20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Қазақ мәдениетіндегі Ислам философиясының орны

Қазақ мәдениетіндегі Ислам философиясының орны

Ислам тарихы

Еуразия өлкесінің сан ғасырлық тарихы, қазақ халқының этногенезі мен этнографиясын зерттеу барысында қазақ мәдениеті мен руханияты Ислам өркениеті мен дүниесінің ажырамас бөлшегі екендігін көруге болады. Өйткені, халық санасына ислам діні бейбіт жолмен сіңісті. Ислам философиясын, құндылықтары мен өнерін дамыту мен жаңғыртуда біздің территориямызды мекен еткен ойшылдар: Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Махмұт Қашқари, Мұхамед Хайдар Дулати, Жүсіп Баласағұн және т.б. мұраларының ислам өркениетінің асыл қазынасына айналуы қазақ халқының дүниетанымында исламның рөлі басымдықты әрі маңызды екендігін дәлелдей түспек.

Академик Ғарифолла Есім, «Ұлттық идея – ел санасы» атты мақаласында: «Ұлттық идеяның үшінші тұғыры – интеллектуалды жасампаз қоғам туралы сөз қозғай отырып, діннің адамзат тарихында алатын орны ерекше. Өз тарихында діни санасы болмаған халық жоқ. Сонымен бірге дінге деген көзқарастар да әр дәуірде, әр қоғамда әрқилы болып келген. Сондықтан діннің не екендігін, оның қысқаша тарихын танып, білу – әрбір саналы адамға мәдени қажеттілік», – деп атап көрсеткен болатын. 

Қазақстанның кең-байтақ территориясы мен Еуразия аумағын мекендеген түркі ұлыстары ІХ ғ. басында Ислам дінін қабылдап, кейін осы территорияға иелік еткен ұлыстардың ұрпақ жалғастырған халықтары өз дүниетанымында ислам құндылықтарын дәстүрлі бағдар етіп қадір-қасиетімен біріктірген. 

Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі кезеңдерде территориямызда түрлі мемлекеттік бірлестіктер тарихында Ислам ұлттық менталитеттің негізгі діңгегі ретінде өміршеңдік танытқандығына тарихи деректер дәлел болады. Тіпті атеизм жарияланған Кеңестік отаршылдық саясат қазақ дүниетанымдағы исламды жоя алмады. Халық санасы бір Құдіретті күштен қорқып, оған жасырын түрде сиынуды тоқтатпады. 

Қазақ мәдениеті ғасырлар бойы Құран мен сүннетке имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы мен имам Матуриди сенім мектебінен сусындаған. 

Абай философиясындағы исламдық болмыс қазақ дүниетанымында Әлем мен адам контекстінде сипатталған.

Тоталитарлы-отаршылдық саясаттың күшімен цензураға ұшыраған тарихи жыр мен толғаулардан алынып тасталған ұлтжандылыққа, имандылыққа, ел үшін күреске шақырып, рухты оятып, жігерді жандандыратын өлең жолдарындағы «Алла», «Құдай», «Бисмиллаһиррахманир-рахим» сөздері көркем мәтіндерінде бұл күнде өз орнына қойылып, тәуелсіздігімізбен бірге насихаттала бастады. 

Қазақ даласындағы ислам ерекшеліктерін талдауда әлі күнге дейін отандық ғалымдар арасында бір тұжырымға шынайы біріккен пікірлер аз. Ислам рухани тазалық пен құндылықтардың өзегі, адам болмысының тұтастығын қамтамасыз ете алатын пәрменді күш ретінде адамзат санасына ұялай бастағандығы ең маңызды фактор. 

Миллиондаған қазақстандық жастардың өз өмірін өзгертуі, салауаттылық пен парасаттылықты, өркениеттіліктің болашағын өз бойларында ислам құндылықтарымен байланыстыруы исламның қазіргі таңдағы Қазақ даласындағы өміршеңдігін көрсетеді.

материал «Қазақ мәдениеті және ислам құндылықтары»

кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: