26
Жұма,
Сәуір

һижри

Қасиетті күндер мен түндерді атап өтудің діндегі орны қандай?

Қасиетті күндер мен түндерді атап өтудің діндегі орны қандай?

Ислам тарихы

Исламда уақыт – Алланың құлдарына берілген ең маңызды нығметтердің бірі. Өйткені, босқа кеткен уақытты кері қайтару немесе орнын толтыру еш мүмкін емес. Сол себепті, мұсылман Алланың алдында бұл нығметті барынша орынды жұмсауға міндетті.

Осы тұрғыдан алғанда тиімді пайдаланылған уақыттың әрбір сәті қасиетті, мүбәрак, құнды болып саналады. Алайда, алла мен Оның Елшісінің тарапынан белгіленген кейбір сәт, кезең, уақыттар басқаларына қарағанда сауапты, берекелі, қайырлы болып келеді. Атап айтсақ, Құран түскен Рамазан айы мен мың айдан да қайырлы болған Қадір түні осыған мысал. Құран оқылатын таңғы уақытта періштелердің өзі куә болған берекелі бір мезгіл. Исра түні де Құранда аталған мүбәрак түндердің бірі.

Исламда кейбір қасиетті де, берекелі уақыттар жайлы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінде де айтылған. Мәселен, Арафа күні – ең мүбәрак күндердің бірі. Жұма күні дұғалардың қабыл болатын бір сағат бар. Сондай-ақ, басқа да хадистерде айтылғандай, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) кейбір мүбәрак күндер мен түндерді қадірлеуді өсиет еткен.

Рағайып, Бараат секілді түндер жайында да кейбір әлсіз, тіпті ойдан шығарылған хадистер де кездеседі. Кейбір ғалымдар дұға, ғибадат, зікір, садақа сияқты сауапты амалдардың жасалуына себеп болғандығы үшін бұл түндердің қасиеттеріне қатысты айтылып жүрген әлсіз хадистерге және осы түндердің атап өтілуіне кешіріммен қараған. Мұндай күндер мен түндерге тән арнайы намаз немесе құлшылық түрі туралы айтылмаса да, бұл түндерді тәһәжжуд, қаза намазы секілді кейбір ғибадаттармен өткізудің ешбір әбестігі жоқ. Қасиетті түндердің ерекше сезімдерімен мұсылмандардың мешіттерді толтырып, ғибадат етулері, бірін-бірі құттықтаулары мұсылмандар арасындағы ауызбіршілік пен ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізеді. Бұл түндердің әрбірі «аср сағадат» (алтын ғасыр) яғни сахабалар дәуірінде болмаса да, Ислам мәдениетінен орын тауы, қаншама ғасырлардан бері мұсылмандардың көңілінен орын алған. Бұл түндердің ерекшелігі соншалықты, тіпті бұл түндерде Ислам географиясының бірнеше аймақтарында түрлі қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, көрші-қолаң мен мұқтаж жандарға көмек көрсетіледі. Бұл түндері күнәлар үшін тәубе ету, дұға жасау, құран оқу, қаза немесе нәпіл намаздарын орындау жөн деп саналған. Сондықтан да, бұл түндер дәстүрлі халық мәдениетіне негізделген фольклорлық мереке болып саналады және осы мұраны сақтау мәдени құндылықтар тұрғысынан да айрықша маңызға ие.

Басқа бір жағынан, кей күндерде ораза ұстау – мұстахаб амал болып табылады. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Шағбан айның жартысында, яғни, Бараат түнін құлшылықпен, ал күндізін оразамен өткізіңдер. Өйткені, Алла тағала күн ұясына батқан шақта: «Менен кешірім тілеуші бар ма, кешірейін, ризық сұраушы бар ма, ризықтандырайын, дертіне шипа іздеуші бар ма, шипа берейін» деп таң шапағы көрінгенге дейін рақымын төгеді» деген. (Ибн Мажә, «Иқама» 191)

Осы тұрғыдан алғанда, қасиетті түндерді атап өтуді де жақсы бидғат (бидғат и хасана) ретінде қарауға болады.

материал «Ислам дегеніміз не?» кітабынан алынды

ummet.kz

Бөлісу: