20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Құран неге «Әл-Хәмду лиллаһ» сөзімен басталған?

Құран неге «Әл-Хәмду лиллаһ» сөзімен басталған?

Ислам тарихы

Қасиетті Құранның «әл-Хамду лиллаһ» (Аллаға мақтау болсын) сөзімен басталуының өзіндік мәні бар екені ақиқат. Сондай-ақ, Күнделікті бес уақыт намазымызбен қатар әрдайым қасиетті Құранды оқыған сайын беташар ретінде басталатын «Фатиха» сүресінің алғашқы сөзі болған «әл-Хамду лиллаһ» сөзімен бастаймыз. Құранға зер салған әрбір жанның санасына Хақтан түскен осы бір мағыналы Ұлы кітап (Құран) неге «әл-Хамду лиллаһ» сөзімен басталып тұр, мұның адам баласы үшін көрсетер бағыт-бағдары қандай? деген сұрақтардың туындауы әбден мүмкін.

Адам баласы өзін жоқтан бар етіп, күллі жаратылысты игілігіне тарту еткен Жаратушы Иесіне рахметін «әл-Хамду лиллаһ» сөзімен жеткізеді. Күллі жаратылыс да өз тілімен Жаратушы Хақты «әл-Хамду лиллаһ» сөзімен ұлықтайды, шүкірін білдіреді. Демек, «әл-Хамду лиллаһ» сөзі саналы адамға өзіне берілген сансыз нығметтердің Иесі болған әлемдердің Раббысын сүюді, сол нығметтер үшін қарыздар екенін сезінуді, нығметтердің рахметі ретінде сауапты, игілікті істерді жасауға міндетті екенін білдіреді. Әрине, адамзат өзіне берілген сансыз нығметтердің шүкірін толық өтеуі мүмкін емес. Алайда, қасиетті Құранды толығымен «әл-Хамду лиллаһ» сөзінің түсіндірмесі, Жаратушыға шүкір етіп ғұмыр кешудің қағидаттарын қамтыған Ұлы кітап. Сол себепті, әркім шамасы жеткенше Құранның сырына бойлап, мәніне лайық өмір сүруге күш салуы керек.

Мұсылмандық дүниетанымды берік ұстанған халықымыз хәл-жағдай сұраса қалса, «әл-Хамду лиллаһ», «Аллаға шүкір», «тәубе» деген сынды шүкірлік мағынасын білдіретін сөздермен жауап беріп жатады. Туадан сүекке бітіп, қанға сіңген мұндай әдет-ғұрпымыздың тамыры Құран тәлімімен үндесіп жатқанын да аңғару қиын емес. Сондай-ақ, қасиетті Құранда көп қайталанылатын «әл-Хамду лиллаһ» және «Шүкір» сөздері Аллаға шүкір етуді, барға қанаға, тәубе деуді білдіретін синоним ұғымдар болып табылады. Аталмыш терминдер өзара мағыналас болғанымен, «әл-Хамду лиллаһ» сөзі «Шүкір» сөзіне қарағанда мәнісі терңірек, мағынасы ауқымды. Мақаламызда, «әл-Хамду лиллаһ» және «Шүкір» сөздерінің негізгі мәні болған Аллаға шүкір ету түсінігі аясында тоқталамыз.

Қасиетті Құрандағы: «Әр қауымның бет бұратын құбыласы, ұстаған жолы һәм көздеген мақсаты бар. Ендеше, (сендердің құбылаларың, жолдарың һәм мақсаттарың белгілі, сондықтан жұдырықтай жұмылып) жақсылықта жарысыңдар һәм жетістікке жетіңдер. Қай жерде болсаңдар да, күндердің күнінде Алла бәріңді бір жерге (яғни ғарасат майданына) жинайды. Шүбәсіз, Алла тағаланың құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді» (Бақара сүресі, 148-аят) деген аятқа түсіндірме берген имам Матуриди: «Қай жерде, қандай кәсіп істесеңдер де бір-бірлеріңді қолдай отырып, істерңнен нәтиже шығару жолында жарысыңдар. Егер бұлай істейтін болсаңдар, міндетті түрде Алла береке-бірліктеріңді арттырып, жетістікке жеткізеді. Күмәнсіз, Алланың әрбір іске құдіреті жетеді» деген.

Имам Матуриди, адамның Аллаға деген шүкірінің, рахметінің екі түрі барына ишарат жасайды. Біріншісі, адам істеген істерінің пайдасын жеке мүддесімен шектеп қоюы. Мысалы, бір мұсылман жасаған парыз құлшылықтары арқылы Алладан тек өзінің кешірілуін ғана мақсат етуі. Өзге мұсылмандардың игілігі үшін жасалып жатқан қоғамдық істерге белсене атсалыспауын айтуға болады. Ал, енді бір мұсылман күнделікті парыз құлшылықтарымен қатар адамзаттың бақыты үшін жасалып жатқан игі істерге, Ислам дінінің көркем түрде насихатталуына да атсалысып, жіті көңіл бөледі. Бұл адамның сауабы әуелгі адамға қарағанда неше мың есе артық. Себебі, Аллаға шүкіршілік етуде, рахметін білдіруде адамға жазылатын сауапты істің бұлағы бұлағы көбірек болғаны өте маңызды.

Алла елшісі (саллаллаһу әлейһи уә сәлләм): «Кімде-кім Исламда бір ізгі іске бастамашы болып, сол істі кейін басқалар істесе, сауапты істі жасаған кісілердің сауабы еш кеміместен бастамашы болған адамға да тура сондай сауап жазылып тұрады. Ал кімде-кім Исламда бір күнәлі іске бастамашы болып, сол істі кейін басқалар істесе, күнәлі істі жасаған кісілердің күнәлары еш кеміместен бастамашы болған адамға да тура сондай күнә жазылады» деген. Яғни, Кімде-кім сауабы тірі кезінде де, өлгеннен кейін де үзілмейтін жақсы бір істің қоғамда үрдіске айналуына себепкер болуы Аллаға болған шүкіршілігінің арта түсуіне себеп болмақ.

Имам Матуриди, қасиетті Құрандағы: «Сондай-ақ Раббыларыңның «Егер шүкіршілік етсеңдер, нығметімді арттырамын…» (Ибраһим сүресі, 7-аят) деген аятты тәпсірлеу барысында: «Бұл аятта адам баласына берілген нығметтер шексіз болғандықтан «Егер шүкіршілік етсеңдер, нығметімді арттырамын» деп, жалпылама айтылып тұр. Адамға берілген нығметті бөліп-жарып айтпағаны тәрізді шүкір ету мәселесін де жалпылама айтты. Бұл адамдар үшін жеңілдік, шүкір етудің жолдары көп екенін көрсетеді. Сондай-ақ, осы өмірде сендерді жоқтан бар етіп, түрлі нығметтерге бөлеген Аллаға ортақ қоспай, шынайы шүкір етер болсаңдар, ақыретте де таусылмайтын мол нығметке бөлеймін деді» деген.

Алла елшісі (саллаллаһу әлейһи уә сәлләм): «Адамдарға рахметі болмағанның Аллаға рахметі болмайды» деген. Адамдардың өмірі, тіршілік етуі өзге жандармен қарым-қатынастан тұрады. Сол себепті, адамдар бір-біріне қолұшын беруімен, жанашырлық танытуымен, адамзаттың игілігі үшін пайдалы істерді бірігіп істеуімен өз рахметін білдіре алады. Адамның отбасындағы және қоғамдағы адамдар тарапынан қолдау тауып, солардың разылығына бөленуі Жаратушы Хақты да разы ететін іс. Жаратушы Алланы разы ету шүкіршіліктің, рахметтің ең ұлысы. Міне, бұл қасиетті Құранның әуелгі «әл-Хамду лиллаһ» сөзінің мәні деуге болады.

материал «Үкім аяттардың тәпсірі» кітабынан алынды,

ummet.kz

 

Бөлісу: