27
Сенбі,
Сәуір

һижри

Құран қиссаларының тарихи маңызы қандай?

Құран қиссаларының тарихи маңызы қандай?

Ислам тарихы

Алла Тағала: «(Уа, Мұхаммед!) Біз саған бұл Құранды уахи ету арқылы өткеннің ғибратқа толы деректерінің ішіндегі ең керемет бір қиссаны баяндап береміз. Анығында сен бұрын-соңды бұдан бейхабар едің» (Юсуф сүресі, 3-аят) деген. Бұл аяттың мәнісінен Құрандағы әрқандай бір қиссаның өмірде шынайы болған іс екенін көруге болады. Сондай-ақ, Құрандағы кез-келген бір қиссаны ойдан тоқылған әпсана әңгімелер мен хикаяларға салыстыру дұрыс емес.

Қасиетті Құранда Адам ата және Хауа ана, олардың екі баласы, Нұх, Салих, Ибраһим, Исмағил, Исхақ, Лут, Яғқуб, Юсуф, Шуғайб, Дәуіт, Сүлеймен, Әйюб, Юнус, Закария, Яхия, Муса, Һарун және Иса сияқты пайғамбарлар, Мариям, Ғузайр, Зүлқарнайн, Лұқман және Асхабул Кәһф сынды салихалы адамдардың қиссаларымен қатар өз пайғамбарларына қарсы шыққан Намурд, Ферғауын, Ад және Самуд қауымдарының оқиғалары да баяндалады. Тіпті, кейбір сүрелер пайғамбарлардың есімімен аталып, Құранда қиссаларға көлемді орын берілген. III ғасырда өмір сүрген атақты тәпсірші имам Әт-Табари, Құранның үштен бірі (3/1) қиссалардан тұрады деп болжам жасайды.

Адамзат тарихы мыңдаған ғасырларды бастан өткізгенімен ғұмыр кешу үрдісі өзгермек емес. Танымдық-тәрбиелік мәні бар тарихи қағидаттар мен ұстанымдарға мұқтаж. Құрандағы қиссалар өткен замандағы оқиғаларды баяндай келіп, адамдардың көңіліндегі ұмыт болып кеткен немесе күйбең тіршілікпен ескермей, ғапылдықта жүрген істерін есіне салады. Мысалы, Адамның (а.с) жаратылуы, оған көптеген білімнің (есімдердің үйретілуі) берілуі, періштелердің сәжде (құрмет көрсетуі) етуі және шайтан Ібілістің Алланың әміріне бойсынбай, адамзаттың қас жауына айналуы, т.б.

Құран – Алладан түскен қасиетті кітап болса, Оны адамзатқа жеткізуші елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.). Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың ең ұлы мұғжизасы, ол – Құран. Осы тұрғыдан, Құрандағы бүкіл қиссалар Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Алланың соңғы елшісі әрі пайғамбары екендігін дәлелдейтін айғақтар деуге болады. Өйткені, оқу-жазуды білмеген бір үмми пайғамбардың бұрынғы үмметтер жайлы егжей-тегжейлі хабар беруі мүмкін бе?! Әрине, мүмкін емес. Әрі бұрынғы үмметтер жайлы Мекке халқының да көп білімі жоқ еді. Мұның барлығы Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың хақ пайғамбар екенін растайды. Қасиетті Құранда: «(Уа, Мұхаммед!) Міне, бұлар – ғайби хабарлар, Біз саған оны уахи арқылы жеткізудеміз. Өзің де, қауымың да бұдан бұрын олар жайлы еш нәрсе білмейтін едіңдер. Ендеше, (Алла жолында басыңа түскен ауыртпалықтарға мойымай) сабырлылық таныт. Шүбәсіз, жеңіс Алладан шын именетін тақуаларға тән» (Һуд сүресі, 49-аят) делінеді.

Демек, Құрандағы қиссалар, бәзбіреулердің айтқанындай, мән-мағынасыз, бос сөздер емес. Керісінше, әрбір қиссаның өзіндік мәні маңызы бар иләһи шындық. Күллі адам баласына дұрыс бағыт-бағдар көрсетудің басты қағидаттары. Мысалы: Аллаға және Оның елшісі Мұхаммедке (с.ғ.с.) иман еткен мүміндердің сенімін шыңдаса, соңғы пайғамбар Мұхаммедті (с.ғ.с.) пайғамбар ретінде қабыл етпейтін бұрынғы үмметтердің ұстанымының дұрыс еместігін өзге де пайғамбарлардың қиссасын баян ету арқылы тура жолға шақырады. Сонымен қатар, Жаратушы Алланы және Оның елшілерін мойындамаған қауым үшін үлкен азаб барын да ескертеді. Сондай-ақ, Құрандағы қиссалар күллі адамзаттың бір сенім, бір мақсатта өмір сүру керектігін тарихи қырынан қарастыратын иләһи ілімнің қайнаркөзі саналады.

материал «Үкім аяттардың тәпсірі» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: