Қажылық – ақыл-есі дұрыс, балиғатқа толған, қаражаты жеткілікті, қажылық амалдарын атқаруға денсаулығы жарайтын, азат мұсылманға өмірінде бір рет орындауы парыз саналатын ғибадат.
Қаражаты жеткіліксіз адам қажылыққа бармағаны үшін күнәһар болмайды. Ал қарыз алып қажылыққа бару мәселесіне келсек, Мәлики мәзһабы бойынша қарызды өтеуге көзі жетпесе, қажылықты орындау үшін қарыз алуы мәкруһ немесе харам болады. Ханафи мәзһабында қарызды алмағаны абзал. Ал қарызын өтеуге мүмкіндігі болса онда Мәлики, Шафиғи мәзһабында қарыз алуға міндетті. Ол Ханафи мәзһабында абзал саналады. Ханбали мәзһабында қажылыққа қарыз алып баруға мүмкіндігі болып тұрса да оған міндетті емес. Бірақ ол өзіне немесе өзгеге зиян келтіріп қоймайтынына көзі жетсе, қарыз алғаны мұстахаб болады. Осыған орай, бөліп төлеу арқылы қажылықты орындауға рұқсат етіледі. Бірақ, қарызды өтейтін басқа да кіріс көздері болуы шарт. Егер жол қаражаты жеткіліксіз болса, әрі қарызын өтейтін басқа кірістері болмаса, онда қажылық құлшылықтарын орындау үшін қарыз алуы дұрыс емес. Тіпті қарызы бар адамға қажылыққа бару міндеттелмейтінін ескерген жөн. Өйткені Алла Тағала пендеге шамасы келетін нәрсені ғана жүктейді. Алла Тағала Құранда: «Алла ешбір жанға шамасы жетпейтін нәрсені жүктемейді» («Бақара» сүресі, 286-аят) деген. Келесі аятта: «Үйге (Қағбаға) қажылық жасау Алланың адамдарға шамасы жететіндерге жүктеген міндеті» («Әли-Имран» сүресі, 97-аят) делінген.
Ұмра (кіші қажылық) – күші жететін мұсылман үшін өмірінде бір рет жасау муәккада (бекітілген) сүннет. Бұл Ханафи және Малики мәзһабының көзқарасы. Ал Шафиғи мен Ханбали мәзһабы бойынша ұмра жасау – уәжіб. Бөліп төлеу арқылы ұмраға бару мәселесі де жоғарыда айтылғандай қажылық үкімімен бірдей.
ҮКІМ:
– Өзіне және отбасына ауыртпашылық түспесе және қарызды өтеуге мүмкіндігі болса, қажылық пен ұмра қаражатын бөліп төлеу арқылы баруға рұқсат.
– Бөліп төлеудің құнын нарықтағы бағасынан асырмай және үшінші тарап қосылмай қажылық компания тікелей қолға алғаны жөн.
– Қажылық пен ұмраға лоторея ойнату арқылы баруға болмайды.
материал «Пәтуалар жинағы» кітабынан алынды,
ummet.kz