26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Кесілген дене мүшелерін жерге көму

Кесілген дене мүшелерін жерге көму

Пәтуа

Кесілген дене мүшелерін жерге көму мәселесі тірі адамдыкі және дүниеден өткен адамдыкі болып, екіге бөліп қарастырылады.  

  1. Кесілген қол, аяқ секілді дене мүшелер тірі адамдыкі болса, ол жуылмайтынына әрі оған жаназа намазы оқылмайтынына ғалымдар бірауыздан келіскен.

Таза матаға орап, зиратқа немесе адам аяғы баспайтын таза жерге көміледі. Далаға тастай салу немесе қоқысқа лақтыра салу дұрыс емес. Өйткені адам баласы – өлі болса да, тірі болса да құрметтелуі тиіс. Құран Кәрімде: «Біз Адам ұрпақтарын ардақтап, теңізде де, құрлықта да (емін-еркін) жүргіздік. Һәм жақсы (адал) нәрселермен ризықтандырып, жаратқан нәрселеріміздің көбісінен анағұрлым артық қылдық»[1], – делінген.   Адам баласын құрметтеу оның кесілген дене мүшелерінің де көмілуін талап етеді. Себебі кесілген дене мүше – адам тәнінің бір бөлігі. Кесілген дене мүше көмілмеген жағдайда оны жыртқыш аңдардың жеуі, қоқысқа тасталуы, иістенуі адамды қорлау болып саналады.  

Имам ән-Нәуауи «әл-Мажмуғ» атты кітабында: «Барлық ғалымдардың келісімі бойынша тірі адамның кесілген дене мүшесі жуылмайды, жаназа намазы оқылмайды. Тек таза матаға оралып, көміледі. Сондай-ақ, тірі адамдардың алған тырнағы, шашы, қаны және әйелдің тастаған түсігі[2] жерге көмілуі – мұстахап»[3].     Ауруханаларда кесілген дене мүшелері мен түсіктерді тастап кетпей, оның жерге көмілгені жөн.  

  1. Егер дене мүшесі дүниеден өткен адамға тиесілі болса, оны жуу, оған жаназа намазын оқу мәселесінде мәзһаб ғалымдарының пікірлері әртүрлі.  

Ханафи мәзһабы бойынша дененің көп бөлігі болса, онда оған жаназа намазы оқылады. Ал жартысы болса оқылмайды. Егер дененің жартысымен бірге басы болса, онда жаназа оқылады. Имам әл-Кәсани: «Дененің кейбір бөлігіне жаназа оқылмайды. Тек қана дененің көп бөлігі болса ғана жаназа оқылады. Егер дененің кейбір бөлігіне жаназа оқысақ, басқа бөлігі табылған уақытта оған да жаназа оқу керек болып қалады. Өз кезегінде бұл жаназа намазын қайталап оқуға алып барады», – деген.  Оған Ибн Омар (одан Алла разы болсын) мен Ибн Масғудтың (одан Алла разы болсын): «Дененің бір бөлігіне жаназа оқылмайды»[4], – деген сөздері дәлел.      

ҮКІМ:   

  1. Кесілген дене мүше тірі адамдыкі болса, жуылмайды. Оған жаназа намазы оқылмайды. Тек таза матаға оралып көміледі.  
  2. Кесілген дене мүшені иесінің дүниеден өтуіне дейін (бірге жерлеу мақсатында) сақтау дұрыс емес.   
  3. Адам қайтыс болғанда бұрын көмілген дене мүшесін қайта қазып алып, оны бірге жерлеу шарт емес.    
  4. Дүниеден өткен адамның дене мүшесінің аз бөлігі болса, матаға оралып жерге көміледі, оған жаназа намазы оқылмайды. Ал дененің көбірек бөлігі немесе басымен бірге жарты денесі табылса, оған жаназа намазы оқылады.

ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімі


[1] «Исра» сүресі, 70-аят.

[2] Жаратылысы толық болмаған шаранаға қатысты.

[3] «Әл-Мәжмуғ» кітабы, 5/254.

[4] «Әл-бәдаиғ уә ас-санаиғ», 1/303.

Бөлісу: