04
Сенбі,
Мамыр

һижри

Қонаққа барғанда астың адал не арамдығын сұрау керек пе?

Қонаққа барғанда астың адал не арамдығын сұрау керек пе?

Пәтуа all

Туған-туыстар, жора-жолдастар, көрші-қолаңдар әдеттегідей қонаққа шақырып, алдыңызға ет қойып жатса, күмәнданбастан «Бисмиллә» деп жей берген абзал.

Бастысы – ет адал малдың еті болуы тиіс. Ал, «Бисмиллә» деп сойылған малдың еті ме, жоқ па ол жағы сізге белгісіз. Қонаққа барғанда еттің арам не адалдығын сұрап жату артықтау болады. Қазақ халқы төрт түлік малдың етін жейтін мұсылман халық. Оның мұсылман екендігіне қарап, асының да адал екендігіне үкім беріледі. Бұл – Имам Ағзам Әбу Ханифаның (Алла оны рахымына бөлесін) жолы.

Сөзіміз дәлелді болу үшін мына риуаятты келтірейк:

Имам Мұхаммед (Алла оны рахымына бөлесін) айтады: Әбу Ханифаның бізге Хаммадтан (тәбиғин) жеткізген мәліметінде Ибраһим (Ән Нәхәьи) былай деген: «Бір мұсылман адамның үйіне кірсең, оның тамағын же. Суын іш. Еш нәрсе сұрама (Яғни, адал-арамдығын сұрама)».

Осы риуаятты келтіргеннен кейін Имам Мұхаммед (Алла оны рахымына бөлесін) сөзін жалғап: «Біз «еш нәрседен күмәнданба» дегенді аламыз. Және ол – Әбу Ханифаның (рахимаһулла) сөзі – деп қорытындылайды.

Осыған мазмұндас тағы бір риуаятты келтіргеннен кейін де Имам Мұхаммед (р.а):

«Осыны ұстанамыз. Оның еш ағаттығы жоқ, әрине, егер ол астың нақты арам екендігін білмейтін болса. Бұл – Әбу Ханифаның сөзі» – дейді.

Сондай-ақ деректерге қарағанда сахаба Абдулла ибн Масғудқа (р.а) бір адам келіп:

➖ Менің өсім жейтін көршім бар. Ол қоймай мені қонаққа шақыра береді. Не істесем болады? – деп сұрайды, өсімнен түскен ақшаға алынған азық-түліктің арам-адалдығына күмәнданып. Сонда сахаба Абдулла Ибн Масғуд (р.а) оған:

➖ Оны құттықтау, яғни шақыруына жауап беруің сенің міндетің. Ал, күнәсі өзіне, – деп жауап береді. Осы риуаятты жеткізген Суфян әс-Саури: «Егер дәл сол харам ақшаға алынған асты танып тұрсаң, оған тиме» – деп қосымша өз пікірін де білдіріп өтеді.

Қорыта айтқанда, алдыңызға ас қойылғанда еттің – «бисмилләмен» сойылған малдың еті ме, жоқ па сұрап жатудың қажеті жоқ. Күмәнданбай, «Бисмиллә» айтып жей бергеніңіз жөн. Ең дұрысы, Аллаға мәлім!

дереккөз: halaldamu.kz

Бөлісу: