың жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады».   (Тирмизи)

Алла Тағала ризалығы үшін сойылған құрбандық мал ақыретте қылдай жіңішке, қылыштай өткір Сырат көпірінен өтер кезде иесіне көп көмектеседі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында өз хадисінде былай дейді: «Құрбандыққа малдың ең жақсысын, көзге жұғымдысын таңдаңдар, өйткені ол – Сырат көпірінен өтерде өз көліктерің».

Құрбан шалудың тарихы

Құрбан шалу Ибраһим (а.с.) Пайғамбардан келе жатқан сүннет жолы. Ибраһим Пайғамбар өте мейрімді, тым жұмсақ жан болатын. Ол Алла Тағаладан, өзінен кейін халықты тура жолға бастайтын ұл сұрап, көп жыл бойы Алла Тағалаға жалбарынды. Бұл тілегі әбден қартайып, ұрпақ сүюден үміті үзілген уақытта қабыл болды. Дүниеге Исмайыл атты Пайғамбар келеді. Ибраһим (а.с.) баласын өте қатты жақсы көретін. Бір күні Ибраһим Пайғамбар түс көреді. Түсінде Алла Тағала былай деп аян береді. «Әй, Ибраһим! Балаңды өз қолыңмен бауызда, оны құрбандыққа шал!». Бұл Ибраһим Пайғамбарға ауыр сынақ болды. Ибраһим Пайғамбар баласына келіп: «Балам! – Алла Тағала түсімде аян беріп, сені құрбандыққа шалуға әмір етті. Бұған сен ризасынба?» - деді. Сонда баласы: Әке – Алла Тағаланың әмірін орындаңыз. Мен сабырлы боламын. Алла Тағаланың әмірін бұлжытпай орындасын деп жаны ашыған баласы Исмайыл әкесіне қарап былай деді: Әке! Менің қол аяқтарымды мықтылап байлаңыз. Киімдерімді шешіңіз, оған қаным шашыраса, анамның көңілі түсер.Пышағыңызды өткірлеп әбден қайраңыз.              

Әке, мені екпетімнен жатқызыңыз,- деді баласы. Өйтпесеңіз бет басыма көзіңіз түсіп тұрғанда, көңіліңіз түсіп, қолыңыз батпай қалмасын», – деді баласы Исмайыл.

Ибраһим (а.с.) баласының екі қолын мықтылап байлап, оны жерге жатқызды да, қолына пышағын алды. Ол пышағын баласының тамағына ұстап, бар пәрменімен тартып жіберді. Бірақ пышағы өткен жоқ . Бірнеше рет қайталады, онда да пышағы өтпей қойды.

Сол уақытта Алла Тағаладан аян келді: «Әй, Ибраһим! Сен көрген түсіңе адалдық таныттың. Міндетіңді орындадың. Исмайылдың орнына құрбандық ретінде шаларсың деп қошқар түсірдім. Біз жақсы құлдарды осылайша марапаттаймыз!»

Бала құтқарылды. Әке Алла Тағалаға алғысын жаудырды.

Исмайылдың орнына құрбандыққа шалуға Алла Тағала семіз қошқар түсірді. Ибраһим (а.с.) бұрылып қараған шақта қастарынан бір қой көрді. Пышағын алып қойды құрбандыққа шалды. Бұл қой Исмайылдың орнына шалынған қой еді. Сонан бастап мұсылмандар осы уақиғаны атап өтіп құрбандық шалатын болды.

Алла Тағала Ибраһимді сынағаны болмаса, Исмайылды құрбандыққа шалуды қаламады.Ол тек Ибраһим Пайғамбардың өзіне адалдығына, әмірін қалтқысыз орындауына тәнті болуды қалады. Әйтпесе, Алла Тағалаға сойған малдардың еті мен жүні де қажет емес екені белгілі.

Мұсылман бауырлар, бұл оқиғадан алатын   сабағымыз - Алла Тағалаға деген махаббат балаға деген махаббаттан әлдеқайда жоғары болу керек.

Біз, мұсылмандар құрбанды тек Алла ризалығы үшін шаламыз. 

Алла Тағала былай дейді: «Айт (Әй, Мұхаммед) Расында менің намазым, құрбаным, тіршілігім және өлімім әлемдердің Раббы Алла үшін, Оның серігі жоқ. Әрі осы нәрсе маған әмір етілді және мен бойұсынушылардың алғашқысымын», (Құран, 6:162,163) және басқа сөзінде «Сондықтан Раббың үшін намаз оқы, құрбандық шал». (Құран, 108)

Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жөнінде былай дейді: Әли (р.а.) былай деп айтқан: « Алланың Елшісі маған төрт сөзбен мына нәрсені әңгімелеп берді; Алла, Алладан өзгеге құрбан шалған адамды қарғысқа ұшыратады, Алла, ата – анасын қарғаған адамды қарғысқа ұшыратады, Алла бұзақыға (дінге жаңа нәрселерді енгізетін адамға немесе қылмыскерге) пана берген адамды қарғысқа ұшыратады, Алла жер бетінде нұсқау белгісін (жол белгісін, шекараны) өзгерткен адамды қарғысқа ұшыратады».

Бұл хадистен білетін нәрсеміз Алла Тағала, Алладан басқаға құрбан шалғандарды жақсы көрмейді, ондай адамдар қарғысқа ұшырайды.        

Айттың алғашқы күні ғұсыл құйынғаннан кейін әдемі, таза киім киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке барамыз. Айт намазын оқығаннан кейін құрбан шалатын адамдар құрбандықтарын шалады да оны тиісті орындарға таратып береді.

Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғандарды аралап айт мейрамымен құттықтайды.

Мұсылман айт күндері мейлінше көтерінкі көніл- күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысады. Айт күндері адамдар бір бірлерін кешірген жөн. Аурып жатқан адамдардың көңілін сұрау керек, және жесірлерге көмектесіп, тағы басқа осы сияқты амалдар жасау керек.

Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Бұған дәлел мына хадис бола алады. Бәрә ибн Азибтің риуаяты бойынша: «Алланың Елшісі (с.ғ.с.): Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын – ісіміз намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе біздің сүннетімізге ергені. Ал, кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген етпен айырмашылығы жоқ. Мұның құрбан болуы мүмкін емес».

Басқа бір хадисте: «Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын». Осы хадистерден білетініміз намаздан бұрын шалынған құрбандық есептелмейді.

Құрбандыққа шалуға болатын малдар

Тек қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын шалуға болады. Шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық қозы бір жасар қой сияқты семіз, етті болса құрбандыққа шалуға болады.

Қой немесе ешкіні тек бір адам ғана шалады. Ал сиыр ,түйені яғни ірі қараны бір адам шалады және жеті адам бірігіп шалса болады. Әр бір кісі ниетпен ортақтасады.

Құрбандыққа жарамайтын малдар

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) құрбандыққа жарамайтын мал жөнінде былай дейді. «Анық соқыр, таза аурушаң, таза ақсақ және жілігі көрінетіндей өте арық малдар құрбандыққа жарамайды» - деген.

Бір көзі соқыр

Сойылатын жерге жете алмайтын арық мал.

Құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ, немесе басым бөлігі кесілген.

Тістерінін көбі түсіп қалған.

Бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған.

Құрбандыққа шалынған малдың еті мен терісі

Бай болсын, кедей болсын құрбан айтта шалған құрбандықтың етін жеуге болады. Құрбандыққа шалған малдың етін үшке бөліп тарату мустахаб. Бір бөлігі туған-туыстарға, екінші бөлігі кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі.

Алла Тағала Құранда былай дейді: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіндер».

Пайғамбарымыз (С.А.У.) шалған құрбанының етін қалай таратқандығы турасында Ибн Аббас былай деп риуаят етті: «Пайғамбарымыз(С.А.У.) шалған құрбандығының үштен бірін-отбасына, үштен бірін-кедей көршілеріне, қаған үштен бірін садақа ретінде тарататын».

Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедей-мұқтаждарға беруге болады.

 

 

e-max.it: your social media marketing partner

Категория бойынша