14
Сейсенбі,
Мамыр

һижри

Пәтуаны кімнен сұрауға болады?

Пәтуаны кімнен сұрауға болады?

Пәтуа all

Шынында да, діни үкімдерді кез келген адамнан сұрау дұрыс емес. Мұның да өзіндік тәртіп пен қағидалары бар.

Әуелі, пәтуа ілімді, тақуа және әділетті адамнан сұралады. Бұл туралы Ханафи мазһабының атақты фақиһ ғұламасы Ибн Абидийн өзінің «Раддул Мухтар» атты кітабында: «Пәтуа ілімді кісілердің ішінен ижтиһад (діни мәселе бойынша үкім айта білетін) және әділетпен танылған, сондай-ақ халық арасында беделді де, абыройлы кісіден сұралады. Егер онда ижтиһад пен әділеттің бірі табылмаса, ол кісіден пәтуа сұрау дұрыс емес», – деген.

Пәтуа беруге лайықты болып табылған адамға ислам үмметінің мүжтаһид ғалымдары тарапынан қойылған шарттарға қысқаша тоқталып өтсек. Пәтуа беретін адам төмендегі қасиеттерге ие болуы шарт:

1. адал;
2. ақылды;
3. кәмелетке толған;
4. әділ, яғни шариғат шеңберінде іс жүргізуші. Өйткені, пәтуа - Алла Тағаланың үкімі. Пасық адамның пікірі немесе сөзі пәтуа ретінде қабыл етілмейді.
5. мүжтәһид, яғни діни мәселе бойынша үкім айта білетін.

Имам Шафиғи бұл туралы төмендегідей айтқан: «Аталмыш қасиеттерді өзінің бойында көрсете алған адам Алланың дінінде пәтуа бере алады: Ол Алланың кітабын, оның насых пен мансухын, мухкам мен мүтәшәбиһын, тәъуил мен тәнзилін, мәкки мен мәдәнисын жетік білуі, әрі ұғынуы шарт. Сондай-ақ, ол Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінен, араб тілі мен ақындық шеберлігінен, түрлі өлкедегі ғалымдардың діндегі ғылыми тұрғыдағы қарама-қайшылықтарынан толық хабардар болуы әрі жақсы түсінуі керек. Сонымен қатар, ол тапқыр, саналы, білгір, парасатты және зерек болуы шарт. Міне, сонда оның халал мен харам туралы сөйлеуге және пәтуа айтуына құқық беріледі. Егер осылай болмаса, онда бұл мәселе жайында ләм демеу керек».

материал «Пәтуалар жинағы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: