29
Жұма,
Наурыз

һижри

Нифақ (екіжүзділік) адамды құрдымға жеткізеді

Нифақ (екіжүзділік) адамды құрдымға жеткізеді

Пәтуа all

Екіжүзділік (нифақ) аты айтып тұрғандай мұсылмандар арасында мұсылманмын деп, олардың көзінше шариғаттың амалдарын жасап, ал өзі жеке қалғанда жан дүниесі Исламға қарсы адам. Яғни жақсылықты сырттай көрсетіп, күпірлік (имансыздық) мен жамандықты іште жасырады.  Ол күпірлік, ширк және пасықтық секілді бірнеше түрге, әрі деңгейге бөлінеді.

Оның кейбірі асыл дініміздің шеңберінен шығаратын болса, кейбірі ондай дәрежеде емес. Олар жайлы Құранда Алла Тағала: «Адамдардың арасында: «Аллаға және Ақырет күніне иман келтірдік», - дейтіндер бар, бірақ олар (негізінде) иман келтірмеген. Олар Алланы және иман келтіргендерді алдамақшы болады, бірақ (шынында) олар өздерін ғана алдап жүр, алайда (өздері) оны сезбейді. Олардың жүректерінде дерт бар, сонда Алла дерттерін арттыра түседі. Өтірік айтқандары үшін, оларға ұлы азап болады» («Бақара» сүресі, 8-10-аяттар).

 

Екіжүзділіктің үлкені – үлкен нифақ

Нифақтың бұл түрін — сенімде болатын екіжүзділік деп те айтады. Мұндай түрінде екіжүзді болған адам сырт көзге Исламды қабылдаған болып, іштей дінге қарсы болады. Сенімдегі екіжүзділік алты түрлі жолмен болады:

1. Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарлығына кәміл сенбеу;

2. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кейбір сөзін болса да жалғандыққа шығару;

3. Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) деген сүйіспеншіліктің болмауы;

4. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннәтін құрметтемеу;

5. Діннің нашарлауын қош көру;

6. Діннің күш алуын қаламау;

Көріп тұрғандарыңыздай мұндай екіжүзділік белгісі бар кісі діннен шығады және қияметте тозақтың ең төменгі орнында болуға лайықты. Бұл жайлы Құранда: «Негізінен мұнафықтар тозақтың ең төмеңгі қабатында болады. Әрі оларға ешбір жәрдемші таба алмайсың». («Ниса» сүресі, 145). Бұл түрі күпірліктен де зиянды, себебі ол күпірлікті жүрегінде жасырып тілімен және амалдарымен иманды істерді жасайды. Яғни, өзін иманды кісі ретінде көрсетеді. Исламның сыртқы бейнесінде ғана көрсетіп дінді жан-дүниесінде қабылдамаса да ондай кісілерге осы дүниеде исламның үкімдері жүргізіледі және мұсылмандарға жасалатын мәміле көрсетіледі.

 

Екіжүзділіктің кішісі – кіші нифақ

Бұл түрді амалдағы екіжүзділік деп те атайды. Мұндай түрі күпірліктің кіші түрі секілді адамды күнәхар етеді, бірақ оны жасаған адам діннен шықпайды және тәубе жасамаса да Алла Тағаланың кешіруі мүмкін күнәларының қатарына жатады. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай дейді: «Төрт түрлі белгісімен ерекшеленетіндер (толығымен) екіжүзді есептеледі, ал кімнің бойында осылардың бірі болса, одан құтылмайынша оның бойында екіжүзділіктің бір белгісі болады. Мұндай белгілер мына адамдарда болады: оған сеніп тапсырылса опасыздық жасайды, әңгіме айтса өтірік айтады, шарттасса шартын орындамайды, ал егер біреумен бір істе ортақ шешім таппаса заңсыз түрде шектен шығады», бұл хадистің басқа нұсқасында былай делінеді: «…керек десеңіз ол ораза ұстап, намаз оқып және өзін мұсылманмын, деп есептесе де» деген. (Бұхари, Муслим).

Жалпы екіжүзділік белгісі кісінің иманында, ісінде(амал) және мінез-құлықында кездеседі. Иманға бойлаған екіжүзділік күпірлікке жетелесе, ісжүзіндегі көрнісі аманатқа қиянат етуге жеткізеді. Ал, мінез-құлықтағы көрінісі арамдыққа алып барады. Хадистерде келген екіжүзділік белгілері кейде мұсылманның бойынан табылуы мүмкін. Ондай болған жағдайда оған кәпір, нағыз екіжүзді деуге болмас. Ол мінез-құлқында екіжүзділік бар адам болып есептеледі.

Сахабалар да екіжүзділіктен қатты қорыққан екен. Ұлы табиғин ибн Әби Муләйка (Алланың рахымына бөленсін): «Мен, Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі бослын) отыз сахабасын кездестірдім, олардың әрқайсысы өз басына екіжүзділіктен қауіптенген (қорыққан)» дейді. Мұнафықтарға қатысты құпияны білетін Хузайфәтул Ямани (Алланың рахымы болсын) сахабадан бірде мүминдердің әміршісі, халифа Омар (Алла оған разы болсын) сол екіжүзділердің есімдерін атауын өтінеді. Сонда сертіне берік сахаба: «Мен Алла Елшісінің маған сеніп айтқан құпиясын жан баласына жақ ашып айтпаймын, тіпті Хаттабтың ұлы Омарға да» - деп жауап берген. Сонда екіжүзділердің қатарына еніп кетпедім бе екен деген ой мазалап, бойын үрей билеген халифа: «Уа, Хузайфа! Мұнафықтардың есімдерін атаудан бас тартсаң да, тым болмаса сол мұнафықтардың ішінде Хаттабтың ұлы Омар деген есімнің бар-жоғын айта аласың ба?» - деп өтініш білдірген екен.

Заманымыздың заңғар ғұламасы Шейх Мұхаммед Садық (Алла рахымына бөлесін) та екіжүзділіктен сақтандырып былай деген екен: «Момын адам нифаққа (екіжүзділікке) тиесілі әрбір үлкенді-кішілі нәрседен тура жанып тұрған қорқынышты оттан қорыққандай қорқуы жəне оған түсіп кетуден сақтанғандай қорғануы тиіс» деген.

Олай болса, қадірлі мұсылман бауырлар! Алла Тағала қандай амал істесек те адал жүрекпен, ақ ниетпен орындап, ішкі дүниесі сыртқы көрінісіне сай келетін пенделерінен болуға жазсын!

 

Төлеген Арғынбайұлы,

«Әлжан ана» мешітінің наиб имамы

Бөлісу: