20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Әтір және соған ұқсас сұйық заттардың үкімі

Әтір және соған ұқсас сұйық заттардың үкімі

Ислам тарихы

Әбу Ханифа бойынша, Құранда айтылған «хамр» сөзі жүзімнен жасалған шарапқа қатысты атау. Ал қалған мас қылатын (мускир) нәрселер болса осыған (қияс) салыстырыла отырып харам деп қабылдаған.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Әрбір мас қылатын нәрсе харам» деген хадисі де осы салыстырудың дұрыстығын растауда. Әрі «Көбі харам ететін нәрсенің азы да харам» деген хадис та осыны көрсетеді.
Жүзімнен жасалған шарап «хамр» деген сөзбен беріліп, Құран аяттарымен айқын лас екенін айтқан. Сондықтан оның бір тамшысының өзі лас. Бұдан басқа мас қылатын спирттік заттардың ішілуі (қияс) аятпен салыстыру және хадис арқылы харам. Бірақ олар айқын ласқа жатпайды. Өйткені олардың ластығы туралы Құранда жоқ. Олай болса жүзімнен жасалған нәрсе айқын лас нәрсе және ішуі айқын харам. Оны терістеу күпірлікке жатады. Ал қалған спирттік заттарға келсек олардың ішілуі харам болғанмен тікелей ластыққа жатпайды. Тиген жерлерді лас етпейді. Бұл – Әбу Ханифаның көзқарасы. Ендеше спирт Әбу Ханифаның ижтиһадына қарай лас нәрсе емес. Тек ішуі шараппен тең харам.
Имам Шафиғи мен серіктері болса, Құрандағы «хамр» сөзін тек жүзімннен жасалған шарап емес барлық мас қылатын нәрселердің атауы деп жорамалдаған. Бұл тұрғыдан жүзімнен жасалған шараппен қатар барлық ішімдіктер яғни спирттік заттар да лас нәрсеге жатады. Яғни спирт төгілген жер таза болып саналмайды. Намазға кедергі жасайды. Әрі олардың ішілуі де харам. Олар (уахид хабар болып жеткен) «Турасы жүзімнен жасалғанда – бір хамр, құрмадан жасалғанда – бір хамр, балдан жасалған да – бір хамр, бидайдан жасалғанда – бір хамр, арпадан жасалғанда – бір хамр бар», – деген хадисті дәлел етіп көрсетеді. Айтқандай-ақ, Құранда шараптың харамдығына қатысты үкім түскен заманда осы бес нәрседен ішімдік жасалатын.
Олай болса, бұл тақырыпты тұжырымдап былай деуге болады.
Имам Ағзамның көзқарасы бойынша тек жүзімнен жасалған ішімдіктер тікелей лас нәрсе болып тиген жерін ластайды. Ал қалған сприттік сұйық заттар тиген жерін ластамайды. Олардың ішілуі ғана харам. Сондықтан спирттік сұйық заттарды пайдалы нәрселерге пайдалануға болады. Ине салғанда, жараны тазалағанда, т.б.
Имам Шафиғи мен серіктері болса аталмыш хадисті дәлел етіп көрсетіп «хамрды» барлық ішімдіктің атауы деп күллі спирт атаулыны лас деп қабылдап тиген жерлерін ластайды деп үкім берген. Бірақ Шафиғи ғалымдар осы көзқарасқа қарай «лас» десе де, спирттік сұйық заттар араласқан дәрілерді «кешірілген» деп санаған. Яғни, олардың көзқарастары бойынша спирттік сұйық заттарды пайдалануға болады.
Қорытындылайтын болсақ, шарап, шампан, арақ және коньяк секілді ішімдіктер төгілген жерге намаз оқуға болмайды. Олар денеге яки киімге тиетін болса сөзсіз жууы қажет. Өйткені олар зәр секілді «ластыққа» жатады. Бірақ құрамында спирті бар әтір яки басқа да спирт араласқан заттар денеге, яки киімге тисе намазға кедергі жасамайды. Өйткені бұлардың ішілуі харам болғанмен ішуден тыс нәрсеге пайдалануға болады. Мысалы, ине салдырғанда дәрігерлер міндетті түрде спиртті пайдаланады. Ине салдырған соң «намазға кедергі келтіреді» деп спирт тиген денені жуудың қажеті жоқ. Оның үстіне дәрігерлер кез-келген спирттің тез арада ұшып кететін айтады.

материал «Ислам ғылымхалы» кітабынан алынды

ummet.kz

Бөлісу: