02
Бейсенбі,
Мамыр

һижри

Миғраж кешінде болған оқиға

Миғраж кешінде болған оқиға

Ислам тарихы

Бүгін қасиетті Миғраж түні. Миғраж дегеніміз – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жеті қабат көкке көтерілуі. Миғраж түнінде болған оқиға қалай басталған еді? Имам Ибн Касир (р.а.) өзінің тәпсір кітабында Миғраж оқиғасына байланысты хадис имамдарының риуаят еткен хадистерді келтіреді.

Төменде сол хадистерде айтылған Миғраж кешінде болған оқиға барысына қысқаша тоқтала кетсек:

Тәпсірші Ибн Кәсир (р.а.) Миғраж оқиғасын баяндауы:

–  Жәбірейіл (ғ.с.) бурақ деген жануарды жәннаттан алып Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келді. Пырақ – есектен биік, қашырдан аласа, қадамын көз ұшы жететін жерге тастайтын жүйрік жануар. Оған мініп, Жәбірейілмен (ғ.с.) Бәйтуль-Харамнан (Қағба) Бәйтуль-Мақдиске (Аль-Ақса) барады;

– Аль-Ақсаға жеткенде Расулулла (с.ғ.с.) пырақты мешіт есігіне байлап, жиналған пайғамбарларға имам болып, намаз оқиды;

– Намаздан кейін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен Жәбірейіл (ғ.с.)  дүние аспанына көтеріледі. Олар бірінші дүние аспанында Хазіреті Адаммен (ғ.с.) кездесті. Осы жерде Алла Тағала Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) оң жағынан бақыттылар, сол жағынан бақытсыздардың рухтарын көрсетті;

– Екінші аспан әлемінде Хазіреті Зәкәрия ұлы Яхия (және Мәриямұлы Исамен (ғ.с.);

– Үшінші аспан әлемінде Хазіреті Жүсіппен (ғ.с.);

– Төртінші аспан әлемінде Хазіреті Ыдырыспен (ғ.с.);

– Бесінші аспан әлемінде Хазіреті Имранұлы Харунмен (ғ.с.);

–  Алтыншы аспан әлемінде Хазіреті Мұсамен (ғ.с.);

– Жетінші аспан әлемінде Хазіреті Ибраһиммен (ғ.с.) кездеседі.  Жеті аспан әлеміндегі пайғамбарлардың барлығы кездесу барысында Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) сәлем беріп, оның пайғамбарлығын мойындап, растады;

–  Осыдан кейін Алла Тағала Пайғамбарымызды (с.ғ.с.)  Сидратуль-Мунтаһа (соңғы бекет) әлеміне көтерді. Жәбірейіл (ғ.с.) періштенің мақамы да осында екен. Осы күнге дейін бұл жерден әрі қарай пайғамбарлар және періштелерден ешкім өтпеген.

 

Осы ұлы сапар барысында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  көптеген жағдайларға кезікті.

Солардан:

►Аспан әлемінде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) сарайлары алтынмен апталған, күміспен қапталған, топырағы мисктен жасалған, ішкендерге ләззәт беретін, құрамы ашымайтын сүттен және балдан болған, мас қылмайтын шарап өзендері бар Жәннәт көрсетілді;

►Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жерде Байтуль-Маъмурды (періштелер Қағбасы) көрді. Күнде бұл үйді жетпіс мың періште тәуап етеді, бір рет тәуап еткен періштенің қиямет күніне дейін екінші тәуапқа кезегі жетпейді екен;

►Аспан әлемінде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.)  елу уақыт намаз парыз етілді. Кейіннен Алланың шексіз рахметімен елу уақыт намаз бес уақытқа дейін қысқартылды. Намаз уақыты қысқарғанымен, сауаптары сол күйі сақталды, яғни бес уақыт намаздың сауабы елу уақыт намаз сауабына тең;

►Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Сидратуль-Мунтаһа түбінен шығатын төрт өзен көрсетілді: екеуі батыни (ішкі) өзен, қалған екеуі заһири (сыртқы) өзен. Екі өзен – жәннаттың екі өзені. Қалған екеуі Сидратуль-Мунтаһадан бастау алатын Ніл және Евфрат өзендері. Кейбір ғалымдардың алға тартқан пікірлеріне қарағанда, Ніл мен Евфрат өзендерінің Расулуллаға (с.ғ.с.) көрсетілуінің сыры мынада: Исламның нұры жер жүзіне жайылады. Ислам Ніл мен Ефрат өзендерінің айналасындағы берекелі топыраққа (жерге) ие болады. Сол өлкелердің халқы ирандықтардың отқа құлдығынан әрі Византияның үштік сенімінен арылады. Бұл өлкелердің халқы ұрпақтан-ұрпаққа таухидтің туын көтеріп, Исламға қызмет етеді;

Осыдан кейін Нәби (с.ғ.с.) Тозақтың жауаптысы Мәлік атты періштені көреді. Ол періште тозақ жаратылғаннан бері күлген емес. Сол сияқты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) тозақ көрсетіледі.

Тозақта:

–  Арқаларында түйенікіне ұқсас өркештері бар, зұлымдықпен жетімдердің малын жегендерді көрді. Олардың ауыздарына от паршалары тасталынған сәтте әлгі тастар іштерін күйдіріп сыртқа шығады;

–  Пара алушыларды көрді. Олардың қарындары үлкен болғаны сонша, олар оны қозғалта алмайды және олар қиналып, бар дауыстарымен Алладан қияметтің басталмауын сұрайды;

–  Зинақорларды көреді. Олардың қолдарында таза семіз ет пен шіріген ет болады. Бірақ олар шіріген етпен қоректенеді;

–  Балаларын өзге еркектерден тапқан зинақор әйелдерді көреді. Олар темір ілгішпен омырауларынан ілініп тұрды.

Исра мен Миғраж оқиғасы Ислам тарихындағы «қайғы жылы» деп аталатын ең ауыр кезеңде орын алған. Себебі, мүшріктердің мұсылмандарға көрсеткен жәбірі асқынып тұрған сол жылы Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) үнемі қорған болып жүрген көкесі Әбу Тәліп пен қадірлі жары, қиын жағдайларда жанынан табылатын жанашыры  Хадиша анамыз (р.а) бірінің артынан бірі дүниеден озды. Өзі үшін қымбат жандардың қайғылы қазалары Расулулланың (с.ғ.с.) қабырғасын қайыстыра түсті. Осындай қатты қиналған уақытта орын алған Миғраж оқиғасы хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың көңіліне жұбаныш, жанына дәрумен болған Алла Тағала тарапынан жасалған үлкен сый еді. 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

Имам Ғазали «Фиқху сира» еңбегі

Имам ибн Кәсир, 3-том, Исра сүресінің тәпсірі

ummet.kz

Бөлісу: