03
Жұма,
Мамыр

һижри

Шағбан айын қалай өткіземіз?

Шағбан айын қалай өткіземіз?

Ислам тарихы

Жылына бір-ақ рет келетін ұлы мүмкіндіктерге толы қасиетті ай жақындаған сайын осы сұрақтың көп адамды мазалайтыны рас. Иә, күн өткен сайын Рамазан да жақындап келеді. Ал біздің дайындығымыз қай деңгейде? Есігімізден енуге әзір тұрған Шағбан айын қалай өткізуіміз керек? Бүгін осы сұрақтарға жауап іздеп көрмекпіз.

Біріншіден, шағбан дегеніміз – оразаның келгенін сүйіншілейтін Рамазанның алдындағы ай (күнтізбедегі 8-айдың аты). Шағбан айының өзге айлардан артықшылығы сол, бұл айда пенденің істеген ізгі амалдары Жаратушының құзырына көтеріледі. Бұл туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «...Бұл айда жасаған амалдар  Алланың құзырына көтеріледі. Сондықтан мен өз амалдарымның аузым берік күйде (Аллаға) көтерілгенін ұнатамын", – деген (Насаи).

Бұл хадистен шағбан айында атқарылатын негізгі құлшылық - нәпіл (қосымша) оразаларды көбейту деген қорытынды шығаруға болады. Иә, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) басқа айларға қарағанда осы айда көбірек ораза ұстайтын, сөйтіп, Рамазанға деген құлшынысын, дайындығын күшейтетін. Айша анамыз (р.а): «Мен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазаннан басқа ешбір айда толық ораза ұстағанын және шағбандағыдай көп ораза ұстағанын  көрген емеспін», - деген. (Бұхари, Муслим)

Және тағы бір хадисте Айша анамыз (р.а): «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ешбір айда шағбаннан көп ораза тұтпайтын және ол (кейде) шағбанда түгел ораза ұстап: «Шамаларың келетін амалды ұстаныңдар, ақиқатында, сендер шаршамасаңдар, Алла шаршамайды», - дейтін еді», - деген. Ғалымдар осы хадистегі «шағбанда түгел ораза ұстап» деген сөз туралы «бұл жерде Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шағбанда толық немесе оның жартысынан көбінде ораза тұтқаны жайлы айтылған», - дейді (Бұхари).

Біз ілгерідегі ізгілердің Рамазанға алты ай бұрын қамданып, «қастерлі айға аман-есен жеткіз» деп Алладан дұға жасағанын білеміз. Ал шағбан айы келді деген сөз – Рамазанға небәрі бір-ақ ай қалды деген сөз. Бұл ықылас, ынтамызды, моральдық-психологиялық дайындықты одан сайын күшейту керектігін білдіреді. Бар кезде елу теңгесін садақаға қимаған адам жоқ кезде елу мың теңгені оңайлықпен бере қоймайтыны анық. Ендеше, Рамазанды барынша сауапты істермен өткіземін, биылғы оразада көбірек Құран оқып, көбірек садақа беріп, көбірек ізгі амал жасаймын деген адам  сол амалдарын ертерек жасап, бойын үйрете бергені дұрыс әрі шарапаты мол шағбанда қосымша оразаларды көбірек тұту ­– сүннетке сай амал болмақ.

ummet.kz

Бөлісу: