19
Жұма,
Сәуір

һижри

Құран аудармасына да Құран деліне ме?

Құран аудармасына да Құран деліне ме?

Ислам тарихы

Қасиетті Құранда: «Сендер ой жүгіртсін, түсінсін деп, Біз ол Кітапты арабша Құран түрінде түсірдік» (Юсуф сүресі, 2-аят) делінеді.

Құранның алты жерінде «Арабша Құран түсірдік» делінсе, үш жерінде «Араб тілінде түсірдік» деп келеді. Бұл аяттардан араб тілі Құранның ажырамас бір сипаты екенін көреміз. Әрі қасиетті Құран пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу әлейһи уә сәлләм) арқылы араб тілінде жетті. Содан бері қаншама ғасыр өтсе де, күллі мұсылман қауымы намаздағы қырағат сынды міндетті кейбір амалдарды араб тілінде орындап келеді.

Ислам дінінде мән берерлік тағы ерекшелік, адам баласы Құранды түсінбеген күннің өзінде Оны бетіне қарап оқуының өзі құлшылық болып саналады. Яғни, оқылған Құранның әрбір әрпіне мол сауаптың жазылатындығы туралы пайғамбарымыз Мұхаммедтің (саллаллаһу әлейһи уә сәллам) хадистерінде келеді. Бір хадисінде: «Кімде-кім Алланың кітабынан (Құраннан) бір әріп оқитын болса, оған бір жақсылық жазылады. Ал әрбір жақсылық он еселенеді. Мен әлиф, ләм, мимді (бәрін қосып) бір әріп демеймін, әлиф – жеке әріп, ләм – жеке әріп, мим – жеке бір әріп. (Әрқайсысына жеке сауап жазылады)» делінген (Тирмизи).

Ал енді, Құран аудармаларын қастерлеу мәселесіне келер болсақ, халық арасында: «Құдайдың жазуына адамның сөзі араласқан жағдайда діннің тұтас­ты­ғына сызат түседі. Бұрынғы иләһи кітаптар сол себепті өзгеріске ұшыраған» деп, Құранды өзге тілге аударуға мүлдем қарсы шығып жататындар да кездеседі. Әрине, бұл дұрыс көзқарас емес. Өйткені, әуелі пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу әлейһи уә сәллам) көзі тірісінде сахаба Салман әл-Фарисиге (Алла одан разы болсын) Фатиха сүресін аударуға рұхсат берген[1]. Сондан бері Құранның түрлі тілдерге аударылуы мұсылмандар тарапынан бір құптарлық іске айналды. Тіпті, «Ижмәғул үммә» үмметтің ижмәғы бар десек де болады. Екіншіден, аударма дегеніміз, түп нұсқасына шетін көзқарас кіргізуді білдірмейді. Керісінше, түп нұсқаның мәнін толық жеткізу мұрат етіледі.

Қоғамдағы бәзі біреулердің, «Құранды араб тілінде оқуды қойып, қазақ тіліндегі аудармасын оқуды қолға алу керек» деген көзқарасының да дұрыс еместігін айта кету керек. Өйткені, Құ­ран күллі адамзатқа тура жолды нұсқау үшін түсірілген кітап болғандықтан, араб тілін білмеген бір халыққа Құранның мән-мағынасы түсіндірілу мақсатында ғана өзге тілге аударуға рұхсат етілген. Алайда, Құран әрдайым араб тілінде оқылады. Түп нұсқа ретінде араб тілінде қала бермек. Сондай-ақ, бүгінде «Құран кәрiмнің» қазақ тiлiне аударылған ондай нұсқасы бар. Яғни, Қазақ халқының зиялылары да Құранның мән-мағынасын түсіндіру үшін ұзақ жылдардан берi ізденістер жасап келе жатыр деген сөз.

Қасиетті Құрандағы: «Оны (Құранды) таза (дәреті) болғандар ғана ұстайды» (Уақиға сүресі, 79-аят) деген аятқа да тоқтала кеткен жөн. Сондай-ақ, бұл жерде Құранның аудармасын да дәретпен ұстау шарт ба? деген сұрақ туындайды. Жоғарыда, «Аудармада түп нұсқаның мәнін толық жеткізу көзделеді» дегеніміздей, Құранның аудармасын да дәретсіз ұстауға болмайды. Әли Жұмға, «Діннің жеңілдігі негізінде Құран оқығысы келіп судың суықтығы немесе басқа себептер салдарынан дәрет алуға қиындық тудырса, дәретсіз Құран оқуы дұрыс» десе, Фақиһ ғалымдар да Құранның сырты қатты қабпен қапталған болса, дәретсіз ұстауға болады деген. Демек, Құранның аудармасын да осы шарттар негізінде дәретсіз ұстауға, оқуға болады. Сондай-ақ, Құранды компьютерден, телофоннан оқуды да Құранды қатты қабымен ұстап оқығанға ұқсатуға болады.

Қорыта айтар болсақ, Құран араб тілінде түскен. Араб тілі Құранның ажырамас бір сипаты есептеледі. Құранның өзге тілге аударылуы белгілі бір қажеттіліктен туындаған. Яғни, араб тілін білмеген бір халықққа Құранның мән-мағынасын түсіндіру көзделген. Сонымен қатар аудармадағы басты шарт, түп нұсқаның негізгі мәнінен ауытқымау болғандықтан, қасиетті Құран мен Құран аудармасының үкімі бірдей. Құранға қандай сый-құрмет көрсетілсе, аудармасына да сондай сый-құрмет көрсетілу керек.

материал «Үкім аяттардың тәпсірі» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: