25
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

«Нағыз жиһад жасаушы кісі – өзінің нәпсісімен күресуші»

«Нағыз жиһад жасаушы кісі – өзінің нәпсісімен күресуші»

Ислам тарихы

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) басқа бір хадисінде: «Нағыз жиһад жасаушы кісі – өзінің нәпсісімен күресуші»,– деп нәпсімен күрестің маңыздылығын тағы бір рет айшықтай түскен. Жиһад ұғымы адамнан адамға, қоғамнан қоғамға, жағдайдан жағдайға қарай түрленіп отырады.

Бір дәрігердің өз саласында кәсіби деңгейге қол жеткізу үшін тынбай талпынуы мен ізденуі, экономика маманының мұсылмандардың әлеуметтік жағдайларының түзелуі үшін жұмсаған қажырқайраты, мұғалімнің сапалы білім беруі – мұның бәрі жиһадқа жатады. Бүгінгі таңдағы дағдарысқа қарсы еңсеру барысында жасалып жатқан шаралар да жиһадқа жатады. Мұсылмандардың керекті қаржыны тірнектеп жинап, өздеріне мешіт, медресе тұрғызуы; қалталы азаматтардың жоқ-жітіктерге көмектесіп, жетім-жесірлерге қарайласқан істері де Хақ жолындағы күреске – жиһадқа жатады.

Еліміздің кейбір ауылдарында тілсіз апаттардан жапа шеккен жандарға көмек беріп оларға қол ұшын созу да жиһадқа жатады. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Жесірлер мен міскіндер үшін жұмыс істеуші кісі дін жолында жиһад жасаушы адамға тең» дейді.

Кейде нағыз сұранып тұрған тұста бір ғана кесімді сөз айту да, сөз кері әсер етер сәтте сабыр сақтап, үндемеу де жиһадқа саналады. Тіпті, кейде қажеттілігіне қарай тек қабағыңды шыту яки күлімсіреудің де жиһадқа саналуы ғажап емес. Қысқасы, істелетін әрбір істің Хақтың разылығына қарай реттелуіне жиһад делінеді. Жиһад мәжбүр жағдайда қарумен де болады. Барлық дипломатиялық байланыстар нәтижесіз аяқталып, келіссөздерден толықтай үміт үзілген шақта отанды қорғау үшін қолға қару алып, жиһад жасауға болады.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дәуіріндегі жиһадқа, яғни мұсылмандардың Хақ жолындағы күрестеріне назар аударсақ, жоғарыда айтылған жиһадтың барлық түріне куә боламыз. Хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарлығының алғашқы үш жылында исламды жасырын насихаттады. Мұсылмандардың бұл кезеңдегі жиһадтары дұшпандардың көзіне түспестен, пайғамбарымызбен жасырын түрде кездесіп тұруы болатын.

Пайғамбарлықтың төртінші жылынан бастап, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) елді жаңа дінге жария түрде шақыра бастады. Осы кезде Мекке мүшіріктері иман етіп, жаңа дінге кірген ат төбеліндей аз ғана мұсылмандарды келеке, мазақ етіп, саналуан қиыншылықтарға душар етті. Осы кезеңдегі мұсылмандарға тиесілі жиһад – мүшіріктердің жан шыдатпас азаптарына сабыр етіп, жаңа дінді насихаттауды тоқтатпау болатын. Әз сахабалар мұны ең керемет түрде атқара алды. Мүшріктердің жан түршігерлік азабына душар болған кейбір мұсылмандарға пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Эфиопия еліне көшуді бұйырды. Жағфар және басқа да онымен бірге барған бірқатар сахабалар Эфиопия патшасы Нәжашиға жаңа дінді жеткізіп, оның иманға келуіне себеп болды. Осылайша бұл көш жай ғана көш емес, Жағфар сынды сахабалардың үлесіне тиген сол кездегі дін жолындағы жиһадтың нағыз өзі болатын.

Мүшріктер мұсылмандарды азаптаптауда жаңа бір айлаға көшті. Мұсылмандарды өзге халықтан бөлектеп, сауда-саттық секілді жалпы адами қатынастардың барлығына тыйым салып, оларды қоғамнан оқшаулап, саяси-экономикалық блокада жариялады. Тоз-тоз болып, аш-жалаңаш күй кешкен мұсылмандар бұл қиын заматта да сабыр сақтап, ұстанған жаңа діндерін тастамастан, өздеріне жасалған зұлымдықтарға табандылық танытты.

Осындай қиын кезеңде Хадиша анамыз қолындағы бар дүниесін мұсылмандарға үлестіру арқылы өзіне тиесілі жиһад міндетін атқара білді. Исламнан бұрын Меккенің санаулы байларының санатына жататын Хадиша анамыз бар байлығын Хақ жолына жұмсағандықтан, өзі қайтыс болған кезде ақыреттік кебініне бір орам бөз де бұйырмаған еді.

Және сол қиын кезеңдерде Әбу Бәкір өз үйінде Құран оқитын. Бірақ Құранды ішкі бөлмелерінде емес, ел жүретін жаққа қарайтын сыртқы бөлмеде оқитын. Көшеден ары-бері өткен адамдар Әбу Бәкірдің тебіреніп оқыған Құранына құлақ түре бастады. Кейбірі көп өтпей мұсылмандықты қабылдап жатты. Міне, Әбу Бәкір қиын заманда өзінің бір ғана Құран оқуымен де жиһадты тамаша атқарды.

материал «Жиһад деген не?» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: