26
Жұма,
Сәуір

һижри

Құранның «Умми» хат танымаған адамнан шығуы

Құранның «Умми» хат танымаған адамнан шығуы

Ислам тарихы

Құранның хат танымаған пайғамбар арқылы адамзатқа келуі оның Алла сөзі екендігіне ап-анық дәлел. Құранда хазіреті Мұхаммедтің уммилігі хақында көптеген аяттар бар.

Хақ Тағала оның уммилігін баса айту арқылы, пенденің ақылы жетпес шексіз ілім мен ғылымға толы мұндай кітаптың оқу-жазу білмейтінге түсуі – қисынға келмейтіндігін дәлелдеп санаға терең ой тастайды. Құранда «Олар қолдарындағы Тәурат пен Інжілде жазылған сол бір умми Елшіге ілескен жандар» және келесі аятта «Ей, адамдар! Мен – сендердің барлығыңа түгелдей көктер мен жердің иесі Алланың елшісімін. Одан өзге құдай жоқ. Өмірді берген де, өлімді жаратқан да Сол. Ендеше, сендер де Алла Тағалаға және Оның барлық сөздеріне иман еткен сол бір умми Елші пайғамбарға иман келтіріңдер».

Міне, осы аяттарда оның оқу-жазу білмегендігі баса айтылған. «Анкабут» сүресінде де былай дейді: «(Ей, Мұхаммед) сен бұдан бұрын кітап оқуды да қалам тартуды да білмейтін едің. Егер солай болғанда (Алланың сөзін жоққа шығаруға тырысқан) бұзақы кәпірлер күдіктенер еді. Жоқ, олай емес. Расында, Құран – ғылым берілгендердің көкіректерінде ап-айқын (мұғжиза) аяттар. Біздің аяттарымызды залымдардардан өзге ешкім жоққа шығармақ емес. Олар: «Оған Раббыңнан неге мұғжизалар түсірілмейді?» – дейді. «Мұғжиза жасау Алла Тағалаға ғана тән нәрсе.

Мен айқын ескертуші ғанамын» – де» деген аяттарда хазіреті Елшінің (с.а.с.) ешбір кітап оқымағандығы мен жазбағандығы бар болғаны пайғамбарлық міндетін атқарғандығы айқын байқалады. Ендеше, хазіреті Мұхаммедтің (с.а.с.) уммилігі айқын болса, Құранның Ұлы Жаратушы сөзі екендігі де айқын болмақ. Өйткені, Ұлы Жаратушының барлық есім мен сипаттары және иман мен Исламға тиісті ақиқаттарды һәм күллі жаратылыстың тылсым сырлары мен адамзаттың өміріне тән қажеттіліктерді баян етуі умми адам тұрмақ оқыған ғалымдардың да қолынан келер іс емес. Һәм умми оқу-жазу білмеген бір адамның кітабын өзінен кейінгі миллиондаған кемеңгер адамдардың оқып, толғанып, өз ғасырларының мәселелерін шешетін том-том кітаптар жазып, тарихқа өз аттарын алтын әріптермен жазып қалдырулары да мүмкін емес. Имам Шафиғи, Ханафи, Ғазали, әл-Фараби, Ибн Сина, Ибн Рушд т.б. секілді мыңдаған кемеңгер ғұламалар ілімдерін сол Умми Кісінің (с.а.с.) қолындағы кітаптан алып, өрістерін кеңейтіп, толық адам шыңына қанат қаққан. Қазіргі заманда да жаратылыс ғылымын зерттейтін ғалымдар сан жылдар бойы еңбектеніп ашқан жаңалықтарын сол Умми Елшінің қолындағы кітаптан көріп, таңданысын жасыра алмай, ақырында оған шәкірт болуға ынтығып, оның алып көшінің соңынан ілесуде. Осы жайттарға қисынмен терең көз салып қарасаңыз, Ұлы Иесінің мөрі басылған Құран ескірмей, қайта жылдар мен ғасырлар өткен сайын, мән-мағынасы жаңара түсіп, жаңа заманның перзенттеріне кіршіксіз таза пікірлер ұсынып, ұстаздық етіп, жарқын ғұмыр мен асқақ бақыттылыққа жетелегенін көресіз. Иә, Құран – Ұлы Жаратушының кітабы. Умми Кісі (с.а.с.) Оның сол кітабын адамзатқа қаз-қалпында жеткізуші. Бұдан басқа да Құранның мұғжизалық жақтары бар. Алайда олардың кейбірі араб тілінің шешендік өнеріне қатысты болып, араб тілін білмейтін оқырманға ауыр келмес үшін, жазуды жөн көрмедік. Кейбір мұғжизалық жақтарын да кітаптың екінші томында жан-жақты терең талдау жасайтын болғандықтан, бұл тақырыпта олардың қақпасын ашпадық. Сол аталмыш тақырыптарды оқып, таразыға салып қараған жан Құранның хақтығын аңғарады. Әлбетте, егер Құранның мұғжизалық жақтарының кейбір тұстары түсініксіз келіп жатса, ол түсіндірушінің кемшілігінен туындаған нәрсе. Ал Құранда ешқандай нұқсандық болуы мүмкін емес. Онда кемістік пен нұқсандықтың болмауы да оның Хақтың кітабы екендігінің дәлелі.

Адамзаттың екі дүниелік бақыты үшін түскенін білсе де, көре алмай, Құранды пенде кітабы етіп көрсетіп, оны жоққа шығаруға тырысқан Құран дұшпандары қанша жанталасқанмен, оның мәңгілік жарығын өшіре алмақ емес. Құранда: «Олар Алланың нұрын ауыздарымен үрлеп өшіруге тырысады. Алайда Алла кәпірлер қаламаса да нұрын толықтырады» дейді. Сондықтан да Құранға қарсы сын айтып, Құдай тағаламен сөз таластырмақ болғандар мәңгілік сөнбес нұрдан мақрұм қалмақ. Ал Құранның хақтығына қалтқысыз сеніп: «Раббымыз! Біз «Раббыларыңа иман етіңдер» деп шақырған (Пайғамбар, Құран) шақырушыны естіп, дереу иман еттік» дегендер сол бір мәңгілік нұрдың бақытына бөленіп: «Раббымыз! Бізге пайғамбарларыңа уәде еткендеріңді бер. Һәм бізді қиямет күні қорлама.

Күдіксіз, Сен берген уәдең мен сөзіңнен айнымайсың» деп дұға етіп, ақыретте Ұлы Жаратушының уәдесі бойынша Оның түгесілмес қазына мен сарқылмас сый-сыяпатына қол жеткізбек. Ақырғы сөз, Құран – жеті қабат ғаламзатты жоқтан жаратқан Жаратушы Жаппар Ие Алла Тағаланың мән-мағынасы шексіз, мәңгілік кітабы демек – дүр.

материал «Мәңгілік мұғжиза» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: