21
Сейсенбі,
Мамыр

һижри

Шалбардың балағын тобықтан түсіріп киген кісі тозақтық па?

Шалбардың балағын тобықтан түсіріп киген кісі тозақтық па?

Пәтуа all

Пайғамбарымыздың кез келген хадисін оқығанда тікелей мағынасынан гөрі оның қандай мақсатпен айтылғанына көбірек көңіл  аударуымыз қажет. Көбіне бір  ғана хадистің мағынасын айқындау  үшін пайғамбарымыздың сол мәселеге байланысты басқа да хадистерін зерделеп, зерттеуге тура келеді.

Ал енді  сұрақта  келтірілген  пайғамбарымыздың (с.а.у.)  жоғарыдағы «Изардың  тобықтан  төмен түскені  тозақта»  делінген  хадисін  оқыған  уақытта: «Пайғамбарымыз  неліктен  киімінің  балағын  бірнеше сантиметр төмен түсірген кісіні тозақтың азабымен ескерткен екен?  Неліктен мұндай кішігірім мәселеге байланысты үлкен азап болуға тиіс? Жоқ әлде, бұл хадистегі тыйылған нәрсе киімнің ұзындық мөлшері емес, киімнің ұзындығына байланысты тозаққа апарар басқа бір  іс пе?» деген орынды ой туары  сөзсіз.

Абдуллаһ ибн Омардан риуаят етілген мына хадисте пайғамбарымыз (с.а.у.): «Алла Тағала тәкаппарланып киімін жерге сүйреткен кісіге қиямет күні қарамайды (рақымдылық көрсетпейді)» деген. Мұны естіген Әбу Бәкір: «Менің изарымның бір жағы егер қадағалап көңіл бөлмесем төмен түсіп тұрады» деп сауал тастады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Ей, Әбу Бәкір! Сен оны тәкаппарланып істейтіндерден емессің ғой» деп жауап берді. Пайғамбарымыздың  Әбу  Бәкірге  берген  жауабынан хадистегі шалбардың ұзындығын тобықтан асыруға қатысты тыйымның жалпы тыйым емес, тәкаппарлыққа қатысты  екенін  түсінеміз.  Себебі,  пайғамбарымыздың заманында және сол кездегі  араб ғұрпында дененің белден төменгі жағына  киілетін шалбар секілді киімдер тобыққа жетпейтіндей қысқа болатын. Ал тобықтан асырып, етегін жерге сүйретіп киетіндер көбіне өздерін өзге адамдардан жоғары санайтын тәкаппар адамдар болатын.

Сондықтан  пайғамбарымыз  тобықтан  асырып  киюге тыйым салған. Яғни, бұл жердегі негізгі тыйылған нәрсе киімнің ұзындығының мөлшері емес, кісінің ұзын кию арқылы өзгелерден жоғары екендігін көрсетуді қалаған тәкаппарлық ниеті екенін түсінуге болады. Кейбіреулер пайғамбарымыз Әбу Бәкірге ғана рұқсат берген. Ендеше, біз бұл рұқсаттан пайдалана алмаймыз деген уәж айтады. Алайда  олардың бұл уәждері тіптен орынсыз.  Себебі  пайғамбарымыз  (с.а.у.)  Әбу  Бәкірге (р.а.) «Саған  ғана  рұқсат»  деп  үкімді  жекешелеме-ген. Керісінше, «(Уа, Әбу Бәкір) Сен тәкаппарланып киетіндерден емессің» деп оның киімінің төмен түсіп тұруының  тәкаппарлық  мақсатында  емес  екенін  анық ашып көрсеткен.

Яғни, бұл жерден Әбу Бәкір секілді тәкаппарлану  ниетінсіз  киімнің  балағын  тобықтан төмен түсіріп киюдің жоғарыда келтірілген «Изардың тобықтан төмен түскені тозақта» деген Пайғамбар (с.а.у.) тыйымынан тыс екенін түсіну қиын емес. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Әбу  Һурайрадан  риуаят етілген басқа бір хадисінде: «Тәкаппарланып изарын (дененің белден төменгі жағына  киілетін  шалбар  секілді  киім)  сүйреткен кісіге  Алла  Тағала  қиямет  күні  (рақымдылықпен) қарамайды»    деп  жалпы  ұзын  киюді  емес,  тек тәкаппарлану мақсатында ұзын етіп киюдің күнә екенін нақты түсіндірген. Иә, тәкаппарлық – дінімізде кісіні тозаққа лайық ететін қатерлі рухани ауру. Бұл жайлы пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде-кімнің  жүрегінде  тозаңдай  өркөкіректік болса, ол кісі жұмаққа кірмейді», – деді. Сонда бір адам: Әркім өзінің киімі мен аяқ киімінің әдемі болғанын қалайды (бұл да тәкаппарлыққа жата ма?)», – деп сауал тастады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Алла Тағала көркем, көркемдікті жақсы көреді. Тәкаппарлық ол – ақиқатты мойындамау әрі өзге адамдарды менсінбеу» деп жауап қайырды.

Киім киюдегі негізгі өлшемді пайғамбарымыз (с.а.у.) басқа бір хадисінде былай деп  түсіндірген: «Ысырапқа және паңданып, тәкаппарлануға жол берместен ішіп-жеңдер, киініңдер әрі садақа беріңдер!». Бұл хадис әл-Бухариде келген. Ибн Мәсғуд бұл хадиске «Қалағаныңды ішіп-же, қалағаныңды ки. Тек екі нәрсе сені жаңылтпасын: мыналар: ысырап және паңданып, тәкаппаралану»  деп  түсіндірме  берген.  Демек,  киім киюдегі негізгі тыйылған нәрсе – тәкаппарлық пен ысырап. Осы екі нәрсе қадағаланғаннан кейін қалаған киімді киюуге дініміз рұқсат етеді. Тек шариғат белгілеген әурет жерлердің жабылуы шарт.Ал  пайғамбарымыздың «изарыңның  балағын көтер,  изарды  төмен  түсіру  –  тәкаппарлықтан», немесе «Алла  Тағала  изарын  түсіріп  кигендерді, сүйретіп жүргендерді жақсы көрмейді» деген секілді тәкаппарлану  шартын  қоспастан,  тобықтан  түсіріп, жалпы ұзын киюді тыйған көптеген сахих хадистерін пайғамбарымыздың  заманына байланыстыра отырып түсінгеніміз жөн. Жоғарыда  келтіргеніміздей,  Пайғамбарымыздың (с.а.у.) заманындағы  қоғамның әдеті бойынша адамдар  изарларының  балағын қысқа киетін еді. Ал ұзын етіп жерге сүйретіп киетіндер көбіне өздерін өзгелерден жоғары санайтын тәкаппар жандар бо-латын. Міне, пайғамбарымыз осы жағдайды ескере отырып кей хадистерінде «тәкаппарлану ниетімен ұзын киетіндер тозақта» деп ашып түсіндерместен «жалпы ұзын киюді – тәкаппарлық» деген. Ал енді қазіргі таңда араб елдерінің өзінде бұл әдет өзгерген. Ал бізде мұндай шалбардың балағын ұзын етіп киіп, өзгелерден оқ бойы озық жүрейін деген секілді тәкаппарлық ниетті білдіретін әдет ата заманнан болған емес. Қазіргі таңда балағын  тобықтан  төмен  түсіріп  кигендерді  көргенде «анау тәкаппарлану үшін осылай ұзын етіп киіп алған»деген пікір ешкімнің ойына да келмейді. Тіпті қазіргі таңда керісінше балағын балтырына дейін қайырып, ады-мын алшақ басқан жандарды көрген кей адамдар олардың бұл ісін тәккаппарлыққа да балауы ғажап емес.

Бұл жайлы Абдур-Раззақтың «Мусаннафында» және Бәйһақидың «Шуғабул-иман» атты кітабында Әюбтың (р.а.): «Өткен замандарда киімді ұзын етіп кию мақтан балатын. Ал қазіргі күні киімді қысқа ету мақтан болды» дегені риуаят етілді. Ендеше, әдеттер жерге, елге, заманға қарай өзгеретінін ескергеніміз жөн. Егер жалпы ұзын кию тозаққа кіруге себепкер үлкен күнә  болғанда,  пайғамбарымыз  ең  жақын  досы  Әбу Бәкірдің ұзын киюіне мүлдем рұқсат бермес еді.Ал «изарының балағы ұзын күйде намаз оқығанның намазы  қабыл  болмайды» деген  мына  хадистің дәрежесінің «әлсіз» екенін ескергеніміз жөн. Әбу Һурайрадан риуаят етілді. Ол былай деді: «Бір кісі изарының етегін төмен салбыратқан күйде намаз оқып жатыр еді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған: «Барып дәрет алып кел», – деп бұйырды. Ол кісі біраздан кейін дәрет алып келді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған: «Тағы да барып дәрет алып кел», – деді. Пайғамбарымызға басқа бір кісі: «Уа, Алланың елшісі, сіз неліктен оған дәрет алуды бұйырдыңыз, бірақ ештеңе айтпадыңыз», -  деді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ол изарын жерге сүйреткен күйде намаз оқып жатыр еді. Ал, Алла Тағала киімінің етегін төмен салбыратып, жерге сүйреткен  кісінің намазын қабыл алмайды», – деп жауап берді». Мағына жағынан да, жеткізген кісілердің сенімділігі жағынан да бұл хадистің «әлсіз» екенін ескергеніміз жөн. Мағына жағынан әлсіздігі – егер ол кісінің шалбарының етегінің төмен түсіп тұрғандығы үшін намазы қабыл болмайтын болғанда, пайғамбарымыз ол кісіні дәрет алдырып әуре қылмай-ақ,  киімінің  балағының  ұзындығын  тікелей ескертер еді. Ал хадисті жеткізушілердің тізбегіндегі әлсіздігіне келер болсақ, Имам Шәукани бұл хадисті жеткізушілердің  арасындағы  Әбу  Жағфар  делінген кісінің – белгісіз кісі екенін айтады. Ал хадис ілімінде белгісіз кісінің риуаятына сақтықпен қаралады.Имам Шәукани өзінің «Нәйлул-әутар» атты кітабында: «Тәкаппарлану ниетінсіз  киімнің  балағын тобықтан асырып кию – харам емес», – деген.

Ал имам ән-Нәуауий өзінің «Әл-мәнсурат фи ъунил-мәсаайлил-муһиммат» атты пәтуалар жинақ кітабында былай дейді: «Ер  азаматтардың  шалбар,  изар  секілді  киімдерінің балағы  тәкаппарлану мақсатында тобықтан  төмен түсірілсе  –  харам.  Ал  тәкаппарлану  ниеті  болмаса, онда – мәкрүһ». Балақтың тобықтан асып тұруы жайлы ғасырымыздың фақиһ ғалымдарынан Уәһбатуз-Зухайли де Имам ән-Нәуауийдің жоғарыдағы пікірін білдірген. Иә,  тәкаппарлану  мақсатында  балақты  тобықтан төмен түсіру – харам. Ал басқа жағдайда – мәкрүһ. Ал бұл мәкрүһтіктің өзі жалпылай үкім емес. Тек қоғамның ғұрпында киімді тобықтан төмен түсіріп кию әдеті жоқ болса және киген жағдайда халық арасында басқаша түсініктерге  себеп  болып  жатса  ғана  мәкрүһ.  Ал, керісінше, қоғамның ғұрпында шалбар балағын тобықтан төмен түсіріп кию – әдет болса, әрі ұзын кию арқылы ешкімнің  ойына  тәкаппарлану,  паңдану  секілді  сезім ұяламайтын болса, онда мәкрүһ емес. Бұл жайлы Ха-физ Ахмад Ибн Али ибн Хажар әл-Асқалани «Фатхул-Бари  би  шархил-Бухари»  деп  аталатын  әл-Бухаридің хадис жинағына жасаған түсіндірмесінде былай дейді: «...Адамдардың  әдеті  бойынша  балақты  ұзын  етіп  кию харам емес. Тек тыйым салынған етекті, балақты жерге сүйретуге дейін жетпесе болғаны. Ғалым Ғиад: киімнің ұзындығы мен кеңдігіне байланысты адамдардың әдет еткен мөлшерінен артығының мәкрүһ екендігінде ғұламалардың бір  пікірде екенін жеткізді...  

Бұған  қоса  тәкаппарлық  ниеті  болмаса  да  киімді жерге тиетіндей етіп ұзын кию – тазалық әрі киістілік тұрғысынан да мәкрүһ. Себебі, онда киімнің былғану әрі тез тозу жағы бар. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Киіміңді жоғары көтер. Себебі,  жоғары көтеріп кию – тазарақ әрі киістірек» деген. Имам  Ахмадтың: «Тәкаппарлық  ниеті  болмаса, киімді ұзын кию – харам емес» дегені риуаят етілді.Ибн  Тәймия  кісінің  амалды  атқарудағы  ниетіне қарай күнә яки сауап алатындығын: «Кімде-кім көрікті киімді сараңдық ниетімен кимейтін болса оған сауап жазылмайды.  Ал  кімде-кім  көрікті  киімді  харам  санап кимейтін болса күнәһар болады. Ал кімде-кім оны Алла Тағаланың өзіне берген жақсылығы мен нығметін көрсету  әрі  тағат-ғибадатқа  қолдану  мақсатында кисе, сауапқа кенеледі. Ал енді кімде-кім оны мақтану мен тәкаппарлық үшін кисе күнәһар болады. Себебі, Алла Тағала  мақтаншақтар  мен  тәкаппарларды жақсы көрмейді. Міне, сол себепті Алла Тағала осындай ниетпен киімді ұзын киюді харам етті»,  –  деп ашып түсіндіргенннен кейін жоғарыдағы Әбу Бәкірдің «Менің  изарымның  бір  жағы  егер   қадағалап  көңіл бөлмесем  төмен  түсіп  тұрады»  деген  сауалына Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Уа, Әбу Бәкір! Сен оны тәкаппарланып істейтіндерден емессің ғой» деген жауабын дәлел ретінде келтіреді»

Сөз соңы мұндай ұсақ мәселелерде байып сақтап, елдің, жердің ерекшеліктеріне сәйкес келетін пәтуаларға жүгініп, әрдайым  Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Алла  Тағала  сендердің келбеттерің  мен дене-пішімдеріңе емес, жүректерің мен істеген амалдарыңа  қарайды»,  «Барлық  амалдар  ниетке  қарай  бағаланады...»  делінген  хадистеріндегі өміршең қағидаларды ұмытпасақ игі.

материал «Дін мен діл» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: