25
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Көз тию деген бар ма, одан қалай сақтанамыз?

Көз тию деген бар ма, одан қалай сақтанамыз?

Ислам тарихы

Көз тию деген бар нәрсе. Бұл туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):  «Көз тию – ақиқат. Егер тағдырмен жарысқа түсе алатын бір нәрсе бар болса, онда ол нәрсе көз тию болар еді (тағдырды өзгертер еді)», – деген.

Тағы бір хадисте: «Көз адамды қабірге, малды қазанға түсіреді», – делінген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көз тиген кезде «Фәлақ» және «Нас» сүрелерін оқуға кеңес берген.

Негізі барлық адамның көзі тие бермейді. Көз қызғанышпен, іштарлықпен, көреалмаушылықпен, жаман ниетпен қарағанда тиеді. Көз тию деген тек адамға ғана қатысты емес. Үйге, көлікке (жансыз нәрселер), малға да көз тие береді.

Көз тиюден қорғану үшін әрдайым Алланы зікір етіп жүру керек. Әсіресе өзіне немесе отбасына таңғалып жатса, «Алланың қалағаны» (мәшаллаһ), «Алладан басқа күш-қуат жоқ» (лә қуатә иллә билләһ) деп айтқаны дұрыс.

Көз тиюден сақтану үшін Құран аяттарын, дұғаларды оқып жүрген абзал. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) немерелері Хасан мен Хусейнді шайтанның және улы жәндіктердің зиянынан, сұқ көзден сақтауын Алладан тілеп, дұға ететін.

Тағы бір ескеретін жайт, көп жұрттың ортасында назарға ілінбеуге тырысу керек. Қазақта «шілде сақтау» деген түсінік бар – жаңадан босанған анасын да, баласында да қырық күнге дейін ешкімге көрсетпеуге тырысады. Балаға көз тимесін дейді. Кейбір өңірлерде жаңа үйленгендердің де шілдесін сақтайды. Мұның барлығы жұрт қызғанып, сұқтанып қарайды дегеннен шыққан. 

материал «Ислам дегеніміз не?» кітабынан алынды

ummet.kz

Бөлісу: