25
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Салиқалы аналар: Сарра мен Ажар

Салиқалы аналар: Сарра мен Ажар

Ислам тарихы

«Аллам, егер Саған және пайғамбарларыңа иман келтірген болсам және күйеуімнен басқадан ар-намысымды сақтаған болсам, мені мына бұзықтан құтқар». «Демек, Алла бізді құрдымға тастамайды».

Бұл – адамзат тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі, пайғамбарлардың атасы Ибраһимнің әйелдері Сарра және Ажар жайлы әңгіме. Сарра он алты жасында Ибраһим пайғамбарға тұрмысқа шыққан. Сарра көз тұнар сұлулықтың өзі еді. Тіпті адамзат тарихында ең сұлу әйел Хауа анамызды есептемегенде, одан сұлу ешкімнің болмағаны жайлы айтылады. Сарра Ибраһимге иман келтірген, оның әрі әйелі, әрі ізбасары болды.

Ол Ибраһиммен бірге Ирактан Шамға, Мысырға, Палестинаға қоныс аударған. Сарраның дәрежесін ашып көрсеткен уақиға Мысырда орын алған-ды. Ибраһим мен Сарра Мысырға көшіп келеді. Ол жерде бір жауыз, қатыгез патша билік құрып отырғанды. Ел құлағы елу емес пе, патша өз мемлекетіне бүкіл адамзаттың ең сұлу әйелі кіргенін естиді. Бұл жаңалықтан хабардар болған залым патша есекдәмеге беріліп, зұлым ойға кетеді. Патшаның надандығы сондай, ол әйелге деген құрмет, арнамыс, абыройға көңіл бөлмейтін, ешқандай жауапкершіліксіз, адамгершілік қасиетке сүлесоқ қарайтын тоңмойын болатын. Арам ойын іске асыру мақсатымен Сарраны иемденгісі келіп, оны алып келуге жұмсаған әскеріне: «Қасындағы еркектен сұраңдар, оған кім болады екен, егер күйеуі болса, өлтіріңдер!» – деп бұйырады.

Әскер Ибраһимге келгенде, пайғамбар олардың суыт жүрісін сезеді. Әскерлер: «Мына әйел кімің болады?» – деп сұрағанда, Ибраһим: «Қарындасым», – деп жауап берді. Сосын Ибраһим Сарраға: «Егер сенен сұраса, менің қарындасым екеніңді айт. Аллам ант етем! Бүгінде жер бетінде (ерлі-зайыптылардан) сені мен менен басқа ешқандай мүмін жоқ», – дейді. Пайғамбар (с.а.с.) Ибраһимнің үш-ақ рет жалған сөйлегенін айтады, ал оның ешқайсысы өз мүддесі үшін емес-ті. Соның бірі – сол залым патшаға Сарраны «қарындасым» деп айтқаны. Ибраһим бұл жерде «Исламдағы, діндегі, имандағы, Алла жолындағы қарындасым» дегенді мақсат тұтқан. Әскер Сарраны алып кетіп, патшаның құзырына әкеледі. Арам ойын іске асырмақ болған залым Сарраға қолын соза бергенде, Сарра Аллаға жалынып, жалбарынып жәрдем сұрап: «Аллам, егер Саған және пайғамбарларыңа иман келтірген болсам және күйеуімнен басқадан ар-намысымды сақтаған болсам, мені мына бұзықтан құтқар», – деп дұға қылады.

Бұл дұғадан біз иман белгісін, арлылық пен намысшылдықтың лебін көреміз. Бұл – Аллаға иман келтірген, ар-намысы мен абыройын басына көтере сақтайтын әйелдің дұғасы. Алла тағала оның дұғасын қабыл алумен қатар, бұл тұста керемет бір мұғжиза көрсеткен.

Патша Сарраға қолын соза бергенде, ол Аллаға дұға қылады да, әлгі залымның қолы қатып-семіп, ешқандай әрекетке келмейді. Қатты қорқып, зәре-құты қалмаған патша Сарраға жалынып өзін босатуын сұрайды. Босатпайын десе, залым патша адамдарына өзін өлтіруді бұйыра ма деп қауіптеніп, Аллаға оны босатуын сұрап дұға қылады. Ол босайды. Патша аңтарылып: «Мүмкін, бұл шайтанның ісі шығар», – деп екінші рет Сарраға қолын созады. Сарра қайта дұға қылғанда, патшаның қолы тағы да қатып қалады. Патша Сарраға тағы да жалынып, өзін босатуын сұрайды. Сарра Аллаға оны босатуын сұрап тағы да дұға қылады. Ол босайды. Сөйтіп залым патша үшінші рет әрекет жасағанда, Сарра қайта дұға қылып, патшаның қолы семіп, алғашқысынан да бетер болады. Сол кезде ғана патша ынсапқа келіп, Сарраға: «Осы жолы мені босатсаң, өзіңе лайықты сый-құрмет көрсетемін», – деп қайта жалынады. Өз басына қатердің төнуінен қорыққан Сарра Алла тағалаға дұға қылып, оны босатуын сұрағанда, патшаның қолы қалпына келеді. Ақымақ, залым патша Сарраға жұмсаған жасақтарын шақырып: «Сендер маған кімді кіргізгенсіңдер, бұл адам емес, шайтан ғой, оны сыртқа шығарыңдар», – деп айқайлап бұйырады. Осылай кұдіреті күшті Алланың кереметімен, қорғансыз, шарасыз әйел Мысырды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап тұрған патшаның жәбірінен құтылды.

Назар салыңыз, иман мен ар-ожданға қатысты жәрдем сұрағанда әйелдің дұғасы Алла тағала тарабынан бірден қабылданған. Сөйтіп, патша сөзінде тұрып, Сарраны босатып, оған орасан зор сый-құрмет көрсетіп, тарту-таралғы жасап, оған қоса «Ажар» атты тағы бір сұлу күңді қосып береді. Бұл Мысыр патшасының Сарраға жасаған сыйы болды. Тарту-таралғыларымен жанына күңді ертіп, Сарра қайтып келгенше, Ибраһим Алладан әйелінің құтқарылуын сұрап, жәрдем тілеп ғибадатта отырған-ды. Алланың сынағының соңы Сарраның абыроймен үйіне оралуымен бітеді. Ибраһим бұл жерде қоныстанудан қауіптеніп, Палестинаға қайтып кетеді, сол жерде әжептеуір мал-дүниелі болады. Әйтсе де оның бір арманы балалы болу еді. Жасы болса келіп қалды, әлі күнге дейін перзентсіз жүруі көңілін жүдететін, бірақ арманының орындалатынына сенетін. Ибраһим бұл тағдырына назаланып, уәж айтпайтын. Керісінше, Раббысының көрсеткеніне шүкіршілік етіп, берген несібесіне разы болып күн кешетін.

Күйеуін сүйіп, қатты қадірлейтін, жаны ашитын, мүмін әйел – Сарра ерінің балалы болуды қалап жүргенін сезіп, оған өзінің күңін тарту етеді. Ибраһим Ажарға үйленіп, одан Исмаил деген ұл көреді. Исмаил туғанда Ибраһим 86 жаста еді деген риуаят бар. Алла тағала қалаған пендесіне, қалаған уақытта, қалаған нәрсесін береді. Алланың бұл тартуына әке қатты қуанады. Исмаил шамалы өскен соң, Ибраһимге кішкентай нәрестесі мен әйелін Араб түбегіне апарып тастау туралы уахи келеді. Ол әйелі мен ұлын алып, сол жаққа жол тартады. Біраз уақыттан соң жан адам тіршілік етпейтін, таулардың арасындағы ойпаң жерге келіп жетеді. Бұл Мекке ойпаты еді. Ибраһим ұлы мен Ажарды қалдырып, өзі кері қайтуға ыңғайлана бергенде: «Сен бізді қайда қалдырып бара жатырсың? Не су жоқ, не үй жоқ. Біз құрудың сәл-ақ алдындамыз ғой!» – дейді Ажар. Ибраһим жауап қатпайды.

Кім өзінің қартайғанда Құдайдан тілеп алған жалғызын адам аяғы баспаған, қаңыраған қу шөлге тастайды?! Бұл Алланың бұйрығына жан-тәнімен берілудің әрі жүректің тереңіне бойлаған иманның айғағы еді. Не істерін білмей абдырап қалған Ажар анамыз күйеуінің артынан ілесе: «Бізді мұнда қалай тастамақсың, ең болмаса жақын бір шаһардың маңына апарсаңшы», – дейді. Ал Ибраһимде үн жоқ. Сонда Ажар ерекше бір сөз айтады. Ол: «Ей, Ибраһим! Мұны саған Алла бұйырды ма?» – дегенде барып, Ибраһим: «Иә», – деп жауап қатады.

Демек, бұл – уахи. Ал уахиге бойсұнбау, Алланың әміріне бағынбау мүмкін емес. Ол – Ислам. Ал Ислам дегеніміз – Алланың бұйрықтары мен тыйымдарына ешқандай қарсылықсыз, екіленусіз, шүбәсіз, дау-дамайсыз толық бағыну. Сол кезде ғана кемел иман көрініс табады. Бұл – нағыз мүміннің сипаты. Осы тұста бізге Ажар анамыздан Алланың әміріне бойсұну керектігін көрсететін мәңгілік өшпес тәлім қалған. Ол Ибраһимнің жауабынан қорытынды алып: «Демек, Алла бізді құрдымға тастамайды», – деп сабасына түседі.

Міне, Ажар анамыздың өнегесі. Егер біз Алланың әмірлеріне бойсұнсақ, Аллаһтың жолымен жүрсек, Аллаға бағынсақ, Ол  бізді құрдымға кетіп жоғалуымыздан сақтайды. Құрдымға кету – Алла жолынан адасу. Бізге құрмет, абырой, өркениет, күшқұдірет тек осы тура жол арқылы ғана келеді. Егер Алланың жолын ұстансаңыз, кедейлік пен жоқшылықтан, өмір ағымынан артта қалып қоюдан, қоғам тарабынан шетке қағылудан, дүние игілігінен мақрұм қалудан қорықпаңыз. Сіз Алланың жолындасыз, Алла сізді ешқашан жоғалтпайды.

Сонымен, Ажар анамыз қалады да, Ибраһим кері қайтады. Анасы мен баласы екеуден-екеу, елсіз, сусыз сахарада күн кешеді. Алып қалған азық-ауқаттары таусылады. Анасының сүті де тартылып, аштық пен шөл қысқан сәби жылай бастайды. Баласының шыңғырғаны жанына қатты батқан ана жүрегі қобалжиды. Адам баласының сезімдерін саралар болсаңыз, ананың баласына деген пәк, таза махаббатына тең келер ештеңе таппайсыз. Бұл, әсіресе, қолындағы баласын жоғалтуға шақ қалып тұрған ананың жағдайында айқын көрініс табады. Осындай жағдайда иен далада, бірдеңе істеуге шарасы қалмаған ананың орнына өзімізді қойып көрейікші. Бауыр еті баласы үшін қиналып не істерін білмей дағдарған ана, әлдебір көмек, жәрдем бола ма деген үмітпен маңындағы төбелерге шығып, төңірекке көз жүгірте бастайды. Сафаға шығып, маңайды шолып қарайды.

Әрине, бұл кезде Қағба салынбаған, Зәмзәм суының көзі ашылмаған еді. Енді Ажардың жанары сол маңдағы жақын төбе Маруаға түсіп, сол жаққа қарай бет алады. Төбеге шығып, жанжаққа көз жібереді. Ажар үшінші бір төбеге шығып қарағысы келеді де, баласынан ұзап кетуге қауіптеніп қайтадан Сафа басына шығады. Одан да байыз таппай қайтадан Маруаға келеді. Абыржыған ана екі төбенің арасында ерсілі-қарсылы осылайша жүгіре береді. Ана жүрегінің қысылуынан, абыржуынан, қобалжуынан туған бұл әрекет мұсылмандар үшін оның өзінен кейін мәңгілік рәсім болып қалыптасатынын ол өзі білген жоқ-ты.

материал «Асыл аналар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: