10
Жұма,
Мамыр

һижри

Халал (таза) кіріс көздері

Халал (таза) кіріс көздері

Ислам тарихы

Халал (таза) кіріс көздері мыналар:

а) Аң аулау. Бұл мәселеде қандай да бір шектеу жоқ. Яғни, жерде, суда, аспанда болсын барлық жерден аң аулауға болады. Құран бұл мәселені бірнеше аятта баяндай келе мүминдер үшін аңшылық өлшемдерін берумен қатар осыған ынталандырады.

ә) Кеніштер және жер асты байлықтары. «Рызықты жердің терең қатпарларында іздеңіздер» деген сөзге хадис тұрғысынан сын айтылса да, ақиқатты баяндау тұрғысынан қолға алынуы қажет өте маңызды мәселе. Жер асты байлықтары қазіргі таңда тек аты ғана белгілі қазба байлықтарынан тұрмайды.

Болашақта қандай жерлерден қандай қазба байлықтар өндірілетіні, адамзат игілігіне берілетіні бір Құдайға аян. Әсіресе, әр түрлі қазба жұмыстары нәтижесінде табылатын қымбат бағалы заттар мен қазыналар да осы байлықтардың аясына кіруі мүмкін. Міне, Исламның пайдалы деп есептеген жер асты байлықтарының өзі үлкен табыс көзі екен.

б) Сауда. Сауда-саттықты ынталандыратын хадистердің көп екендігі белгілі. «Өзгелерді алдамайтын, тура және сенімді саудагер ақиретте пайғамбарлар, ізгілер және шейіттермен бірге қайта тірілтіледі», «Турашыл саудагер ешбір көлеңке болмайтын сол күні (қиямет күні) Арштың көлеңкесінде тірілтіледі», «Рызықтың онда тоғыз бөлігі саудада».

Бұл хадистерден көріп отырғанымыздай, Ислам мүминдерді әрдайым сауда-саттыққа ынталандырып отырған. Исламның өркендеп тұрған дәуірлерінде сауда-саттық, мұсылмандардың дамып-өркендеуінің ең маңызды құралдардың бірі болған. Сауда-саттық – ең негізгі табыс көзі саналған.

в) Қолөнер. Қолөнер де – маңызды табыс көздерінің бірі. Қолөнерімен жасалған барлық еңбектер Исламның негізгі қағидаларынан ауытқымаған жағдайда осы салаға кіреді. Кілем және тоқыма, қолдан жасалған әшекей бұйымдары, түрлі оймалар бұлардың барлығы да шеберлердің қолынан шыққан қолөнер бұйымдары болғандықтан заңды табыс көзіне жатады.

г) Жұмыскерлік. Жұмыскерлік – қол еңбегі, маңдай терімен еңбек етіп, жұмыс жасап табыс табу және т.б. осындай жолдармен келетін табыс. Жұмысшы болу – Алла тағаланың құрметпен атаған және Пайғамбарымыз (с.а.с.) ынталандырған еңбек түрлерінің бірі. Бұл жайлы бір аятта былай делінген: «Амал жасап (жұмыс) істеңдер. Алла, пайғамбар және мүминдер сіздің істегендеріңізді (еңбектеріңізді) көретін болады (деп айт)». Бір хадисте: «Алла өз (маңдай тер, адал) еңбегімен күн көретін құлын жақсы көреді», – делінген. Демек, Раббымыз еңбекқор, жұмыскер, қолынан іс келетін епті мүминдерді әрі жақсы көреді, әрі оларға қошемет жасайды.

Басқа бір хадисте: «Сіздің араңыздан ешқайсыңыз өз (қолының) еңбегімен тапқан астан әлдеқайда таза (адал) ас жей алмайды», – деген. Яғни, қол еңбегі ең қайырлы рызық болып саналған.

Көріп отырғанымыздай, маңдай тер, адал еңбегімен табылған рызықты Алла да, пайғамбар да қошеметтеуде. Осы жерде мына бір оқиғаны тілге тиек ете кетелік. Бірде ардақты пайғамбарымыз (с.а.с.) әлдебір шаруамен Мәдина шаһарының сыртына шыққан болатын. Қайтар жолда оны бау-бақшасында жұмыс істеп жатқан бір сахабасы шақырады. Пайғамбарымыз әлгі кісінің қасына барғанда, оның кетпен ұстап, әбден тілімделген қолын көріп, қатты сүйсінеді. Тіпті оның қолдарын өзінің қасиетті жүзіне тигізіп: «Алла разы болатын қолдар міне осындай қолдар» деген екен. Кетпен шапқан сахабаның қуанышында шек жоқ еді. Өйткені, істеген еңбегінің еш кетпейтіндігін

Пайғамбарымыздың өз аузынан естіп еді. Пайғамбарымыз еңбекқор жанның қолымен жүзін сипай отырып қияметке дейінгі жұмысшылар, шаруалар мен еңбекшілердің адал еңбегінің маңызын, сонымен қатар қай дәуірде болмасын еңбек еткен адамға деген құрметқошеметтің өлшемін көрсеткен.

ғ) Олжа. Ислам дінінің адал деп есептеген табыс көздерінің бірі – олжа. Белгілі бір кезеңдерде мұсылмандар олжа арқылы үлкен байлыққа кенелген. Мәселен, Омар ибн Абдулазиз дәуірінде зекет алатын жан болмаған деседі.

е) Зекет және садақа. Зекет Ислам дінінде толықтай сақтандыру жүйесі секілді функция атқаратын құрылым болып табылады. Құран аятында былай делінген: «Зекет, Алладан бір парыз ретінде кедейлерге, мұқтаждарға, оны (зекет) жинаушы қызметкерлерге, жүрегін исламға жібіту үшін (арнайы) жандарға беріледі және құлдар, қарызданғандар, Алла жолындағылар, жолда қалғандар үшін арналады (жұмсалады)». Мінекей зекет осылайша аятта аталған топтар үшін маңызды кіріс көзі болмақ. Мұнымен қоса зекет – жүректі сараңдық сырқатынан арылтатын, бай жандарда мейірім мен сүйіспеншілік сезімін оятатын ғибадат түрі.

материал «Исламдағы тазалық» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: