Алла Елшісі (с.ғ.с) зиянкес жәндік-жануарлардың ішінен бесеуін өлтіруге болатындығын айтқан.
Ол туралы Айша (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) былай деп айтқанын жеткізеді: «Тірі жәндік-жануардың зиян тигізетін бес түрі бар, сондықтан оларды Меккенің ішінде де, оның сыртында да жолықтырсаңдар өлтіріңдер. Олар – шаян, қарға, кезқұйрық, тышқан және қабаған ит».
Дегенмен, зиянкес жәндік-жануарлар бұл бесеуімен шектелмейді. Жылан улы болғандықтан оны шаянның қатарына жатқызуға болады. Сондай-ақ, «болмысынан зиян беруші (жануарларды, жәндіктерді) шариғатымызда өлтіруге рұқсат беріледі» деген қағидаға сәйкес кез-келген жан-жануар адамға зиян беретін болса оларды өлтірудің оқасы жоқ. Сондықтан да, жылан, шаян сынды т.б. зиянкес жан-жануарларды өлтіруге рұқсат етіледі. Алайда, оларды азаптап, отпен күйдіріп өлтіруге тыйым салынған. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Отпен тек оттың Раббысы ғана азаптайды» - деген. Тағы бір хадисте: «Алланың азабымен азаптамаңдар» - делінген. Ендеше, дінімізде зиян беретін жәндіктер мен жануарлар адамға жайсыздық туғызып жатса, оларды оттан басқа кез-келген тәсілмен, азаптамай, өлтіруге рұқсат.
Тіпті, хадисте: «Кімде-кім улы кесіреткені бір ұрғанда өлтірсе, оған мынадай-мынадай жақсылық болады. Кімде-кім оны екінші ұрғанда өлтірсе, оған біріншіден азырақ мынадай-мынадай сауап болады...» делінген. Сол үшін қандай зиянкес болмасын оны қинамай, тез өлтірген жөн. Өйткені Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өзінің бір сөзінде: «Ақиқатында, Алла Тағала әр нәрсеге мейірімдік көрсетуді жазған. Егер өлтіретін болсаңдар, жақсы тәсілмен өлтіріңдер (жауыздық жасамаңдар). Мал соятын болсаңдар да, жақсы тәсілмен бауыздаңдар...», - деп бұйырған.
материал «Пәтуалар жинағы» кітабынан алынды,
ummet.kz