22
Жұма,
Қараша

һижри

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының COVID-19 коронавирусі кезінде жаназа намазы мен жерлеу рәсімін өткізуге қатысты мәлімдемесі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының COVID-19 коронавирусі кезінде жаназа намазы мен жерлеу рәсімін өткізуге қатысты мәлімдемесі

Пәтуа

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз!

Ардақты ағайын, құрметті бауырлар!

Елімізде вирустық індеттің өршіп тұрғаны өздеріңізге мәлім. Індет жұқтырған адамдардың саны көбейіп тұр, қаза тапқандар да аз емес. «Сақтансаң – сақтаймын» демекші, әлемге қауіп төндірген дертке немқұрайлылық таныту – өзіміз үшін ғана емес, айналамыздағы жандардың өміріне де әсерін тигізері хақ.

Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елімізде жүргізіліп жатқан карантиндік іс-шараларды сақтай отырып, індеттің алдын алу мақсатында ел азаматтарын жаназа намазы мен жерлеу рәсімін өткізуге қатысты төмендегі талаптарды орындауға және дін қызметкерлеріне барынша қолдау көрсетуге шақырады:  

- Мәйітті жууды, кебіндеуді, жаназа намазын оқуды және қабірге қоюды санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай өткізуге;

- Жаназа намазына, жерлеу ісіне қатысатын адамдарға бетперде тағуға, қол алысып амандаспауға;

- Жаназа намазын ұзағымен 5 минут ішінде өткізуге, мәйітті жерлеп болғаннан кейін халықты көп ұстамай лезде қайтаруға;

- Зейнет жастағы кісілерге, денсаулығы нашар немесе ауырып жүрген адамдарға және мектеп жасындағы балаларға жаназа намазына қатыспауға;

- Жаназа намазына және қабір басында барлық қатысушыларды қосқанда 10 кісіден артық жиналмауға;

Шариғат бойынша жаназа намазын жамағат болып оқу міндет емес (Фәтәуа Һиндия, 1/223). Жаназаны үш қатар болып оқу – мұстахаб. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үш қатар жамағатпен жаназа намазы оқылған мұсылман мәйіттің күнәсі кешіріледі», – деген (имам Тирмизи). Үш қатар жеті адаммен де құрылады, яғни, ең алдында имам, үшеуі бірінші қатарда, екеуі екінші қатарда және біреуі артында тұрады (Фәтәуа Татархания, 1/611).

- Жаназа намазын қоғамдық орындарда өткізбеуге;

Өйткені адам жүретін жолда жаназа намазын оқу – мәкруһ. Жаназа намазын арнайы орында оқыған дұрыс (Фәтәуа Һиндия, 1/226).

- Қабір басын көтеру, кесене салу және оны қоршау жұмыстарын тоқтатып, марқұмның басына белгі қоюмен шектелуге;

Шариғатта қабірді жоғалтып алмау мақсатында үстіне белгі (құлпытас, ағаш) қойып, марқұмның аты-жөнін жазып қоюға рұқсат беріледі (Хашияту ибн Абидин, 2/236). Өйткені, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің сүт бауыры Осман ибн Мазғунды жерлеп болған соң, қабірін оңай тауып алу мақсатында бір тасты көтеріп әкеліп, белгі үшін бас жағына қойған (имам Әбу Дәуіт). Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қабірді көтеруге, үстіне отыруға және құрылыс салуға тыйым салған (имам Муслим).

- Халықты жинап қонақ асын өткізуді, жерлеу рәсімінен кейін ас беруді, жетісі, қырқы, жылы т.б. Құдайы астарды елімізде эпидемиологиялық жағдай толық тұрақталғанға дейін тоқтатуға.

Қадірлі мұсылман қауым!

Ислам – адам баласының өмірін, денсаулығын, сенімін, отбасын және абыройын сақтайтын қасиетті дін.

Алла Тағала: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар», – деп ескерткен («Бақара» сүресі, 195-аят). Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзгеге және өзіне зиян тигізуге болмайды», – деген (Ибн Мажә). Сондықтан өз өміріміз бен денсаулығымыз – Алланың бізге берген аманаты. Мұсылман ғалымдары «Залалды жою пайда келтіруден бұрын тұрады» деген (әл-Бахр әл-Мұхит, 7/280). Қазіргідей жұқпалы аурудың қаупі күшейген кезде одан сақтану – әрбіріміз үшін міндет.

Алла Тағала елімізді, халқымызды жаман аурудан, түрлі пәле-жаладан сақтап, тыныштық пен амандық нәсіп еткей!

Бөлісу: