Әдет-ғұрыптың ислам құқығының қайнар көзі екендігінің дәлелі

Әдет-ғұрыптың ислам құқығының қайнар көзі екендігінің дәлелі

Ислам тарихы

Мұсылман ғалымдары әдет-ғұрыпты құқықтық нормаларды белгілеуде маңыздылығына қатысты Құран аяттары мен хадистерді дәлелге келтіреді. Қасиетті Құран Кәрімде: «Кішіпейілдік таныт, ғұрыпты бұйыр да, надандардан бет бұр!» делінген. Көпшілік тәпсір ғалымдары осы аятта келген «яғни «ғұрып» сөзініңадамдардың арасында, яки қандай да бір ортада қалыптасқан ізгі әдет-ғұрыптыбілдіретінін айтқан.

Кейбір үкімдер Құранда және хадисте жалпылама айтылғанымен, оның нақты шегі мен шешімі белгіленбегендіктен, ондайда әдет-ғұрып дәлелге саналады. Мәселен, «Ананың тиісті қорегі мен киім-кешегі баланың әкесінің мойнына міндет»29 деген аяттағы нәпақаның мөлшері нақты айтылмағандықтан, бұл жерде жергілікті халықтың әдет-ғұрпы есепке алынады. Сол секілді: «Алла анттарыңдағы бос сөзді есепке алмайды. Алайда біле тұра істеген анттарыңнан жауапкер етеді. Оның төлемі: үй-іштеріңе орта есеппен жегізетін тағаммен он міскінді тамақтандыру, не оларды киіндіру немесе бір құл азат ету. Мұны таппағанға үш күн ораза ұстау», – деген аятта30 адамдардың өз жанұяларына күнделікті орта есеппен жегізетін тағаммен он кедейді тамақтандыру бұйырылған.

Алайда ғалымдардың арасында орта есеппен тамақтандыруды анықтау мәселесінде көзқарастар біркелкі емес. Яғни, ол шариғатқа сай өлшенеді ме, әлде ғұрыппен белгіленеді ме? Сол сияқты, әйел адамның нәпәқасын беру мәселесінде де осындай түрлі пікірлер бар. Ал бұның барлығы адамдар арасында қалыптасқан әдетғұрыппен өлшенеді деген ғалымдардың пікірі ең дұрысы болып табылады. Бұған Құрандағы әйелдермен қалай қарым-қатынас жасау қажеттігіне қатысты айтылған «...Сондай-ақ олармен бірге ғұрыпқа сай өмір сүріңдер!» деген аятты мысал ретінде келтіруге болады.

Осыған ұқсас жағдайдан тағы бір мысал келтіре кетейік: «...Араларыңнан әділ екі кісіні де куәгер етіп алыңдар»32 деген аятта біреуге қатысты куәлік қабыл болуы үшін әділдіктен ауытқымау шарт ретінде бекітілген. Фақиһтар әділдік турасында «Кісіні тақуалық пен адамгершілікке бастайтын ізгі қасиет» деп анықтама берген. Аталмыш ізгі қасиеттерден алыстататын кез келген жағдай әділетсіздікке жол ашады. Ал мұндай факторлар уақыт пен ортаға қарай өрбиді. Бұл мәселеде имам әш-Шатыби «Мәселен, еркектердің бас киімсіз жүруі тұрғылықты жеріне қарай өзгереді. Бұл кейбір шығыс елдерінде адамның абырой, сенімділігіне нұқсан келтіретін жағымсыз әдет ретінде бағаланса, батыстағы елдерде қалыпты құбылыс болып саналады. Осындай айырмашылыққа байланысты діни үкімдер де өзгереді.

Шығыс елдеріндегі ер кісінің бас киімсіз жүруі әділетсіздік болып көрінсе, батыста мұның ешқандай сөкеттігі жоқ», – дейді. Сүннетке келер болсақ, одан да салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың заңдастырылғанына дәлелдер таба аламыз. Айша анамыз былай дейді: «Бірде Әбу Суфиянның әйелі Хинд, пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Негізінде, Әбу Суфиян – сараң адам. Егер мен оның рұқсатынсыз алмасам, өзі маған және балама жететіндей нәрсені бермейді». Сонда ол (с.а.с.): «Өзіңе әрі балаңа әдетке сай жететін нәрсені ал!», – деп жауап қайтарды». Имам ән-Нәуәуи имам Муслимнің хадистеріне жазған түсіндірмесінде осы хадистің пайдаларын тілге тиек ете отырып, шариғатта үкімі нақты келмеген мәселелерде, салт-дәстүрге сүйену керек екендігін атап өткен. Басқа да ғалымдар бұл хадистің әдет-ғұрыптың заңдылығына дәлел болатындығын айтқан. Тағы да салт-дәстүрге дәлел ретінде, Ибн Масғудтың: «Мұсылмандар жақсы деп есептейтін нәрсе, Алланың алдында да жақсы. Ал мұсылмандар жаман деп есептейтін нәрсе, Алланың алдында да жаман болып табылады», – деген сөздерін де келтіруге болады.

Аталған хадис пен сахабаның сөзін көптеген ғалымдар әдет-ғұрыптың ислам құқығында қайнар көз болатындығына дәлел етіп алған. Сонымен қатар Пайғамбарымыздың исламнан бұрын да болған кейбір құқықтық мәселелерге өзгеріс жасап, кейбірін сол күйі қалдыруы мұны қуаттайды. Мұны хадис ілімінде тақрири сүннет деп атаған. Тақрири сүннет дегеніміз сахабалардың кейбір іс-әрекеттеріне пайғамбарымыздың қарсылық танытпауы, яғни құптаған іс-амалдары. Бұл өз кезегінде әдет-ғұрыптың шариғат нормаларына негіз болатындығын көрсетеді. Өйткені тақрири сүннет – арабтардың исламға дейін күнделікті өмірлерінде қолдана келген әдеттерінің көрінісі. Мысалы бұл сауда-саттық, жалға беру, тұтқын алу, несиеге зат сату, ерлі-зайыптылардың бір-біріне лайықтығы, құн төлеу т.с.с. мәселелерде көрініс тапқан. Ал шариғат бұлардың ішінде пайыздық өсім алу, құмар ойындары, қыз баласын тірідей көму, әйелдерге мұрагелік құқын танымау т.б. секілді жаман әдеттерге тыйым салғандығы белгілі. Сонымен қатар әдет-ғұрыпты негізге алу алғашқы халифалар кезеңінде де жалғасын тапқан. Мужтахид имамдар кезеңінде олар өмір сүрген аймақтың әдетғұрыптары құқықтық нормаға негіз ретінде қабылданған. Әдетте, мұсылмандардың ешқандай зияны жоқ үйреншікті әдеттеріне қарсы келу адамдарға қиындық туғызады. Алайда, Құран Кәрімде: «Дінде де сендерге ауырлық салмады», деген аят бар. Байқағанымыздай мұсылман ғалымдарының исламның қоғам өміріндегі жағдаяттарын назарға ала отырып, дін белгілеген негізгі қағидаларға жіті мән беріп, өз әдіснамларына сай келетін әдет-ғұрыптарды құқықтық нормалар белгілеуде негіз етіп алғандықтарын көреміз. Осы орайда мұсылман құқықшыларының «Әдет-ғұрып – белгілеуші», «Шариғатта тікелей нұсқауы жоқ нәрсе, әдет-ғұрыпқа қарай таңдалады, өйткені ғұрып дәлел болып табылады», «Әдет-ғұрыппен бекітілген нәрсе шариғатпен бекітілгенмен тең» деген секілді сөздері ғұрыптың құқықтық негіз екендігін аңғартатын қағидалар болып табылады.

материал «Қазақ салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының

ислам шариғатымен үйлесімі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: