20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Құранда ең жаман жолдас деп кімді атаған?

Құранда ең жаман жолдас деп кімді атаған?

Ислам тарихы

Шынында шайтан – ең жаман жолдас. Өйткені онымен бірге жүру дүниеде де, ақыретте де бақытсыздыққа ұшырауды білдіреді. Қасиетті Құранда ол туралы біпнеше дәлел сүрелер мен аяттар бар:

«Кімнің жолдасы шайтан болса, ол – жолдастың ең нақұрысы»  («Ниса», 38)

«Кімде-кім Алланы қойып шайтанды жақын, жанашыр тұтатын болса, ол орны толмас қасіретке ұшырайды» («Ниса», 119).

 

Ибн Аббастан (р.а.) риуаят етілген хадисте: «Алланың елшісі (с.ғ.с) бірде Алланың лағынеті болғыр Ібілістен: «Менің үмбетімнен дос тұтқандарың қанша?» – деп сұрады. Сонда Ібіліс: «Олар он: қиянатшыл залым билеуші, тәкаппар пенде, малды қандай жолмен тапқаны мен қайда жұмсауына мән бермейтін бай, залым патшаның сөзін мақұлдаған ғалым, алаяқ саудагер, халықты өзіне кіріптар еткен саудагер, зина жасаушы, риба жеуші, малын қалай жинағанын білмейтін сараң бай, арақ ішуші маскүнем». Сосын Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) одан: «Ал үмбетімнен кімдерді қас тұттың?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Олар жиырма: ең біріншісі сенсің, ей Мұхаммед, мен сені жек көремін. Сосын біліміне амал етуші ғалым, Құранды жаттап, оған амал етуші, бес уақыт намазға азан айтушы, кедейлер мен міскіндерді, жетімдерді жақсы көретіндер, жүрегі мейірімді адамдар, ақиқат үшін кішілік көрсетушілер, Аллаға ғибадатпен өсіп келе жатқан жас, асын тек адалдан жеуші, Алла жолында бір-бірін жақсы көрушілер, намазын жамағатпен оқушылар, адамдар ұйықтап жатқанда намаз оқушы, харамнан бойын аулақ ұстаушы, таза жүрекпен насихат айтушы, әрдайым дәретпен жүруші, сақи жомарт, көркем мінезділер, Алланың уәделерін растаушылар, жесірлерге қайыр істеушілер, өлімге дайындалушылар», – деп жауап береді».

 

Иман келтірмеген адамның, мұнафықтардың, пасық мұсылмандардың қосақ-шайтандарының жағдайы жақсы болады екен. Өйткені олар оның айтқанын тыңдап, алдауына көніп, айдағанына жүріп, азғырған айла-шарғыларына естері кете есіріп, есірігіне беріледі. Басты себеп – ондай адамдар ешқашан да Алланың атын аузына алмайды. Ал иман келтіріп, Алла Тағаланы көп есіне алып, мұсылмандық шартымен жүретін адамның қосақ-шайтанының жағдай өте мүшкіл. Себебі ондай адам оның азғыруына көнбейді, онымен ештеңені де ортақтаспайды. Өйткені шайтанды тыңдау – тозаққа апаратын жол. Бұл туралы ардақты сахаба Әбу Һурайрадан (р.а.) мынадай риуаят жеткен: «Мүміннің шайтаны мен кәпірдің шайтаны жолығысыпты. Сөйтсе, кәпірдің шайтанының жағдай жақсы, семіз күйде екен. Ал мүміннің шайтаны шидей арық, әлсіз, жалаңбұт екен. Сонда кәпірдің шайтаны: «Саған не болған? Сонша неге арық болдың?» – деп сұрайды. Сонда мүміннің шайтаны былай депті: «Маған тап болған пенде мұсылман екен. Тамақ ішсе Алланың атымен ішеді де, мен аш қаламын. Сусын ішсе де Алланың атымен ішеді де мен тағы шөлдеп қаламын. Егер киім кисе де Алланың атын атап киеді де, мен жалаңаш қаламын. Тіпті, жуынып-шайынып, иіссу сепсе де Алланың атымен бастайды да мен кір-қожалақ болып қаламын. Менің жайымның бұлай болуының себебі осылай». Сонда кәпірдің шайтаны шаттанып: «Е, байғұс, солай ма? Менің несібем зор екен. Маған тап болған адам бір кәпір. Ол ешқашан да Алланың атын атамайды. Сондықтан да оның тамағына, сусынына, барлық ісіне ортақтасамын. Ал ол пақырдың қаперіне ештеңе де кіріп-шықпайды», – деген екен. Сондықтан да шайтан біздің Алланың атын атағанымызды қаламайды.


ummet.kz

Бөлісу: