29
Жұма,
Наурыз

һижри

Ағайындық және қонақта болғанның ақылары

Ағайындық және қонақта болғанның ақылары

Пәтуа all

«Жақыннан күдер үзгендер

Жақынын ұрып жат қылар.

Жылқыдан күдер үзгендер

Биесін сатып ат қылар.

Жақсы болса ағайын

Көңіліңді шат қылар.

Жаман болса ағайын

Өзін өзі жат қылар» – деп Майлықожа ақынның жырлағанындай, туыстық қатынастарды берік ұстану, туыстық ақыларға зор ықыластылық таныту о бастан қазаққа сіңісті мінез.

Дінімізде ағайындық және қонақтың қақылары қатарына көбіне мына амалдарды жатқызады: сәлем беру, сый-сияпат жасау, амандықтарын сұрапотыру, ағалары мен нағашы ағаларын әкесіндей көру, апалары мен нағашы апаларын шешесіндей сыйлау, үнемі қол ұшын беру, теріс мінездеріне төзе білу секілді қасиеттер – ағайын арасындағы ақылардың құрамдас бөліктері. Құран кәрімде Алла тағала: «Уа, адам баласы, сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратып, ол екеуінен көптеген ер мен әйелді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар. Сол арқылы Алладан және туыстардан безінуден сақтаныңдар», – деген («Ниса» сүресі, 1-аят). Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өсиет ететін жақыны бар мұсылманның екі түн қатарынан өсиетін айтпастан түнеуін кісі ақысын сақтамау деп білген. Өсиет дегеннің өзі ағайын-туысқа қатысты дүние болғандықтан, мұны міндетіміз деп білген жөн. «Алла мен ақырет күніне сенген адам қонағын күтсін. Алламен ақырет күніне сенген адам туыстарына қарассын.Алла пен ақырет күніне сенген адам не жақсы сөз айтсын, не болмаса үндемесін» деген. Пайғамбарымыз(саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қонақ болудың мерзімі үш күн екенін, одан асқан мерзімде түскен шаңырағына қиындық тудыратынын және үй иесінің қонақты үш күннен кейінгіасырауы нәпіл садақа саналатынын айтқан.

Халид ибн Зәйдтен (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай деген: «Қонағын ішкізіп жегізген, зекетін берген және ауыртпалықта қарасқан адам сараңдық сорынан құтылған бақытты». Дініміз қайтыс болған туған-туыс пен көрші-қолаңның қарызын тезірек төлеп, жылдамдатып қабірге қою қажет екенін Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) аузымен жеткізген: «Мүминнің рухы қарызы төленгенше қарызына байланған күйде тұрады». Талха ибн Бәра (р.а.) ауырып қайтыс боларда кіріп-шыққан Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оның туыстарына: «Талхаға ажалдың жақындағанын көріп тұрмын. Қайтыс болса, маған хабар беріңдер. Денесін жуып,кебіндеуді тездетіңдер. Мұсылманның мәйітін үйде ұзақұстауға болмайды» дейді.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ағайынға қарасқан жанға Алланың да қарасатынын, ағайыннан безгеннен Алла да қашық тұратынын, өзіне жамандыққылған ағайынға жақсылық қылған адамның Алланың қолдауына ие болатынын айтқан. Сондықтан, араздасқан ағайынмен араға үлкендерді салып жарасқан, қажет болса кешірім сұрап табысқан жақсы. Мұндайда өзім білемдікке салынып, нәпсінің жетегінде кеткендер көп нәрсе жоғалтады. Есесіне көңіліне ауыр тисе де ағайынмен татуласа білген жан Алла мен елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айтқанын істеп сауабын алады. Тағы бір айта кететін жайт, ағайынға жасаған жақсылығын түгендеп, «пәленшеге қиын сәтте жанынан табылдым, түгеншеге мынадай жәрдемім тиді» депжүрген жерінде жарияға жар салу мұсылмандықтың айнасына түскен дақ болады. Мұсылман жақсылығын бұлдамайды, оның қарымын Алла тағала еселеп қайтаратынын жақсы біледі.

Сондықтан, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айтқандай, «келмегенге барған, бермегенге берген» дұрыс. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ризығының мол, ғұмырының ұзақ болғанын қалайтын адамның туысқанға қарасу керек екенін, бірінші болып жақын туысқажақсылық жасап, ат құйрығын шарт кесіп, өкпелі болған ағайынмен татуласып, оның тілеуін тілеу қажет екенін айтады. Туыстық туралы айтылған хадистерде ағайынға сый-сияпат жасаудың құлды азат етуден анағұрлым сауапты іс екені, садақаны жақынына бергеннің әрі садақа беру, әрі туысқанға қарасу сауабын алатыны, Жәннатқа апаратын амалдардың бірі ағайын-туысқа қарасу екені және басқа да сауапты істер турасында сөз қозғаған.

Алла тағала құдси хадисте: «Уа, туысқандық қасиет, сені берік ұстағанға қарасамын. Сенен безгенмен байланысты мен де үземін», – дейді. Әбу Хұрайрадан (р.а.) жеткен риуаятта мынадай әңгіме бар: «Біреу келіп: «Уа, Алланың елшісі, мен туыстарыма барып тұрамын, бірақ олар маған келмейді. Қанша жақсылық жасаймын, ал олар маған жамандық көрсетеді. Қанша түсіністікпен қараймын, бірақ олар керісінше істейді», – деді. Сонда Алла елшісі (саллаллаһуаләйһи уә сәлләм): «Егер осының барлығына төзіммен қарасаң, олар мұндай әрекеттері арқылы тұмсығын қып-қызыл шоққа сұққандай болады. Сен бұлай істеген сайын Алла сені қолдайды», – деген еді. Әнес ибн Мәликтен (р.а.) жеткен мынадай бір хадис бар: «Мәдиналық ансарлар арасында құрма бағының еңкөбі Әбу Талхаға тиесілі еді. Әбу Талха нәби мешітінің алдындағы Бәйруха деп аталатын құрма бағын ерекше жақсы көретін. Алла елшісі де (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сол баққа жиі барып, сондағы тұщы құдықтан шөл қандырушы еді. «Сүйген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар» деген аят түскенде, Әбу Талха Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) алдына келіп: – Хақ тағала «Сүйген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар» деп аятты уахи етті. Менің жаныма жақын дүнием – Бәйруха бағы. Соны Алла разылығы үшін садақа қылдым. Мәуелі бақшамның сауабын Алла ақыретте азық қып қайтарса деймін. Бәйруханы не істеймін десең де еркіңде, – дейді. Сонда Алла елшісі – Бәрекелді. Берекелі мал дегенің тек пәниде емес,бақи дүниеде де ырзығын беретін дүние. Алла тағала екі дүниеде де жақсылық берсін саған. Бақты туыстарыңа бергеніңді дұрыс деп білемін, – деді. – Онда солай істейін, – деді де, Әбу Талха бақшаны бауырлары мен немере аға-інілеріне бөліп берді».

Хазірет Айша анамыздан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Туысқандықтың қастерлі бауы Аршқа ілінген күйі адамдарға арнап: «Мені сақтағанды Алла қуаттап қолдасын. Менен безгенді Алла рақымынан құр қалдырсын», – дегенін жеткізеді.«Жоқ-жітікке берілген садақа – бір садақа, туысқанға берілген садақа – екі садақа орнына жүреді. Біреуі – садақа сауабы болса, екіншісі – ағайынға қарайласудың сауабы», – дейді тағы бірде Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм). Дүниенің бір бақыты туыс-туғанмен көңіл жарастырып, тату-тәтті өмір сүру емес пе? Пәни дүниенің дейміз-ау, ағайынмен ат ізін суытпай араласып отырудың ақыреттік сауабы да ұшан-теңіз.

материал «Ала жіпті аттама» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: