03
Жұма,
Мамыр

һижри

Дінге қайшы, харам табыс көздері

Дінге қайшы, харам табыс көздері

Пәтуа all

Дінге қайшы табыс табу жолдарына əуелі Алланың əмірі үшін жəне мұндай кіріс көзі басқалардың ақысын мансұқ еткендіктен тыйым салынған. Харам санатындағы табыс көздеріне келетін болсақ, олар мыналар: Есірткі, арақ-шарап, темекі саудасынан түскен табыс Ислам адамды ақыл-естен тандырып, өз іс-əрекетіне есеп беруден қалдыратын алкогольді ішімдіктер, есірткі, басқа да есеңгірететін заттардың саудасына тыйым салған.

Бұл заттарды тауар айналымынан шығарған. Сөйтіп, көпшілік арасында маскүнемдіктің, нашақорлықтың кең жайылуының алдын алған. Бұл жолдағы саудагерлер қоғам үшін аса қауіпті қылмыскерлер. Олар үшін адам өмірі түк емес. Аз күндік бас пайдасына бола адамдарды шыңырауға құлатып қарап отырады. Əдетте, есірткінің дəмін татып, оған бой алдырған адамдар ақыл-ой, сана-сезім, ар-ождан, намыс-ұят секілді адами қасиеттерден жұрдай болады, сосын жан түршігерлік қылмыстарға бой ұрып, ауруынан айығуға күш-қайрат таба алмайды. Бұл тұтастай ұрпақтың, елдің ақысының бұзылғаны.

а) Лотерея, бәс тігу ойындарынан түскен табыс Құранның «Мəида» сүресінде құмар ойындарына тыйым салынған. Пайғамбарымыз құмар ойнамақ түгіл оған жол береді деген іс-əрекеттің бəріне қырын қараған. «Кімде-кім досына «кел, құмар ойнайық» деп ұсыныс білдірсе, садақа берсін» деген. Казино соғу, лотерея ойнату, букмекерлік кеңсе ашу, тотализатор ұстау секілді хараммен баюға дінімізде жол жоқ. Дінге қайшы жолмен мал жиған адам оны жаппай жақсылыққа жұмсаса да, күнəден құтыла алмаса керек. Ол қайтсе де басқаны алдап соққанының, көпекөрінеу кісі тонағанының обалын мойнына жүктейді.

ә) Жезөкшеліктен, жезөкшелікке апаратын жолдан түскен табыс Жезөкшелік адамның тəнін саудалап, ақша табудың амалы ғана емес, ол адам өмірі үшін де, қоғам үшін де аса қауіпті құбылыс. Қоғамдағы отбасы, дін, мемлекет институттарының қызметін жоққа шығарады, қалыптасқан адамгершілік, адалдық, ар-намыс, сенім, сүйіспеншілік секілді моральдық, этикалық құндылықтарды аяққа таптайды. Құран кəрім жезөкшелікке былай деп тыйым салған: «Зинаға жоламаңдар (оған бейімдейтін əртүрлі əрекеттерден аулақ болыңдар)! Өйткені, ол анық арсыздық жəне жаман жол» («Исра» сүресі, 32-аят). Жезөкшелікпен айналысқандар, жезөкшелікпен айналысуға тартқандар, жезөкшелер үйін ашқан «жеңгетайлар» қоғамның рухани азғындауына, арсыздық пен ұятсыздықтың етек жаюына, бұрын-соңды кезікпеген ауру-сырқаудың белең алуына себепші. Оның зауалы, жазасы туралы айтудың өзі артық əңгіме секілді.

б) Бал ашу, сәуегейлік жасаудан түскен табыс Бал ашу, сəуегейлік жасау адамды алдап соғуға құрылған көп əдістің бірі. Ешкім ғайыпты болжап біле алмақ емес, адамды алда не тосып тұрғаны бір Аллаһқа аян. Қу құлқынның құлына айналған балгер, көріпкел, сəуегейлер аздаған ақша үшін адамды тура жолдан тайдырады. Бір қауіптісі, олар көбіне Исламның атын жамылып жұмыс жүргізеді. Оларға дініміздің түбегейлі қарсы екенін елдің бəрі біле бермейді.

в) Зекеті берілмеген байлық Нисап мөлшеріне жеткен мал-мүліктен зекет бөлек алынбаса, оны меншік иесінің қажетіне жаратуы харам. Зекеттің өзгелердің несібесі екені Құран аяттарында анық білдірілген.

г) Мұрадан басқалардың ақысын жеп алған үлес Мұраға қалған мүліктен өз үлесінен алған соң да тыныш таппай, өзгенің несібесіне де көз сүзіп, басқалардың да үлесін зорлықпен иемдену дініміз құптамайтын қылық.

ғ) Кіріптарлық жағдайында жасалған мәміледен түскен табыс Кіріптарлық жағдайында, əлдекімнің құқығына көпе-көрінеу нұқсан келтіретін мəміле жарамсыз болып саналады. Мəміле жасасқанда адамның еркінен тыс жəне оған тым тиімсіз шарттар ұсынуға болмайды.

д) Бопсалау нәтижесінде жасалған мәміледен түскен табыс Өзіне ұнаған нəрсені иесі келіспесе де, қорқытып-үркітіп сатып алу кісі ақысының тапталғанына айғақ. Мəселен, қаланың бас жоспарында, аумақты дамытудың перспективасында жасыл желек белдеуі ретінде немесе жол құрылысы қарастырылған деген сылтаумен үйжайларды, жер телімдерін арзанға сатып алуды осыған жатқызуға болады. Бұл нарық бағасынан арзанға бағалау жəне меншік иелерінің ықтиярынсыз болғандықтан, олардың құқығын бұзушылықтың көрінісі. Дініміз бойынша мұндай мəмілелер жарамсыз саналады.

е) Сауда-саттық барысында ант-су ішу Сауда-саттық барысында ант-су ішуге тыйым салынған. «Уа, көпестер (саудагерлер)! Жалған ант-су (қасам) ішу, бос сөз жəне сауданың шалғайында шайтан мен күнə жүреді. Сауда-саттықтарыңды садақамен араластырыңдар!»деген хадис осыған дəлел. «Сауда-саттықта ант-су ішуден сақтаныңдар. Серт беру əуелгіде тауарларыңды өтімді жəне қажетті (ұтымды) қылғанымен, артынша бүлдіреді, берекесін кетіреді» деген хадистен ұққанымыз тауарды өткізу, сөзін нанымды қылу үшін ант беруге болмайтындығын ұғамыз. Ант беру екі түрлі: Тауарда жоқ нəрсені бар деп, ақауын жасырып, сондай-ақ, өзіндік құны қымбатқа түсті деп өтірік ант-су ішу. Жалған серт саудада ғана емес былайғы тұрмыста да күнə. Өтірік болмаса да тауарды өткізу үшін, сауданы жүргізу үшін берілген ант. Рас болса да, сауда барысында серт беру дұрыс емес. Ант беру сырт көзге тауарды өткізуге септігін тигізген болса да, түскен табыста қайыр, береке болмайды.

материал «Ала жіпті аттама» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: