31
Бейсенбі,
Қазан

һижри

Жұп-жұбымен Исламға шақырылғандар

Жұп-жұбымен Исламға шақырылғандар

Ислам тарихы

Әбу Суфиян мен оның әйелі Хинд

Мұғауия былай дейді: «Бір күні әкем Әбу Суфиян атына ер салып, артына анам Хиндті мінгестіріп, жолға шықты. Ол кезде мен жас жігіт болатынмын, есегіммен олардың алдында жүріп отырдым. Бір кезде Пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) даусын естідік. Әкем маған: «Мұғауия, сен түс, Мұхаммед мінсін», – деді. Мен түстім, Расулалла есекке мініп, алдымызда аяңдап жүріп отырды. Сосын бізге қарап: «Ей, Әбу Суфиян! Ей, Хинд! Күмәнсіз, өлесіңдер, сосын қайта тірілесіңдер. Жақсы адам жұмаққа, жаман адам тозаққа барады. Мен сендерге шындықты айтып отырмын. Бұл ақиқатты алғаш рет сендердің жұбыңа айтып тұрмын», – деді. Содан соң «Фуссилат» сүресін басынан бастап он бірінші аятына дейін оқыды. Әкем оған: «Айтып болдың ба?» – деді. Аллаһ расулы: «Иә», – деді де, есектен түсті. Анам әкеме: «Осы сиқыршыға бола баламды есектен түсіріп, оны мінгізгенің не?» – деген кезде, әкем: «Жоқ, Мұхаммед сиқыршы да, өтірікші де емес», – деді.

Расулалланың Осман мен Талха ибн Ұбайдұллаһты Исламға шақыруы

Осман ибн Аффан мен Талха ибн Ұбайдұллаһ Зубәйр ибн Аууамның (р.анһум) артынан еріп, Расулаллаға барады. Рақым пайғамбары (с.а.с.) оларға Исламды түсіндірді, Құран оқыды. Исламдағы құқықтар мен жауапкершіліктерді үйретті. Егер мұсылмандықты қабылдаса, Алланың қандай ізгіліктер беретінін айтты. Сол сәтте барлығы бірге иман келтірді. Осман: «Уа, Расулаллаһ! Біз Мағын мен Зәрқаның арасындағы бір жерде едік. Енді көзіміз іліне бергенде, құлағымызға тосыннан «Ей, ұйқыдағылар! Ояныңдар! Өйткені Меккеде Ахмет (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм)пайғамбарлығын жариялады» деген дауыс жетті. Меккеге келгенде, сенің пайғамбарлығыңды естідік» – дейді. Османның (р.а.) мұсылман болуы Алла расулының Дарул-Әрқамға90 баруынан бұрын орын алған.

Аммар мен Сүхәйбтің мұсылман болуы

Аммар ибн Ясир (р.а.) Пайғамбарымыз отырған Дарул-Әрқамның есігінің алдында Сүхәйб ибн Синанға кезігіп: «Мұнда не істеп жүрсің?» – деп сұрайды. Ол: «Ал өзің не істеп жүрсің?» – деп өзіне қарсы сауал қояды. Аммар: «Мұхаммедтің сөздерін тыңдағым келді», – дейді. Сүхәйб: «Мен де сол үшін келдім», – дейді. Екеуі бірге ішке кіреді. Алла расулы (с.а.с.) оларға Исламды түсіндіреді. Екеуі де мұсылман болады. Екеуінің Исламды қабылдауымен мұсылман ерлердің саны отыздан асты.

Әсад ибн Зүрара мен Зәкуан ибн Абдуқайсты Исламға шақыру

Мәдина тұрғыны Әсад ибн Зүрара мен Зәкуан әлдебір мәселеге байланысты жауапқа тартылған еді. Олар Ұтба ибн Рабияның төрелігіне жүгіну үшін, Меккеге барады. Сол жерден Алланың расулы (с.а.с.) туралы естіп, тіке соған жолыққанды жөн көреді. Пайғамбарымыз оларға Исламды түсіндіреді. Құраннан аяттар оқиды. Екеуі сол жерде мұсылмандықты қабылдайды. Сөйтіп, олар Ұтбаға соқпай, бірден Мәдинаға қайтады. Бұл екі әйгілі сахаба Мәдинаға мұсылмандықты алғаш жеткізгендердің қатарында саналады92.

материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: