29
Дүйсенбі,
Сәуір

һижри

Дәретпен ұйқыға жатудың алты пайдасы

Дәретпен ұйқыға жатудың алты пайдасы

Ислам тарихы

Дәреттің осы дүниелік әрі ақыреттік пайдалары көп.

  • Дәретпен жатқан кісіге періштелер дұға етеді.

Ибн Омар (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ) былай дейді:

«Кімде кім таза халінде (дәретті) ұйықтаса, ол үшін бір періште «Уа, Алла! Бұл пендеңді мағфирет ет! Өйткені, ол пәк (таза) халінде ұйықтады» дейді» (Сахих Ибн Хиббан).

  • Дәретпен жатқан кісінің дұғасы қабыл болады.

Муғаз ибн Жәбәл (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ) былай дейді: «Қайсыбір момын пенде Алланы зікір етіп, пәк халінде ұйықтаса, түнде тұрып Алладан дүние-ақырет жақсылықтарын сұраса, Алла оған сұраған нәрсесін міндетті түрде береді» (Сунан Әбу Дәуд).

  • Қиямет күнінде де дәретті (таза) боп тіріледі.

Ғұламалар пікірінше «ұйқыға жатар алдында дәрет алу» өлімге даярлықтың алғашқы қадамы боп саналады. Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Дәрет алып жатып ұйықтап, сол күйі жан тапсырған кісінің рухы дәретті боп (қайта) тіріледі» (Фатх әл-Бәрии, Ғумдат әл-Қори).⠀

  • Дәретпен ұйықтау жаман, жағымсыз түстер көруден сақтайды.

Ибн Хажар әл-Асқалани (Алла оны рахмет етсін) былай дейді:

«Кімде кім дәрет алып ұйқыға жатса жақсы түс көреді» (Фатх әл-Бәри).

Мұхаммед Зәкәрия әл-Ханафи (Алла оны рахмет етсін): «Дәретпен ұйқыға жату жаман түстерді көруден сақтайды», - дейді (Тақрир әл-Бұхари).

  • Дәретпен ұйқыға жату түнді құлшылықпен өткізгендей сауапқа жеткізеді.

Әл-Ижлии (Алла оны рахмет етсін) былай дейді: «Кімде кім дәретпен, Алланы зікір етіп ұйықтаса, оянғанға дейін түні бойы ғибадат еткендей сауапқа қол жеткізеді» (Фатх әл-Бәри).⠀

  • Дәретпен жатқан кісінің рухы Аршының алдында сәжде етеді.

Әбу Дарда (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Момын пенде ұйықтағанда оның рухы Аршыға көтеріледі. Егер, пенде дәретпен жатқан болса, оның рухына Аршта Алла Тағалаға сәжде етуге мүмкіндік беріледі (яғни, оның рухы жоғары дәрежелерге көтеріледі)» (Ибн Мүбарак, Китаб әз-Зуһд; Фатх әл-Бәри).

ummet.kz

Бөлісу: