27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Спираль қоюдың үкімі

Спираль қоюдың үкімі

Пәтуа

Жалпы шариғатымызда ұрпақсыздыққа бастайтын, жүктілікті біржолата болдырмау тәсілін қолдануға тыйым салынады.

Оған имам Бұхари мен имам Мүслім риуаятындағы Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) тарттыруға тыйым салғаны дәлел[1]. Ендеше жүктілікті біржолата болдырмауға немесе шаһуатты түп-тамырымен құртуға бастайтын кез келген тәсілге харам деген үкім беріледі. Тіпті кедейліктен қорқып немесе жүктілікті әдейі қаламау да осы үкім аясына кіреді.

Сахабалар жүктіліктің алдын алу мақсатында әдіс (азл) қолданған кезде Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) рұқсат еткен. Шариғат бойынша әйелдің келісімімен жүктілікті болдырмау мақсатында спираль қоюға немесе мүшеқап қолдануға рұқсат етіледі. 

Қажеттілік жағдай туындаса әрі медицина мамандары жүктілік әйелдің өміріне қауіп төндіреді немесе ағзасының бір бөлігіне зиян келтіреді, мүгедек болуы мүмкін деп қорытындыласа ғана жүктілікті болдырмау тәсіліне рұқсат беріледі. Дүниежүзілік мұсылман лигасына қарасты «Ислами фиқһ академиясының» №9 шешімінде былай  жазылған: «Біржолата ұрпаққа шектеу қоюға болмайды. Кедейліктен қорқып, жүктіліктен тыйылуға да жол берілмейді. Өйткені ырыздық беруші бір Алла Тағала. Жер бетіндегі барша жаратылыс атаулының ырыздығын Алла береді. Сонымен қатар бұл тәсіл шариғатта есепке алынбайтын себептермен болса да рұқсат жоқ. Ал егер жүктілікті тоқтатуға немесе кешіктіруге қандай да бір зиян келтіру себеп болса, мысалы, әйел табиғи босана алмай, баланы кесіп алуға баратындай дәрежеде болса, онда шариғи тұрғыдан спираль қоюдың оқасы жоқ. Сондай-ақ, қандай да бір шариғи себептермен немесе сенімді білікті дәрігер нұсқауымен денсаулыққа байланысты жүктілікті кешіктіруді талап етсе, ол іске рұқсат етіледі...»

Үкім:

  1. Жүктілікті біржолата болдырмайтын тәсілді қолдану харам;
  2. Медицина мамандары денсаулықты түзетіп алғанша жүктілікті кешіктіруді нұсқаса уақытша спираль қоюға рұқсат;
  3. Жүктіліктің алдын алу мақсатында қолданылатын тәсілдер әйелдің рұқсатымен ғана жасалуы тиіс. Әйел перзент сүюді қаласа, жүктіліктің алдын алу тәсілін қолдануға болмайды.  

ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімі


[1] ] Бұхари, «Неке» кітабы, «Үйленбеу мен піштірудің мәкруһтігі» бабы, №5075. Мүслім, «неке» кітабы, «уақытша неке» бабы №1404, 661-б.

Бөлісу: