06
Дүйсенбі,
Мамыр

һижри

Сахабалар кезінде неге мәзһаб болмады?

Сахабалар кезінде неге мәзһаб болмады?

Ислам тарихы

Мәзһабтардың қалыптасуынан хабарсыз кейбір адамдарды «Бұл үмметтің ең абзал жандары сахабалардың кезінде мәзҺаб жоқ еді ғой. Енді біз олардың істемеген ісін қалай істейміз? Бұл бидғат емес пе?» деген сұрақ көп мазалайды.

Бұл сұрақтың жауабы өз ішінде жатыр. Яғни олардың ең абзал жандар ретін- де бағалануы оларды арнайы құрылған жолға мұқтаж қылмады. Әрине олардың абзалдығы өздеріне тән сипаттарға байланысты еді. Оларды мәзһабқа мұқтаж етпеген сипаттарды төменде баяндайтын боламыз. Жоғарыдағы сұрақты қою – соқыр адамның қасындағы көзі көретін адамға еріп, маған да таяқ қажеті жоқ дегені секілді нәрсе ғана. Ал, «пайғамбарымыздың (с.а.у.) кезінде неге мәзхаб болмады?» – деп сұрау – уахидың мәні мен мағынасын білместіктен ғана шығатын сөз.
Иә, сахабалар кезінде неге мәзһаб болмады...? Себебі, сахабалардың бойынан ғана табылып, одан кейінгі ғасырларда бірте-бірте жоғала бастаған екі ерекше сипат болды. Олардан кейінгі келген мұсылмандар бұл екі сипатқа ие бола алмады. Сахабалар осы екі қасиеттің арқасында сенім негіздеріне немесе ғибадат мәселелеріне байланысты Құран мен Сүннеттен үкімдер шығаруда сүйенетін арнайы ғылыми әдістемелік ережелерге мұқтаж болмады. Бұл екі қасиет мыналар еді:
1. Өзге тілдердің әсерінен ада, таза араб тілін меңгеруі;
2. Қалтқысыз бойсұнуға итермелейтін таза ислами болмысқа ие болу.
Құран мен сүннеттен үкім шығаруда ғылыми қағидаға сүйенуге деген қажеттілік – иә, араб тілі мен әдебиетіндегі әлсіздіктен, иә болмаса тараптар арасында бой көрсететін түсінік пен көзқарас айырмашылығынан туындайтындығы білгілі. Сахабалардың заманында әсіресе, алғашқы буынында бұл екі мәселе толығымен жоқ еді. Бұған сол кездегі діни мәселелердің шектеулі, аз болып Құран мен сүннеттегі айқын тақырыптардың тысына шықпағандығын қоссақ, алғашқы буын сахабалардың қандай да бір ереже, қағидат жинақтарына мұқтаж болмағандықтарын анық көреміз. Олар өз араларында дау-жанжалға түспегендіктен, жүгінетін арнайы жол да іздеген жоқ. Тіл меңгеруде және арабша түсінуде ешқандай қиындықтарға жолықпағандықтан, тілдік ереже – құралдарға да зәрулік жоқ еді. Қияс және басқа пікірлерді қолданатындай жаңа мәселелер көбейген емес еді. Жалпы айтар болсақ, сахаба дәуірінде мәзһабтың бүгінгі үлгіде құрылуына алғышарттар болмаған еді. Сонымен қатар сахабалардың бұл ұстанымдары ұзаққа созылмады. Исламның жайылуынан туындаған өзгерістер оларды жаңа шешімдер қабылдауға итермеледі.

материал «Мәзһаб туралы таным» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: