06
Дүйсенбі,
Мамыр

һижри

Темекінің харамдығына байланысты дәлелдер

Темекінің харамдығына байланысты дәлелдер

Пәтуа all

Темекінің харамдығына байланысты мынандай дәлелдер келтіруге болады:

1. Құранда: «(Мұхаммед пайғамбар) Оларға пайдалы пәк нәрселерді адал етіп, зиянды нахош нәрселерді харам етеді...» - делінген. Демек, Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың әкелген дінінде адамға зиянды барлық нәрсе харам. Яғни, адамның ағзасына, жүрегіне, санасына, ұрпағына зиянды барлық нәрсе Құран бойынша харам деген сөз. Ал, темекі адам ағзасына, санасы мен ұрпағына зиян болғандықтан, Құранның осы аяты бойынша оның харам екендігін айту қиын емес.

Құранда: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қатерге итермеңдер!», «Өздеріңді өздерің өлтірмеңдер!» делінеді. Ал шылым шегіп денсаулығына зиян тигізген кісі өз қолымен өзін қатерге итермелейді әрі өз-өзін ұзақ мерзімде «баяу өлтірген» болады. Қазіргі таңда ғылым темекінің адам ағзасына аса зиянды екенін дәлелдеді. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәлiметiне сүйенсек, Жер шарындағы 1,8 миллиард 10-24 жас аралығындағы жеткіншектер темекiнiң түтiнiмен уланған. Ал Қазақстан халқының 27 пайызы (4 миллион адам) темекi шегеді. 4 миллионның 600 000 астамы қыз-келiншек болса, 120 мыңы – 13-15 жас аралығындағы жасөспiрiмдер. Отандастарымыздың басым бөлiгi 20-ға толмай жатып, шылымның «дәмiн» татады екен. Сорақысы сол, елiмiзде жылына – 25 мың, күн сайын 70 пенде темекiнiң кесiрiнен туындаған дерттерден көз жұматын көрiнедi. Дүниежүзі ғалымдарының зерттеуінше, өкпе рагы ауруларының 90 пайызы шылым шегетіндердің үлесіне тиеді екен. Егер шылым шегушілер күніне 20 тал темекі шексе, олардың өкпе рагы ауруына шалдығу қаупі өзгелерге қарағанда 10-15 есе артып, ал бүйрек дертіне бес есе көп шалдығады екен. Езуiне шылым қыстырғандардың үштен бiрi, кейде тiптi, тең жартысының ғұмыры 15 жылға кемиді екен. Әлемде әр 13 секунд сайын бір адам, әр 65 секундта бес адам темекі кесірінен көз жұмады. 

2. Құранда: «...Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырып етпеңдер!» делінсе, басқа бір аятта: «Ысырап етпе, сөзсіз ысырап етушілер шайтанға бауыр болмақ. Ал шайтан болса, Раббысына тым күпірлік етуші-дүр», – деп ысырап етудің күнә екендігін, тіпті, кісіні шайтанға бауыр ететін Жаратушыға жағымсыз іс екенін білдіреді.

3. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Пияз, не сарымсақ жеген кісі бізден аулақ жүрсін немесе, намаз оқитын жерімізге жақындамасын, үйінде отырсын!» деген. Неліктен? Себебі, көпшілік жиналатын жерге жағымсыз иіспен бару – Ислам этикасына қайшы. Құлшылығын алаңсыз жасағысы келетін жандардың мазасын қашырып, жеке құқығына қол сұғу деген сөз.

4. Бұларға қоса, темекі тартқан кісі бұл жағымсыз әдетін көпшілікке, бала-шағасы мен жас жеткіншектерге жарнама етіп, оларды жиіркенішті қылыққа баулығандықтан және темекісін тастаған кейбір жұрттың нәпсісін қоздырып, қайта елірткендіктен, олардың да күнәсін Алла алдына арқалай бармақ. Исламда: «Бір іске себепкер болған кісі сол істі істегенмен бірдей күнә не сауап алады» деген негізгі қағида бар.

5. Иә, темекі тарту – әлдебір нәрсеге тәуелділік. Олай дейтініміз, темекі тартқан кісі өзін онсыз өмір сүре алмайтындай сезінеді. Темекі тартпаса ішкен асы бойына дарымайтындай, төсекке жатса ұйқысы қашатындай боп көрінеді. Тіпті, шылым шекпесе, көңілі сергімей үнемі тұнжырап жүреді. Темекі үшін абыройын түсіріп көшедегі бейтаныс адамнан қол жайып сұрауға дейін барады. Тіпті, кейбіреулері қатты қысылғанда өзгелердің шегіп тастап кеткен қалдығын да қолданып жатады. Міне, бұл дегеніміз, Алла тарапынан ардақтап жаратылған адам баласының осындай исі жағымсыз қураған құр жапыраққа қол қусырып, тәуелді болғандығының белгісі. Ендеше, шынайы да кемел мұсылман мұндай тәуелділіктен бойын аулап ұстап, әрдайым бір Аллаға ғана тәуелді болуды мақсат етеді.

материал «Дін мен діл» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: