27
Сенбі,
Сәуір

һижри

Басшылық қызметті мойындарына алып, ақыретін аман сақтап қалғандар

Басшылық қызметті мойындарына алып, ақыретін аман сақтап қалғандар

Ислам тарихы

Шақиқ ибн Сәләма айтады: «Омар Хауазин  тайпасының зекеттерін жинауға Бишр ибн Асымды  (р.а.) жұмсайды. Бірақ Бишр бұл істен бас тартады.

Омар оған: «Неге бармадың? Бізді тыңдап, бағынуға  міндетті емессің бе?» – деп сұрайды. Бишр ибн Асым:  «Әрине, елдің басшысына бағынуға міндеттімін. Алайда мен пайғамбардың «Кімде-кім мұсылмандардың ісіне жауаптылықты (басшылық) мойнына алатын болса,  қиямет күні ол адам тозақ көпірінің үстіне әкелінеді.  Жақсы әрекет жасаған болса, құтылады, жаман әрекетке  барса, басып тұрған жері қақ жарылып, тереңдігі жетпіс жылдық қашық шыңыраудан төмен құлдилайды»  дегенін естіген едім», – деп жауап береді.

Бишрдің осы уәжінен кейін Омар жаны жабырқап, зілмеауыр жүктің астында жаншылып, ілби басып, жолда келе жатып Әбу Зәррмен кездесіп қалады. Әбу Зәрр: «Ей, мүміндердің әмірі! Қамығулысың ғой?» – дегенде, Омар: «Қалай қамықпаймын, Бишр ибн Асымды көрдім. Маған Алла расулының «Кім мұсылмандардың басқару ісін өз жауапкершілігіне алса...» деп басталатын хадисін айтты», – дейді таусыла сөйлеп. Әбу Зәрр: «Сен мұны Расулаллаһтан естімеген бе едің?» – деп сұрайды. «Жоқ», – дейді Омар. «Куәлік етемін, мен де Расулалланың «Кім мұсылмандардың біріне қандай да бір міндет жүктесе, ол адам қиямет күні тозақ көпірінің үстіне тұрғызылады. Егер ол өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарса, сол тапсырманы берген адам да құтылады. Ал міндетін дұрыс атқармаса, көпірдің тұрған жері қарс айырылып, тереңдігі жетпіс жылдық қашықтықтан тұратын, тас қараңғы шыңырауға құлайды» дегенін естідім. Ей, Омар, сені осы екі хадистің қайсысы қынжылтты?» – дейді Әбу Зәрр. Омар: «Екеуі де жүрегімді сыздатты. Мұндай қауіп төніп тұрғанда, халифалықты кім мойнына алсын?» – дейді. Әбу Зәрр: «Халифалыққа тек Алла мұрнымен жер иіскетіп, төмендеткен адамы ғана талаптана алады. Я, Омар, біз сені тек жақсы жағыңнан білеміз. Егер халифалықты әділетсіз адамға тапсырсаң, оның обалынан құтыла алмайсың!» – деді.

материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: