24
Сәрсенбі,
Сәуір

һижри

Дос пен достың арасындағы жолдастық ақылары

Дос пен достың арасындағы жолдастық ақылары

Пәтуа all

Адамның адамсыз таңы атып, кеші батқан емес. Адам баласы ойлары бір жерден шығып, əңгімелері жарасатын сырлас жан іздейді. Сондықтан болар, достықтың адам өмірінде алатын орны келелі.

«Достық – өз бойына сан алуан жан азығын жинаған алып қуат. Қайда барсаңыз да ол сізге қызмет етеді, кісіні ешқашан мезі қылмайды, ешқашан орынсыз жерге килікпейді, сəттілікке жаңа сəуле береді. Достықтың жанашыр лебі ескен кезде сені торуылдаған сəтсіздіктер өзөзінен ыдырап келмеске кетеді» деген екен ежелгі Рим ойшылы Цицерон. Кез келген мұсылманның басқа бір мұсылман ақысына үлкен жауапкершілікпен қарайтыны белгілі. Ал, бұлар өзара дос болса, жауапкершілік мүлде ұлғая түспек. Ғалымдар мұны былайша қарастырған:

1. «Жақсы жолдас жанға серік, жаман жолдас малға серік» деген, достықтың негізінде малмүлік пен жеке мүдде емес, рухани үндестік жатуы керек. Достық деген қалтқысыз көңілмен тек Алла разылығына бағытталмақ;

2. Дос достың айыбын ақтарып, кемшілігін іздемеуі қажет;

3. Дос достың көңіліне қаяу түсіретін сұмпайы əрекетке бармайды;

4. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) өсиетіне сай кісі досына өзінің оны жақсы көретінін білдірсін;

5. Қиын-қыстау күндері көңіліне медет болсын;

6. Досын өзінен де артық көріп, оған ешқандай салмақ салмауға, қиындық тудырмауға тырысуы;

7. Адалдықтан айнымауы;

8. Жолдары бір болса, жол бойы бір-біріне қарайласуы; Сахабалардың бірі, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) бір сапарда: «Басы артық мініс көлігі барлар малын жаяуларға берсін. Тамағы көптер тамақтарын басқалармен бөліссін» дегенін айта келіп: «Біз басы артық ешбір дүниеде ақымыз жоқ-ау, деп ойлап қалдық», – дейді.

 9. Достар ары кетсе үшеу болады. Егер одан көп болса, араларынан біреуін басшы сайлауы тиіс.

Достық туралы ел ішінде мынадай əңгіме тараған. Ертеректе Əйтімбет деген сөзге шешен кісі болыпты. Бір отырыста Əйтімбет шешенге замандастары: –Достық нешеу? – деп сұрақ қояды. Сонда Əйтімбет тұрып: – Достықтың екі түрі болады. Бірі адал достық та, екіншісі-амал достық. –Дұрыс-ақ. Енді оларды қалай ажырата аламыз? – дегендерге: – Адал достық-өмірлік нұсқа болады, амал достықтың өрісі қысқа болады, – деп жауап берген екен Əйтімбет.

Серəлі Еруəліұлы ақын да (1835-1876) өз өлеңінде достарды бір-біріне адал болуға шақырып былай деген:

Нағыз дос бір-біріне тарылмайды,

Жуырда түрткеніне жарылмайды

Жақсы-жаман айтты деп елемейді,

Бақ-дəулет сол адамнан арылмайды.

Нағыз дос бірін-бірі жамандамас,

Араға көп өкпе сап табандамас.

Көңілі татулықты іздеп тұрар,

Жөніне татулықтың шабандамас...

материал «Ала жіпті аттама» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: