19
Сейсенбі,
Наурыз

һижри

Намаздың сүннеттері (1)

Намаздың сүннеттері (1)

Бес парыз

Намаз сүннеттері Сүннет – Алла Елшісінің үнемі жасаған және ешқандай себепсіз тастамаған немесе кейде себепсіз жасамаған сөз бен іс-әрекеттері.

Намазда «субханака» дұғасын оқу, т.б. іс-әрекеттер – сүннет. Сүннеттің орындалуында сауап бар. Жасалмаса жаза жоқ. Тек қана айыпталады.

Намаздың сүннеттері намаздың уәжіптерін толықтырып, адамды артық сауапқа кенелтеді. Сүннеттерді орындау, оны әрдайым жасап отыру – Пайғамбарымызға (с.а.у.) деген шынайы махаббат.

  1. Бес уақыт намаз бен жұма намазы үшін азан мен қамат оқу. Сол секілді жамағатпен оқылатын қаза намаздар үшін де азан, қамат – сүннет. Бірақ жамағатпен бірнеше қаза намазы оқылатын болса, тек қана бірінші намаздан бұрын азан шақырып, қалған намаздарда қамат айтылады. Өз үйінде жеке намаз оқитын адам үшін азан мен қамат – мұстахап. Жамағатпен оқылатын намаз үшін азан, қаматтың айтылмауы – мәкрүһ. Жұмаға қалада бола тұрып себепсіз қатыса алмаған жандарға бесін намазын оқыр алдында азан мен қамат қажет емес. Әйел заты үшін де азан мен қамат сүннет емес.
  2. Ифтитах (бастау) тәкбірі үшін қолдарын көтеру – сүннет. Ер кісілер қолдарының бас бармақтарын құлақтарының жұмсағының тұсына, әйелдер қолдарын иықтарына жететіндей кеуделеріне дейін көтеріп «Аллау әкбар» дейді. Қолды көтерген кезде алақандары ашық күйде құбылаға қаратылып, саусақтары еркін тұруы керек. Ханафилар бұл жайлы мынандай хадистерге сүйенеді:

عَن الْبَرَاءِ بْنِ عَازِبٍ قَالَ كَانَ النَّبِيُّ صَلًّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إٍذَا كَبَّرَ رَفَعَ يَدَيْهِ حَتَّى نَرَى إٍبْهَامَيْهِ قَرِيبًا مِنْ أُذُنَيْهِ

Бәра ибн А’зиб (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісі тәкбір келтірген кезде қолдарын көтеретін. Сонда екі басбармағының екі құлағына жақын болғанын көретінбіз»[1].

Әнәс ибн Мәликтен мына хидис риуаят етілді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) намазды бастаған кезде тәкбір айтатын да қолдарының екі басбармағын екі құлағының тұсына дейін көтеретін»[2]. Дәрәқутни бұл хадисті сахих деген.

 عَنْ مَالِكِ بْنِ الْحُوَيْرِثِ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلِّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ كَانَ إِذَا كَبَّرَ رَفَعَ يَدَيْهِ حَتَّى بُحَاذِيَ بِهِمَا أُذُنَيْهِ

Мәлик ибн әл-Хуайристен риуаят етілген басқа бір хадисте: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) тәкбір айтқан кезде қолдарын құлақтарының тұсына дейін көтеретін...»[3].

Шафиғи мен Маликилер ибн Омардың: «Алла Елшісі (с.а.у.) намазға бастаған кезде екі қолын иығының деңгейіне жететіндей көтерді» – деген хадисі бойынша амал етеді.

Ханафи мәзһабында намазда бір-ақ жерде қол көтеріледі. Намазға бастаған уақытта ғана. Ал рүкүғке барғанда және қайтқан кезде тәкбір айтылғанмен қолдар көтерілмейді. Бұған байланысты көптеген сахих хадистер бар. Мысалы:

عَنْ عَلْقَمَةَ عَنْ عَبْدِ اللَّهِ أَنَّهُ قَالَ أَلَا أُصَلِّي بِكُمْ صَلَاةَ رَسُولَ اللَّهِ صَلِّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَصَلًّى فَلَمْ يَرْفَعْ يَدَيْهِ إِلَّا مَرَّةً وَاحِدَةً

Алқама Абдуллаһтан риуаят етті: Ол (Абдуллаһ ибн Мәсғуд): «Мен сендерге Алла Елшісінің намазын оқып көрсетейін бе? -деп намаз оқыды. Намазда екі қолын бір-ақ рет көтерді». Бұл хадис Насайиде келтірілген. Дәрежесі сахих. Сондай-ақ, бұл хадис Ибн Әби Шәйбада да келтірілген. Оның риуаятындағы жеткізген жеткізушілердің бәрі Бухари мен Муслимнің шартына сай. Тек Асым ғана Бухаридің шартына сай емес. Бірақ Муслимнің шартына сай. Бұл хадис тағы да Ахмадтың «Муснадында» келген[4].

Ханафи ғалымдары рүкүғқа барарда және рүкүғдан қайтқанда қол көтерілетіндігіне байланысты хадистерді емес, Ибн Масғудтың осы хадисін негізге алған. Себебі, Ибн Масғуд сахабалардың арасындағы ең көп фиқһ білімін меңгерген әрі жас жағынан да ең үлкені еді.

  1. Имамға ұйыған адамның ифтитах (бастау) тәкбірі имамның ифтитах тәкбіріне жақын болуы – сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл жайлы былай дейді: «Имам тәкбір алысымен, сен де тәкбір ал»[5].

Оң қолын сол қолының үстіне қою. Яғни, тәкбір алып, қол байланған кез. Хазіреті Алидің бір риуаятында: «Оң қолды сол қолдың үстіне, кіндіктің астына қою сүннеттен»[6].

 رأيت النبي صلى الله عليه وسلم وضع يمينه على شماله في الصلاة تحت السرة

Уайл ибн Хужр: «РасулАлланың оң қолын сол қолының үстіне әрі кіндігінің астына қойғанын көрдім», – деді[7]. (Бұл хадисті Әбу Бәкір ибн Әби Шайба риуаят етті. Хадистің дәрежесі сахих.)

Ерлер оң қолының іш жағын сол қолының үстіне қойып, бас бармақ пен шынашақ арқылы білекті орайды. Әйелдер екі қолын кеудесіне апарып, оң қолын сол қолының үстіне қояды. Бірақ саусақтарымен білектерін орамайды.

  1. «Субханака» дұғасын оқу. Яғни, ифтитах (бастау) тәкбірінен кейін құпия түрде «сәна» (мадақ) дұғасын оқу – сүннет. Ол төмендегідей:

سُبْحَانَكَ اللَّهُمَّ وَ بِحَمْدِكَ وَ تَبَارَكَ اسْمُكَ وَ تَعَالىَ جَدُّكَ وَ لَا إِلَهَ غَيْرُكَ

«Субханака Аллаумма уә би-хамдика уә тәбәракас-мука уа та’ала жәддука уә ләә-иләһә ғайрука». «Я, Алла! Сені тәсбих етіп (күллі жаратылыс пен нұқсан атаулыдан) пәктеймін. Саған «хамд» айтып, мадақтаймын. Сенің қасиетті есімің аса мүбәрак. Және де сенің ұлылығың аса жоғары. Сенен басқа ешбір құдай жоқ».

Алла Елшісінің намазды бастаған сәтте осы дұғаны оқығандығын Хазіреті Айша жеткізген[8].

  1. Алғашқы рәкатта – «Фатихадан» бұрын құпия түрде «Ә’узу мен Бисмиллаһтың» оқылуы және келесі рәкаттарда – «Фатихадан» бұрын Бисмиллаһ оқылуы – сүннет. Ә’узу мынау: «أَعُوذُ بِاللَّهِ مِنَ الشيْطَانِ الرَجِيم» «Ә’узу биллаһи минаш-шайтанир-ражим» (илаһи рақымдылықтан қуылған шайтаннан Аллаға сиынамын). Мұның айтылу дәлелі Құранда: «Құран оқыған кезде қуылған шайтаннан Аллаға сыйын»[9] «Бисмиллаһир-рахманир-рахим» (Рахман және Рахим Алланың атымен бастаймын). Бірақ имамға ұйыған «Фатиханы» оқымайтындықтан, «Ә’узу» мен «Бисмиллаһты» да оқымайды.
  2. «Фатиха» біткенде іштей «әмин» (дұғаларымызды қабыл ет) деу – сүннет. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Имам «уәладдаллин» деген уақытта сендер де «әмин» деңдер, кім де кімнің «әмин» деуі періштелердің «әмин» деуіне дәл келсе, жасаған күнәлары кешіріледі», – деген[10].
  3. Имамның айтатын тәкбірлері мен рүкүғтен тұрған кезінде: «سَمِعَ اللهُ لَمَنْ حَمِدَهُ» «Сәми’ Аллау лимән хамидаһ» (Алла өзін мадақтаған жанның мадағын естиді) сөзі мен намаздың соңында екі жаққа жария түрде сәлем беруі – сүннет. Сонымен қатар имамға ұйығандардың рүкүғтен тұрған кезінде құпия түрде: «أَللَّهُمَّ رَبَّنَا وَ لَكَ الْحَمْدُ» «Аллаумма Раббәнәә уә ләкәл-хамд» (Ей, Раббымыз Алла! Хамд пен мадақ саған ғана лайық) деуі мен тәкбір мен сәлемді құпиялап айтуы – сүннет. Жария оқудың ең төмені – алғаш саптағы адамдар еститіндей болуы керек. Құпия оқудың ең төмені – өзіне ең жақын адамның естуі.
  4. Рүкүғ пен сәждеге барарда және тұрғанда алынатын тәкбір – сүннет, Абдулла ибн Масғуд (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.у.) осылай тәкбір алғанын көргенін айтады[11]. Бірақ рүкүғтен тұрған кезде, «Сәми’ Аллау лимән хамидаһ» деп айтылады. Рүкүғқа барарда және қайтарда тәкбір айтылғанмен қолдар көтерілмейді.

 _______________________________________

[1] Сунануд-Дарәқутни, 3-том, 245-бет. Муснад Ахмад.

[2] әд-Дарәқутни.

[3] Муслим, әс-Салат.

[4] Зафар Ахмад, Иғлаус-сунан, 3-том, 70-71 бет. Дарул-кутубулғилмия, Байрут. 1997 ж.

[5] Бухари, Салат, 18; Муслим, Салат, 62.

[6] Әбу Дәәуд, Салат. 118.

[7] 9Әсғад Мухаммад Сағид әс-Сағиржи, Фиқһулханафи уә адиллатуһ, 163-бет. Дәрул-калимут-таййб, Димашқ. Рахматуллаһи Абдунғаний Ибараһим Халил, Нақлул ихтилаф биқасдил-и′тиләф, 77-бет. Сауд Арабия, Әл-мактабатулмәккиаһ. 2000 ж.

[8] Муслим, Мусафирин, 202.

[9] Нахыл, 16/98.

[10] Бұхари/1-108.Хадисті Әбу Һурайра риуаят етеді.

[11] Бухари, Азан, 116

Бөлісу: