16
Сәрсенбі,
Қазан

һижри

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының еліміздегі індет кезінде құдайы астарды өткізуге қатысты ҮНДЕУІ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының еліміздегі індет кезінде құдайы астарды өткізуге қатысты ҮНДЕУІ

Пәтуа

Аса рақымды ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз!

 Құрметті отандастар, қадірлі жамағат!

Бүгінде COVID-19 коронавирус індетінен халықты аман сақтап қалу үшін еліміздің барлық аймақтарында карантин жарияланды. Көптеген жұмыс орындары қашықтықтан қызмет істеуге ауысты. Мұның барлығы адам баласының денсаулығын сақтау мақсатында іске асып отыр. Алайда жаназа намазы мен Құдайы астарды көпшілікпен өткізу және оған қатысу әлі де толастар емес. Шариғатымызда қабыл болатын ең жақсы амалдың бірі – өзге адамның сыртынан дұға жасау. Сондықтан қазіргідей жағдайда үйде отырып, қашықтан артының жақсылығын сұрап, дұға жасау және Құран бағыштау – дінімізде құпталған сауап амалдардың қатарына жатады.

Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздің барша азаматтарына марқұмдарға арналған Құдайы астарды өткізуге қатысты келесідей ережені сақтауға шақырады:

- Кісі қайтқанда және жерлеу рәсімінен кейін дастархан жаюды тоқтатуға;

- Марқұмға арналған жеті күндік, қырқы, жүз күндік және жылдық астарды, сонымен қатар әр апта сайын бейсенбілік дастарханды еліміздегі эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін өткізбеуге;

- Мұндай азалы күндері кісі жинамауға, оған тек өз отбасы мүшелерімен шектелуге.

Құрметті жамағат!

Күнімізде орын алған коронавирус індеті расында да халқымыздың басына түскен үлкен сынақтардың бірі болып отыр. Мұндай нәубет өткен тарихымызда да болды. Алайда халықтың бірлігі мен ынтымағының арқасында бабаларымыз оны да жеңе білді. Бүгінде мұндай індетті жеңудің бір ғана жолы бар, ол – сақтық шараларын сақтау, көпшілік жиналатын орындарға бармау.  

Ислам дінінде адам баласының денсаулығы аманат ретінде қаралады. Сондықтан өзіміздің өмірімізді сақтау және айналамыздағы жандардың өміріне зиян келтірмеу – бүгінгідей індет тараған кезде аса маңызды.

Хәкім Абай бабамыз да оба ауруы тараған кезде имам-молдалар арқылы халықты Құдайы астарға жинамауға, қонақ асы, жетісі, қырық күндік және жылдық астарды тоқтатуға, оған жиналмауға бұйырды. Соның негізінде ел аман қалды, аурудан тезірек айықты.

Өз өміріміз бен денсаулығымыз – Алла Тағаланың бізге берген аманаты. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз хадисінде: «Мұсылман кісі өзіне және өзгеге зиян келтірмейді» деген. Мұндай індет тараған кезде оның алдын алу үшін өзіндік талаптарын орындау, оған бойұсыну – әрбір азаматтың ортақ міндеті.

 Жаратқан Алла Тағала елімізді, халқымызды түрлі ауру-сырқаудан сақтап, індеттің тез арада жойылуын нәсіп еткей! Әумин!

Бөлісу: